Жетісу – жер жаннаты

Сұлулығымен тамсандырған, ақындардың жырына арқау болып, талайларға ән салдырған киелі Жетісуды сөзбен суреттеп жеткізу мүмкін емес. Табиғаттың барлық сұлулығын өз бойына жинап алған Жетісудың өзен-көлдері, тау-тастары мен жазық даласы сан мыңдаған тарихтан сыр шертеді.

Жетісу... Қазақстанның оңтүстік-шығысында орналасқан, солтүстігінде Балқаш көлінен, оңтүстігінде Тянь-Шаньның қарлы шыңдарына дейін созылып жатқан осынау бір көркем  жерұйық мекенді ежелден бері жеті судың өлкесі атап кеткен. Олай деп аталуының себебі, жердің шұрайын беретін Іле, Тентек, Лепсі, Басқан, Ақсу, Қаратал, Көксу, сияқты өзендердің осы мекеннен ағып өтетіндігі.

Осындай ұлан-ғайыр алқаптың табиғаты да әртүрлі. Бұл жерде мемлекеттік қорғауға алынған жерлер де бар. Тау етегінің ауасы ылғалды, салқын болса, енді бір жерлерде көк майсаға бай, кішкентай өзендер мен тау бұлақтары көп, егін егіп, мал жаюға өте қолайлы жерлер де кездеседі.

Жетісу жайлы сөз қозғасақ, оның ерекше табиғаты жайлы айтпай өту мүмкін емес. Жетісу – көне мәдениеттің ордасы, өлкенің тарихы ғасырлар қойнауына сүңгіп жатыр, мұның айқын дәлелі – ежелгі ескерткіштер мен археологиялық жәдігерлер. Жетісуды мекендеген ежелгі Сақ, Үйсін, Қаңлы тайпаларынан бізге қалған баға жетпес мұра – Тамғалы тас. Тамғалы петроглифтері асқан құнды адамзат мұрасы ретінде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мұралар тізіміне енгізілген. Тастарда VIII-IX ғасырларда қыпшақтардың жазбаларымен қатар Будда құдайларының бейнелеріқашалып салынған. Табиғаты жайлы Жетісу өңірінің ең көрікті мекендерінің бірі – Іле өзенінің жағалауы. Аспан астындағы көне мұражай болып саналатын Тамғалы Тас шатқалында балық аулап, қайықпен жүзіп, таза ауамен тыныстай аласыз.

Жетісудың тағы бір тамаша жері – Шарын шатқалы. Ол жайлы естімеген адам аз шығар. Бұл шатқалдардың 12 миллион жылдан астам тарихы бар. Қайыңды көлі де Жетісудың бетке ұстар табиғи байлығы. Бір ғасыр бұрын үлкен көшкіннің нәтижесінде пайда болған. Суға батқан кемелер секілді сюрреалистік көрініс беретін Қайыңды көл Жетісудің мақтанышы. Көпшілік «Солтүстік Тянь-Шаньның маржандары» деп атайтын Көлсай көлдері Жетісудің баға жетпес байлығы. «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық саябағында жоғары сатыдағы өсімдіктердің 500–ден астам түрі, сүтқоректілердің 30 түрі, құстардың шамамен 150 түрі кездеседі. Көлсай өзені аңғарындағы әйгілі көлдер каскады, сонымен қатар Қайыңды көлі айырықша көз тартады. Көлсайдың ауа-райы жағдайы демалу және сауықтыру үшін ыңғайлы, оған сәйкес қысы жұмсақ, ауасы таза, қысқы демалыс түрлері үшін қолайлы. Көлсай көлдеріне жаяу және атты маршруттармен баруға болады.

Егер сізді Жетісудың табиғаты, орналасқан жері,тарихы немесе басқа сұрақтар қызықтыратын болса, біздің кітапханаға келіңіздер. Кітапхана қорынан осы тақырыптарға қатысты кітаптарды, көркем суретті фотоальбомдар мен тағы да басқа материалдарды алып оқи аласыздар. Соның бірнешеуін атап көрсетіп кетсем:

  • Қазақстанның қорықтары мен ұлттық бақтары. – Алматы: Алматыкітап, 2006. – 284 б.
  • Қазақстан табиғаты: ландшафтары, флорасы, фаунасы, климаты, қорықтары, ұлттық саябақтары. – Алматы: Мектеп, 2010. – 292 б.
  • Жетісу – жер жаннаты: фотоальбом. – Алматы: Мектеп, 2013. – 219 б.
  • Железняков, Б. Таңбалы: жартастағы сурет өнері ескерткіші, төңірегі, табиғаты, қорық-мұражайы. – Алматы: БПКА, 2016. – 240 б.

Сондай-ақ, Жетісудың табиғаты туралы https://www.youtube.com/watch?v=ehlLztLYkvs және https://www.youtube.com/watch?v=PDOGa-p6qDU сілтемелерінен көре аласыздар.

Жетісудің көрікті жерлері туралы таңды-таңға ұрып баяндай беруге болады. Алайда мүмкіндігіңіз болса ең болмаса бір рет өз көзіңізбен көргеніңізге не жетсін!? Уақыт тауып Жетісу өңіріне саяхаттаңыз!

Серікжанова А., оқу залдары бөлімі