Тымаққа салу салты

Әдетте шала туған сәбиді  тымаққа салып, осылай өсіретін ғұрып бар. Себебі шала туған сәби ұстауға, бесікке салуға келмейді, тымақ жылы, әрі бөлеуге ыңғайлы. Бала күнімнен тымаққа салып өсірген деген сөзді естуші едім әжемнен. Оның өзіндік үлкен пайдасы, сыры бар екенін түсіндім. Сәби неше күн ерте дүниеге келсе, сонша күн әр кереге басына ілген екен. Күні толған кезде, балаға барлық рәсім жасалған. Айталық, ат қою, бесікке салу, т.б. Ал егер бала қыста туса, онда үй қабырғасына бірнеше шеге қағылып ілінеді екен. Тымақ - табиғи аң терісінен жасалатын бас киімдердің бірі. Тымақ жылы әрі жұмсақ болғандықтан оның ішінде жатқан нәресте өзін ана құрсағында жатқандай сезінеді.

Сәбилер мерзімінен ерте неге дүниеге келеді деген сұрақ мазалайды... Оған себеп көп сияқты... Дегенмен, мерзімінен бұрын босануға түрткі болатын ең негізгі деген себептерді атап көрсетуге болады. Дәрігерлердің айтуынша, ең негізгілерінің бірі сыртқы факторларға, әсіресе, болашақ ана жұмысының химиялық, зиянды өндіріске қатыстылығына байланысты орын алады    Қазақ халқы бұл проблеманы ерте заманнан-ақ шешкен екен. Бала денсаулығы мен тәрбиесіне терең мән берген халқымыздың ғасырлар бойы келе жатқан салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының мәні зор. Қазақ халқында шала туған сәбиді осылай өсіретін ғұрып бар. Оның себебі шала туған сәби ұстауға, бесікке салуға келмейді, тымақ жылы, әрі бөлеуге ыңғайлы болады. Әлжуаз баланы баптауда ата-бабалар амал-әрекетін қазіргі медицина да мойындады. «Тымаққа салу» әдісін Қызылорда облысының перинаталды орталығы қолдана бастаған екен. Қызылордалықтар бұл салтты біршама өзгерткен. Бұны «28 ілмек» деген клуб бастаған.  Қайырымдылық ұйымы шала туылған нәрестелерге қажетті тоқыма бұйымдарын әзірлеп, тоқыма киімдердің шала туған балалардың өсіп-жетілуіне пайдасы зор екенін ақ халаттылар медициналық тұрғыда дәлелденгенін айтады. Иә, медицина ғалымдарын осындай дәстүрімен мойындатқан қазақ халқының данышпандығына еріксіз таңғаласың. Жер-жерлерде заманауи технологиямен қатар ата дәстүрді де жаңғырту арқылы сәбилеріміздің жетілуіне жағдай жасалып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Осы салтқа байланысты қосымша ақпаратты «Дәстүр» журналынан оқи аласыздар.

Кульманамбетова Гульжазира, мерзімді басылымдармен жұмыс бойынша секторы кітапханашы.