Бесікке салу салты

Біздің ардақты аналарымыз «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» ғой. Осымен қатар қазақ халқында «Бесіксіз үйде береке жоқ» деген сөз де бар. Және де бабаларымыздың «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», «Тәрбие – тал бесіктен басталады» деп келешек ұрпаққа аманат етіп, айтып кеткен сөздері де бар. Қазақ халқының бесікті қадірлейтін соншалықты,  атасы жатқан бесік немере, шөбере, шөпшегіне дейін қастерлі мүлкі ретінде сақталып, сол бесікке бөленіп, сол бесіктен ер жетеді. Яғни, бесік атадан балаға беріліп отырған. Тіпті, қазақ халқының өзінің кіндік қаны тамған жерін «Туған жерім – алтын бесігім» деп атайды. Бесік тұрмыстық бұйым ғана емес, сонымен қатар, дені сау, саналы ұрпақ өсірудің маңызды мұрасы. Халқымыз қастерлеген бесіктің, ең алдымен, баланың тазалығына, аяқ қолы мен денесінің түзу болып қалыптасуына тигізер пайдасы зор. Көбінесе, қазақтар бесікті қарағай, қайыңнан, тіпті, талдан да иіп жасаған. Осылай жасалған бесіктер әрі жеңіл, әрі берік, көшіп-қонуға өте қолайлы болған. Толығырақ бесікке салу туралы «Дәстүр» ұлттық-этнографиялық журналының 2014 жылғы №3 санынан оқи аласыздар.

        Адам баласының тіршілігі, ғұмыры тал бесіктен басталады. Абай айтпақшы:

       «Туғанда дүние есігін ашады өлең,

        Өлеңмен жер қойнына кірер денең...».

Бесікте жатқанда бойыңа сіңген жүрегіне құйылған ананың үні жаныңды өмір бойы әлдилеп өтеді. Бесікте дарыған қасиет – келешегінің негізі.

Бесікке салу — баланы алғаш рет бесікке бөлегенде жасалатын қазақтың өте тамаша дәстүрлерінің бірі. Бесікті баланың алтын ұясы деп де атайды, сондықтан бесік ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып беріліп отырады. Егер де баласы әкесінің жатқан бесігіне бөленсе, тіпті үлкен сәттілікке балайды. Бесікке салу дәстүрі — жас отбасының өміріндегі ең маңыздылардың қатарында, сондықтан да оны жақсылап тойлап өткізеді! Сол күні кең дастархан жайып, көп қонақтарды шақырады. Ал баланы тікелей бесікке бөлеп салу сияқты құрметті де жауапты істі бір емес бірнеше буынды өсіріп-баққан өте сыйлы кейуанаға тапсырады. Баланы бесікке бөлеген соң, дәстүрлі түрде бесікке баламен бірге әрқайсысының өз мәні болатындай әртүрлі жеті затты бірге салады. Мәселен, бай да табысты болуы үшін тиын салу керек, ал сұлу болып өсуі үшін айнаны немесе тарақты бірге жастайды. Баланы бесікке бөлеу туралы Алматы баспасы, 2002 жылғы  «Қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрі» кітабынан алынды.  Осы кітаптан толық мағлұмат алуға кеңес беремін. Бұрындары, нәресте тыныш ұйықтап, түнде шошымауы үшін оны әлпештеп бөлеп барып бесік жырымен ұйықтатқан. Бірақ та қазіргі заманның аналарында сенімді көмекшілер пайда болды— бірегей сіңіретін арналары бар, жөргектегі ылғалды біркелкі таратып, 12 сағатқа дейін баланың құрғақтығын қамтамасыз ететін Pampers бар.

Сәби қырқынан шығарда ширайды. Баланы бесікке салғанда бауырмал қазаққа елді жиып, батасын алмау бас білмейтін жөнсіздік болып көрінге.  Бесікке дейін бала жөргекте болады. Бәйбіше бөлеп болған соң бесіктің арқалығына тақуа тақсырларға тұмар жаздырып байлайды. Бала бесікте омыраудан шыққанша жатады. Сәби омыраудан бір жарым, екі жылсыз шықпауы керек. Және бір ескеретін жайт баланы дәретсіз емізуге болмайды! Бала бір күні бесікті қозғай бастайды. Бұл шамада ол бесіктен шығарылады. Бесікті келешек ұрпақ тезірек келсін деп, іші-сыртын сүртіп, буып, түйіп, таза, биік жерге қояды. Кейде баланы қырқынан шығармай шілдехананың артын ала бөлеп жібереді. Мұндай жағдайда бесікке бөлеу шілдеханамен бірге өтеді. Бесікке салған күні ат қояды. Молда: азан шақырып, «Сенің атың пәленше»- деп, бөбектің екі құлағына кезек айғайлайды. Бесікке бөлеген бәйбішеге де, молдаға да кәде беріледі. Кәде ат та, ақша да бола береді. Жаңағы көп балалы бәйбішенің құрметке бөленгенін көрген жас қыздар «бәлем, баланы асырып туып құрметімді, даңқымды бұ кісіден ары асырмасам ба» деп, тез күйеуге шыққанын армандап, дәмеленіп қалады. Жиылған кісілер ілтипатпен сұқбатқа отырады. Үлкендер дін жайынан, тектілік жайынан, бұрынғы өткен әулиелер, батырлар жөнінде сөз қозғайды.

Кульманамбетова Гульжазира, мерзімді басылымдармен жұмыс бойынша секторы кітапханашы.