Сән әлеміне саяхат

Сән (франц. Moda, лат: modus – өлшем) – киім кию мәдениеті, өмірдің әр түрлі сферасында жеке талғамның уақытша үстемдік етуі. Ал, енді стиль ұғымына келетін болсақ, стиль (лат: Stylus) – мәнер, сипат, ерекшелік дегенді білдіреді. Әр адамның өзіндік киіну жеке стилі болады. «Адам көркі – шүберек» - демекші, әр адамның  талғаммен киініп, әдемі киініп жүргенін дұрыс деп санаймын. Киімде бірнеше: классикалық, спорттық,  романтикалық, және фольклорлық стильдер болады.

Классикалық стиль – келісті, іскерлі, элегантты салыстырмалы түрде тұрақты, сән әлеміндегі өзгерістерге онша беріле бермейтін киім түрлері кіреді.

Классикалық стиль:

  • Қимылға кедергі келтірмейді, ыңғайлы;
  • Нәзік реңкті немесе ұсақ суретті жоғары сапалы мата;
  • Орташа өкшелі немесе өкшесіз жайпақ аяқ-киімдер.

Ерлердің классикалық киімдеріне – костюм шалбар, жакет – костюм, ағылшын пальтосы,  плащ т.б. Ал, әйелдердің классикалық киіміне – жеңді көйлек жакетімен, белдемше, блузка, шабар мен жакет – жейде кіреді. Негізінде, дұрыс ойланып жасалған іс ешқашан құнын жоймайды.

Спорттық стиль – демалыста, спортпен айналысқанда, саяхатқа шыққанда киюге ыңғайлы киімдер. Жалпы спорттық стильдегі киімдерде адам өзін еркін және ыңғайлы сезінеді.

Романтикалық стиль – әдемілік, ерекшелік, сүйкімділік, нәзіктікті тыс бөліп көрсетеді.

Фольклорлық стиль – ұлттық сипаттағы осы заманғы киімдер. Бұл стильде ұлттық ою - өрнектер, кестелер, қол жұмысының көптеген элементтері кеңінен қолданылады.

Біздің кітапхана қорында сәнгерлік, қолөнер, бейнелеу өнеріне қатысты кітаптар баршылық.

Атап айтар болсақ: Қ. Әмірғазин «Қазақтың қолөнері», Г. Мәуленова «Дизайнерлерге арналған практикум», Р. Шойбеков «Қазақ зергерлік өнері», С. Жұмағали «Нұрәсем», С. Асанова «Сымбат», «Қазақтың ұлттық киімдері» т.б.

Қазақстанның қазіргі сәнгерлері (модельер) ұлттық киімдердің дәстүрлерін күн сайын жаңартып, дамытуда. Қорыта келгенде, әлем әдемі болсын десеңіз, әдемілікті өзіңізден бастаңыз!

А. Құдайберген абонемент бөлімінің қызметкері