Бала тәрбиесі – үлкен бір ғылым.

Н.В.Гоголь атындағы ғылыми әмбебап кітапханасындада мерзімді басылымдар секторы бар. Сол жердегі басылымдардан «Отбасы және балабақша» деген журналды көріп отырып, осы біздер үлкендер балаға дұрыс тәрбие беріп жүрміз бе деген ой келді. Тәрбие мәселесінің қаншалықты маңызды екенін “Тәрбие – біз үшін не өмір, не өлім, не құтылу, не бақыт, не қайғы мәселесі”, — сөзінен белгілі. Қазіргі кезде тәрбие мәселесі өзінің өткірлігі жағынан еліміздегі Арал, Балқаш сияқты экологиялық проблемалардан кем емес, сондықтан тәрбие мәселесін экологиямен қатар қоюға тиіспіз деп ойлаймын. Ал бала тәрбиесінде — отбасы ең үлкен мықты тәрбие ошағы. Баланың адамдық қасиеттері мен әдептілігі, оның болашақта қандай адам болуы өзі туылған отбасында алған тәлім-тәрбиесі мен ондағы қарым-қатынасқа байланысты. Өйткені ата-ана — басты ұстаз. Баланың заманына лайық азамат болып өсуі – алдымен ананың ақ сүтімен, абзал тәрбиесінің жемісі.

Отбасы – десе әр адам өзіне қатысы бар деп ойлайтыны анық жағдай. Отбасын ата – ана және бала құрайды. Оның кез – келген мүшесі бақытты да төрт құбыласы тең болуды қалайды. Бірақ сондай жағдайды жасауға біреу әрекет қылса, біреу құдай берер деп көктен күтумен уақыт оздырары белгілі жағдай.

Осыған қатсты отбасының ең басты тірегі ол — әке. «Әке» дегенде баланың көзіне үлкен қорған елестеуі керек, ал қазіргі нарық заманында сол қорған құлаудың аз – ақ алдында тұр десе болады. Бала есі кіре бастағаннан – ақ «Анам, әкем менің,  менің анам. Анам бәрінен де күшті, ол бәрін біледі» деген оймен өседі. Сәбидің ойынша, өз ата – анасынан асқан білгір, данышпан, оған қорған болар адам жоқ. Осы бала санасындағы ойлар біртіндеп өз күшін жоя бастайды. Балада әсіресе мектеп жасына жеткеннен кейін сұрақтар көбейетіні анық, сол сұрақтың бәріне бірдей біз жауап беріп жатуды өзімізге міндет санамаймыз. «Білмеймін» деген жауап қайтаруды жиілетеміз. Ал, күні бүгінге дейін ең білгір, ең ақылды адам деген ата – анасы білмеймін деп жауап бергенде, бала не ойлауы мүмкін. Әрине «олар білмегенді мен қайдан білемін» немесе «осыны білмеген менің ата –анамда ел қатарлы күн көріп жатыр ғой, маған да соны білудің қажеті бола қоймас» деп ойлайды. Осы «Білмейміннен» кейін баланың да даму қарқынына нүкте қойылары хақ.

Бала тәрбиесі ол — үлкен бір ғылым. Бір отбасында жалғыз бала болса да, 6-7 бала болса да балаға берілген тәрбиеде кемшілік болып жатады. Дана халқымыз бала тәрбиесіне көп көңіл бөлген, қазіргі уақытта ол күндердің әдебін көру көп жағдайда мүмкін болмай отыр. Ең әуелі олар баланың алдындағы өз міндетін біліп, сол міндетті жеткілікті дәрежеде орындауы тиіс. Ол дегеніміз, байлық пен барлық қана емес, балаға рухани байлық керек. Жақсы мен жаманды ажырата білгені жөн. Өмірдің мәні тек ақша мен байлық деген ойдан баланы аулақ салу қажет. Адами қасиетті бала бойына дарыта білу кез – келгеніміздің қолымыздан келе бермейді. Тіршілік қамымен жүріп балаға мүлдем көңіл бөлмейтін де, өз машақатымен айналысып балаға тәрбиенің керек екенін ұғынбайтын да, тәрбиеде ең бастысы тәртіп деп балаға тым қатал қарайтын да, қазіргі балаға қатты айтуға болмайды деп баланың ыңғайымен жүретін де, менің жиған – тергенім балама жетеді деп қалтаға сенетін де, басқа жұрт не десе о десін менің балам ең тәуір бала деп баланы жақтап отыратын ата – ана да жоқ емес Демек, бала мен ата – ана арасында өте тығыз байланыс жүру керек. «Баланы жастан» деген, бала тәрбиесі бесікте жатқаннан басталу керек. Бала жылады деп көп көтерсе ол соған дағдыланады. Мезгілсіз мекенсіз тамақ берсе соған да үйренеді. Бесікке байласа жылай береді деп бесіктен жиі босата берсе, нәресте бесіктен мүдем шығып алады. Осылайша бала бесіктен белі шықпай жатып өз дегенін жасатуға дағдыланады. Осындай көптеген бала тәрбиесіне байланысты мен жоғарыда атаған журналдарды оқуға кеңес беремін! Баланы бақытқа бөлейтін ол  ана мейірі мен әкенің қатқыл қабағы.

Күлмағамбетова Гүлжазира, мерзімді басылымдармен жұмыс бойынша секторы кітапханашы.