Ғасырлардан жеткен үн

Қоспақов З. Ғасырлардан жеткен үн: [жинақ] / Қоспақов З. - Алматы : Қазақ энциклопедиясы, 2017. - 237 б.

«Ән тынса, шіркін көңіл ариды екен, ән туса, жүрек сыйға жариды екен», - деп ақын жырлағандай, халықтың кәсіби әнші-композиторлар әндері адам сезімін оятып, ойын қозғайтын, жанына әсер ете алатын эстетикалық қасиетімен ерекшеленеді. Сондай озық ән үлгілері заманалар көшінде сан қилы талқыға түсіп, неше буын ұрпақтың  қолынан өтсе де, қаз-қалпынан айнымай, әлі күнге дейін өмір сүріп келеді. Қай ғасырда болмасын аса маңызды оқиғалар ен тарихи ұмытылмас сәттерді кейінгі ұрпаққа айғақ еткен – ән әуезі. Ән – қоғамның тыныс – тіршілігіне дер уақытында үн қосатын бұқаралық құралдың бірі, рухани қазынамыздың шежіресі. Әнде халықтың басынан кешірген тарихы тайға таңба басқандай анық көрінеді. Қазақтың әні мен күйлері халықтың тарихи-әлеуметтік, саяси-қоғамдық өмірімен тұрмыс салт – дәстүрімен тікелей байланысты.

Көпғасырлық қазақ халқының дәстүрлі музыкасы оның тарихымен, өмірімен тығыз байланыста болып, елдің тұрмысын, ой-арманын, болашаққа деген үмітін баяндады. Яғни, көшпенділердің ұлттық менталитетінің айнасы ретінде қалыптасып, олардың рухани байлығына айналды. Музыка өнері өзінің жанрлық, тақырыптық, көркемдік сипатымен қазақ жерінде болған көптеген орыс және батыс еуропалық саяхатшыларды, ғалымдарды, этнографтарды, ориенталистерді таңқалдырғаны белгілі. Ал, сол музыкалық мәдениетімізді, оны орындаушыларды, насихаттаушыларды және ұрпақтар жалғасуын тарихи, теориялық тұрғыдан зерттейтін Отандық музыкатану мектебі осы кезде зор табыстарға жетті. Атап айтсақ, А.В. Затаевичтен бастап, оның жолын жалғастырып, дамытқан А.Жұбанов, Б.Ерзакович және олардың көптеген шәкірттері – өнертану докторы мен кандидаттары. Соңғылардың ішінде ерекше көзге түсетін, белгілі фольклортанушы, ұсынылып отырған жинақтың авторы З.Қоспақов еді.

Жинақта Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса және басқада халықтың кәсіпқой әнші-композиторларының таңдаулы әндері орын алды. Мұнда, бұрынғы басылымдарға енбеген әндермен қатар ән мәтіндері жинақталған.

Ән әлеміне әлдилеген бұл жинақ өнерсүйер оқырманды баурап алары сөзсіз. Келіңіздер, қаламгердің шығармашылығымен таныс болыңыздар!

Өнер туралы әдебиеттер бөлімі Сіздерді асыға күтеді! Келіңіздер! Оқыңыздар!