Төрехан Майбастың жаңа кітаптары

Қадірлі оқырман!

Сөз қадірін білген ел сөз құдіретін де біледі дейді. Ал, сөз құдіретін біз кітап құдіреті арқылы білеміз. Адамзаттың ең ұлы жаңалығы – кітап. Түбі төрткүл дүние кітапқа жүгінеді. Өткен күн, бүгініміз бен болашағымыз – бәрі кітапта.

Белгілі қаламгер, қаламы қарымды журналист, шежіреші, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Төрехан Майбас өзінің жаңа кітаптарын кітапхана қорына сыйға тартты.

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Төрехан Майбас «Кенді өлке» (1991), «Көкбөрі Керней дейтін елміз» (2005), «Елқұжат», (2006), «Абадан» (2007), «Айбар» (2007), «Бояуы қанық ғұмыр» (2007), «Оныншы ауыл» (2007), «Тағылым» (2008), «Кәмали» (2008), «Шікіл» (2008), «Үшінші ауыл» (2008), «Портреттер» (2013), «Көкбөрі Керней дейтін елміз», «Айбөкен» (2011), «Айбөкен» (2014), «Аңсар», «Хан Тәңірі» (2016) кітаптарының авторы.

Өзіндік жазу машығын қалыптастырған қаламгер Төрехан Әкімжанұлының сыйлыққа ұсынған жаңа туындыларына аздап жекелей тоқтап айтар болсақ, шығарма Арқа төрінде орын тепкен Ақадыр кентінің 80 жылдығына арналған.

Алматы қаласы «Palitra-Press» баспасынан жарық көрген «Алтын қоңырау» кітабы Ақадыр кентіндегі Алаш арыстарының бірі – Әлімхан Ермеков атындағы қазақ орта мектебіне арналған. Кітап мектептің көне тарихымен,  ұлағатты ұстаздары және еліміздің мақтанышына айналған, халық қалаулысы болып жүрген шәкірттерімен ерекшеленеді.

«Ақшам» атты жаңа туындысы Ақадырдың 80 жылдық мерейтойына арналған. Кітапқа халқына тұлға бола білген, талайлы тағдыр талқысында көшелік танытқан, еліме болсыншы деген ақадырлық бірқатар ақиық азаматтарының портреттері топтастырылған.

  

Сонымен бірге Т.Майбастың құрастыруымен жарық көрген «Жасын ғұмыр» кітабы. Бұл зерде кітабы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің сапында оның қысқа мерзім ішінде қалыптасып, дамуына айтарлықтай өзіндік үлесін қосқан. ҚР Қарулы Күштерін реформалауда жас та болса көшелік танытқан көрнекті қолбасшы, әскери қайраткер, генерал-лейтенат, баржоғы толық қырық бес жас та жасамаған Мәлік Мұхамеджанұлы Сапаровтың азаматтық кескін-келбеті ет жақындарының, әріптестерінің, замандастарының естеліктері, дәйектемелері негізінде шынайы суреттелген.

Жаңа туындылар көпшілік оқырманға арналған.

Өлке тарихын танығысы келген оқырмандар мен мамандар үшін тамаша еңбек!

Оқып, ордалы ойдың омартасынан тояттаудан қапы қалмаңыздар.

Кітапханаға асығыңыздар!