Тарих толқынында

Осынау кeң байтақ Ұлы Даланың көгінде халқымыздың бақ жұлдызы болып Жаңа Қазақстан дүниеге келді. Біздің Қазақстанымыз – ұлы істердің ұйытқысы болған Ұлы Дала Елі!

Н.Ә. Назарбаев

Сүйікті оқырмандар, мен сіздерге «Ұлы Дала Елі» айдарын ұсынбақпын. Бұл айдар қазақ елінің тарихы, әдебиеті, мәдениеті, салт-дәстүрімен қатар, спорт тақырыптарын да қамтиды.

Мақсаты, ұлан байтақ қазақ жерінде болған тарихи оқиғаларды Тәуелсіз ел ұрпақтарына дәріптеу.

Олай болса, бүгін бірінші тақырып бойынша сөз қозғамақпын.  Қазақтың төл тарихын білу әрбір қазақ баласының парызы.

Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталып, көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Ұлы даланың тарихи сәттеріне куә болып жатқанымыз ең алдымен қайсарлық танытқан ата – баба ерлігінің арқасы.

Халықтың тарихи жадын сақтамайынша ұлтты қалыптастырып дамыту мүмкін емес, ал  тарихи өткен жолымыздың елеулі кезеңі қашан да, қайда да ұлттық мемлекеттіліктің пайда болған уақыты болып табылады. Қазақтың сана – сезімі өткендегі, қазіргі және болашақтағы – тарихтың толқынында өзінің ұлттық «МЕН» дегізерлік қасиетін түсінуге енді ғана мүмкіндік алып отыр.

Қазіргі Қазақстан әлем сахнасында мақтанарлықтай беделге ие. Жас мемлекетіміз аз ғана уақыттың ішінде көптеген экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді. Еліміздің аяғынан нық тұруы, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экономикамыздың жедел қарқынмен дамуы – қазіргі таңда негізгі стратегиялық бағыттардың бойынша жүзеге асырылуда. Бүгінгі Қазақстан – тек өзі орналасқан аймақта ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын ел. Айта берсек Тәуелсіздіктің 26 жылында жеткен еліміздің жетістігі өте көп. Дегенмен, бұл жетістіктерге жетуде еліміз көп қиыншылықты көргенін ұмытпағанымыз жөн. Өз басым тәуелсіздіктен кейін туылған буынның өкілі бола тұра, бұл Егемендіктің қандай жолмен келгенін тарих беттерінен білемін.

Біздің Ел тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап, дүниежүзілік қоғамдастықтың белсенді мүшесі екенін жан-жақты дәлелдеді. Абайдың 150 жылдығы «ЮНЕСКО» шеңберінде тойланды. БҰҰ шеңберінде 2002 жылы Алматыда, яғни тұңғыш рет Азия құрлығында 24 мемлекеттің басшысын біріктіріп, кеңес өткізді. «Шанхай ынтымақтастық ұйымын» құрудың негізгі ұйытқысы, алғашқы ұсыныс жасаумен танылды. Одан әрі, 2003 жылы Астанада тұңғыш рет әлемдік діндер жетекшілерінің съезін өткізумен тарихта аты жазылды. 2010 жылы Европадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына мүше болды. Сондай-ақ, 2017 жылы әлем назарын аударған ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі Елордамыз Астана қаласында жоғары деңгейде өткізілді.

Қазір біз өркендеудің жаңа жолына, әлеуметтік дамудың жаңа кезеңіне бет алдық. «Рухани жаңғыру» аясында тарихымызды саралап, жандандыру мақсатында жұмыстар жүргізіп жатырмыз.

Сондай-ақ, кітапхана қорындағы төменде көрсетілген кітаптар арқылы құнды ақпараттар ала аласыздар:

  • Кан, Г.В. Ұлы дала тарихы: альбом / Г.В. Кан, Е.Л. Тогжанов. – Алматы: ҚазАқпарат, 2016. – 329 б.
  • Әминов, Т.М. Әминов Қазақстан тарихы [Мәтін] :  [оқу құралы] / Т.М.– Алматы: Бастау, 2016. – 448 б.
  • Ұлы даланың қорғаушылары [Мәтін] = Хранители Великой степи = A country of Great steppe : сурет. - Алматы: Тау-Кайнар, 2016. - 309 б.
  • Аяған, Б.  Қазақстанның қазіргі заман тарихы (1991-2014) [Мәтін] : [ғылыми-танымдық басылым] / Б. Аяған, Ә. Ауанасова, А. Сүлейменов. - Алматы : Атамұра, 2014. - 334 б.
  • Тәуелсіз Қазақстан: күннен күнге [Текст] : оқиғалар хроникасы  / Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Мемлекет тарихы институты; ред. Б. Ғ. Аяған. - Алматы: Раритет, 2011. – 320 б.

Қорыта айтқанда, тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр. Тарих біздің өмірлік бағытымыз. Ал, тарихты толықтай білу үшін көп оқу керек. Олай болса, құрметті оқырмандар, тарихи кітаптар өз оқырмандарын күтуде. Келіңіздер! Оқыңыздар! Біліңіздер!

Серікжанова А. сектор басшысы