Қыз бала – ұлттың ұяты

Адам адамға қарап, ағаш ағашқа қарап өседі деп білген халқымыз: Қызым жақсы болсын десең – қылықтылармен ауыл бол» дейтін халық даналығын берік ұстанып, қыз балаларды ес біліп, етек жаба бастаған кезде – ақ өнерлі, текті, тәрбиелі, адамгершілігі жоғары кісілермен барыс-келіс, алыс-беріс жасап, олармен көрші отыруға ,бірге жүруге құлшынған, әрі  ресми  тәрбие жүргізе бастаған.

Қазақ халқы қыз баланың қадір-қасиеті мен қылығы ұлттың ұлылығын танытады деп халықтық болмыспен астастырған. Сондықтан қыздың тәрбиесіне ерекше мән беріп, сол тәрбиені қалыптастырудың жолына барлық игі жақсылықты топтастырған. Қазақ қауымында қыз баланың орны айрықша болған. Ата-бабаларымыз қызды қонақ деп есептеп, барған жерде бағының ашылуын үйде отырып қамдаған. Барынша  ізетті, сыпайы, мейірімді де ісмер, қылықты да қырмызы болуын үнемі қадағалап отырған. «Қыз - өріс, ұл - қоныс» деп білгендіктен, өрісін кеңейтер қыз балаға айрықша көңіл бөлген. «Қыз мінезді келсін, ұл өнерлі келсін» дей отырып, «қызға қырық үйден тыйым» жасайды. Ата-ана қызынан ешнәрсе аямайды. Оның еш нәрседен мұқтажсыз болуын қадағалайды. Өйткені «қызға бергенді қызыр өтейді» деп біледі. Сонымен бірге халқымыз қызды бетімен де жібермейді. Жағадағы құндыздай күтіп, баянды отанын тапқанда жауапты екендіктерін еш ұмытпаған. Өзінің отбасында керекті тәрбиенің бәрін көріп өскен қыз бала мінезді, қылықты, парасатты, пайымды болып өскен.

«Қызды күте алмаған күң етеді, жібекті түте алмаған жүн етеді» деген сөзді бабаларымыз қызды дұрыс тәрбиелей алмаған ата-анаға қаратып айтқан. Қыздарымыздың асыл қасиеті, жан дүниесі нәзік, адал махаббат иесі болғандығын,байлыққа қызықпағандығын жыр дастандардан білеміз. Қазақ қызы махаббат  атты асыл сезімді айрықша бағалаған.

Қазіргі қоғамда қыздарымыз ар-ұяттан, ұлттық генетикалық, этникалық дара қасиеттерінен айырылып бара жатқан жоқ па деп алаңдауға негіз бар. Қыз бен ұлға өз ерекшеліктеріне қарай даралап тәрбие беру – қазақтың қанында ежелден бар қасиет.

Халқымыз қыз баланы болашақ ана, ұлттың ұйтқысы ретінде тәрбиелеуде осалдық танытқан емес.

Атам заманнан келе жатқан салт-дәстүрдің қуанышы мол, қызықтысы - ұлын ұяға қондыру,қызын қияға ұшыру, бір сөзбен айтқанда қыз ұзатып, келін түсіру болған. Қыз - әлемнің көркі әрі ұрпақ көбейтуші. Қыз баланың тәрбиесін ұлттық болмыстың барлық іргетасымен астастыратын халықтық қағиданы бүгінгі таңда біз де берік  ұстануымыз қажет.

Қыз тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қараған абзал. Болашақ ұрпақтың рухани несібесі - бүгінгі қыздарымыздың қолында екенін мойындайық. Қыздарымыздың әдемі, әдепті, білімді, білікті адам болуы үшін қолымыздан келгенінің бәрін жасауға тиіспіз.Ұрпақ тәрбиесіне бейжай қарамайтын оқырман өздеріңізді толғандырған мәселе, қызбала тәрбиесіне байланысты материалдарды кітапхананың мерзімді басылымдар секторындағы «Отбасым» журналының 2016 жылғы №1/2 санындағы Н.А. Сәндібаеваның «От басың ошақ қасың – құт берекең» атты мақаласынан, 2017 жылғы №4/5 саныныдағы «Төркіндеу», «Үкілім-ай»  журналының 2017 жылғы №2 санындағы  «Ет бұзылса тұз себеді, қыз бұзылса ше?» мақалаларынан, «Тәрбие құралы» журналы мен «Ана тілі» газеті  беттерінен тауып,оқи аласыздар.

Мерзімді басылымдар секторы Айтбаева Карима