Өшпес ерлікке – мәңгі тағзым

Биыл Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес әскерінің Фашистік Германияны жеңгеніне 73 жыл. Күннен күнге арамыздан келмес сапарға кетіп жатқан ардагерлеріміз үшін бұл мейрам сонау отты жылдарды еріксіз есіне түсіретін қасіретке толы күн деуге де болады. «Елу жылда – ел жаңа» деген даналық бар. Дегенмен, ел тарихы ешқашан өшпек емес. Тарихыңды білмей, кемел келешекке сену мүмкін емес. Сондықтан ақпараттанған заманда алаңсыз ғұмыр кешіп жатқан ұрпақтың бойынан елжандылық, адамгершілік, имандылық қасиеттері табылса екен деймін.

Қазақ елі талай тар жол тайғақ кешті. Тарих беттерін парақтасақ, халықтың қиын қыстау кезеңдерді бастан өткергенін көреміз. Алысқа бармай, сонау 77 жыл бұрын оты бұрқ ете қалған Ұлы Отан соғысының қасіретін миллиондаған адам тартты. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға шейін зұлмат соғыстың зардабын шекті. Кеңес әскерінің жеңіске жетуі үшін тек әскерилер ғана емес, тылдың тауқыметін тартқандар да үлкен үлес қосты. Ана баласын, бала әкесін, жас келіншектер күйеулерін от пен оқтың ортасына аттандырды. Өздері қақаған суық пен аптаған ыстықта күн демей, түн демей еңбек етті. Балалардың бал шақтары астық алқабында аш-жалаңаш күндермен өтсе, аналардың жанарларынан жас кетпеді, жүректерінде күдік пен үміт болды. Ұлтарақтай жер үшін ұлын берді. Жеңіс үшін батырлар жанын шүберекке түйіп, қан майдан даласында қаза тапты.

Осыдан кейін ата-бабаларымызға құрмет көрсетпеу адамдығымызға, азаматтығымызға сын емес пе?! Бұл мереке – жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, жеңіс жалауы желбіреген күн. Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі мен елордамыздың гүлденуі де – осынау мерекенің жемісі. Бүгінгі ұрпақ аға буын ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді. Осынау ерлікке толы күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек. Өшпес ерліктің өнегесіне айналған ата-бабалар аманатына адал болайық. Ел басына енді бұлт үйірілмесін!

ҚЖӨ ж КҰБ редактор-кітапханашы Кемельбаева Г. Т.