Арқалық батыр

Арқалық батыр: Пьесалар мен мақалалар / Құраст. Р. Нұрғалиев. – Алматы: «Өнер-21 ғасыр» қоғамдық қоры, 2017. – 384 бет.

Жұмат Шанин – қазақтың драма, опера артистерінің алғашқы буынының ұстазы.

Бүгінде Ж. Шанин мұрасы толық сақталмаса да, оның жан-жақты қызметінің ізі әлі сайрап жатыр: ең алдымен, ол негізін қалаған қазақ драма, опера театрлары бүгінде өрге шығып отыр; тұңғыш рет ол баулыған артистер бүгінде өнер ауылының ақсақалдары болып отыр; ол қойған спектакльдер әлі де сахнада, ол айтқан сын-пікірлер, режиссерлік ойлар өшкен жоқ, оның үлкенді-кішілі пьесалары әлі де ел игілігіне қызмет етіп отыр.

Кітапқа қазақ театры мен музыка өнерінің жұлдыздары атанған атақты актерлер Қалыбек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыровтың, әйгілі әншілер Әміре Қашаубаев, Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков пен Қанабек Байсейітовтің сахналық ұстазы болған, республикамыздың алғашқы халық артисі, тұңғыш режиссері, драматург, театр қайраткері, көзі тірісінде қазақтың Станиславскийі атанған Жұмат Шаниннің шығармашылық ой-қиялынан туған комедиялары, драмалары мен трагедиялары, әр кезде жазған мақалалары, сонымен қатар ол жайында өз замандастары мен кейінгі ұрпақ өкілдерінің жазған мақалалары жинақталып, қалың оқырманға ұсынылып отыр.

Қазақ сахнасына мәдениет рухын еккен Жұмат есімін бүгінгі өнер қайраткерлері зор сүйіспеншілікпен еске алады, жадында сақтайды.

Оның дарыны мен творчестволық рухани қазынасы халықтікі, тағдыры тарихтікі. Тағдырсыз тарих болмайды, үлгі-өнегесіз өнер дамымайды.

Келіңіздер, кітаппен танысып, халқымыздың тұңғыш режиссерінің өмірі мен парасатты да үлгі аларлық өнегесін өнерлі ұрпаққа дәріптейік!

Өнер туралы әдебиеттер бөлімі Сіздерді асыға күтеді!

Келіңіздер! Оқыңыздар!