Кітапханалық блог– виртуалды кеңістікте кітапхананы дамыту құралы ретінде

Кітапханалық блог – кітапхана жарнамасы мен сервисіне айналған мүмкіндіктің бірі. Блог – кітапхананы ілгері жылжыту үшін тиімді және қолжетімді құрал болып табылады.

Бүгінгі күні кітапхана блогы өзектілігінің күннен күнге артып отырғаны бәрімізге аян. Бұл алғашқы кезде сұхбат, пікір алмасу, өзің жайлы ақпарат жайғастыру құралы болды. Ендігі кезеңде кітапхана блогы қоғаммен байланыстың, кітапхана маркетингі мен жарнама қызметінің, кәсіби қызметті жан-жақты қамтитын баға жетпес құралына айналды.

Блогтар он жылдан астам бұрын пайда болғанымен, ең қызықтысы «блог» сөзі 1999 жылы сөздікке енгізілді. Сонымен  «блог» дегеніміз не? Бұл сөз ағылшынның «weblog» сөзінен пайда болған, түсінігі «желі журналы». Блог - соңғы жаңалықтарды жариялау орны, сілтемелер жиынтығы,  ой-пікір алаңы. Турасын айтқанда, блог – бұл сіз үнемі жаңа хабарламалармен толықтырып тұратын веб-сайт.

Интернет бастапқыда қандай да бір ақпаратты белгілі бір қашықтыққа жеткізу құралы ретінде жобаланған болатын. Алайда, кейін ол осы ақпаратты алу құралына айналды. Мысалы, қазіргі таңда өзіне қажетті мәліметті табу үшін студент кітапханаға келіп, кітап сөрелерін қопарып жатпайды, компьютерді қосады да, интернетті ашады және мұның алғашқыдан қолайлы екендігіне ешкім дау келтірмейді. Бір сөзбен айтқанда Интернет бірінші кезекте ақпарат көзі болып отыр. Қазіргі кезде Интернеттің бір бөлігі ретінде қарастырылып келе жатқан және кеңінен қолданыла бастаған кітапханалық блогтар, түрлі әлеуметтік желілер, медиалар. Алайда біздің пікірімізше, алынатын ақпараттары бойынша блогтар мен әлеуметтік желілердің тұтастай алғандағы Интернеттен елеулі айырмашылықтары бар.            

Егерде ресми сайт кітапхананың айнасы болса, онда блог сенімді түрде оның жүрегі деп санауға болады. Өйткені, бұл кітапханашының шығармашылық ойларын және шығармашылық үшін шексіз кеңістікті білдірудің бірегей алаңы. Егер біз twitter, wikipedia және әлеуметтік желілерді кітапханалық блогқа қосатын болсақ, онда біз кітапханалық ақпаратты жеткізуге мүмкіндік беретін бірегей медиа-платформа құра аламыз. Ал бұл дегеніміз интернет желісінде отырған балаларға, ересектерге өте тиімді, ең бастысы екі жақты диалог орнайды.

Осындай екі жақты диалогты облысымыздың кітапханалары да орнатқан болатын. Облыс кітапханаларының блогтары жайлы айтар болсақ, барлығы 24 блог жұмыс жасайды. Мысалға: Абай ОКЖ  "Читаем вместе", Осакаровска ОКЖ "Әдіскер блогы", Шахтинск ОКЖ "Библиотека рядом", Жаңаарқа ОКЖ  "Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, таңырқа" және т.б. Облыс кітапханаларының блогтарын сілтемесі бойынша көре аласыздар.

Сондай-ақ облыс кітапханашылары өз тараптарынан пайдаланушыларына еркін материалдарды қолданады, қажетті ресурстарға сілтеме жасайды, блогқа шынайы ақпараттар жазады және сындарлы ұсыныстар мен қисынды сындарға құрметпен қарайды.

Пайдаланушыларға ақпарат алудың ыңғайлы және жедел арнасы болып табылатындықтан, блогтар кітапхананы және онда істейтін мамандарды пайдаланушыларға жақындатуда. Бірақта пайдаланушыларды блогты оқуға мәжбүрлей алмаймыз, біз тек қана олардың қызығушылығын ынталандыра аламыз.  Осылайша блогтар байланыстың ең үнемді  арнасына айналды, өйткені аз ғана уақыт жұмсап мыңдаған, тіпті жүз мыңдаған адаммен байланысқа шығу мүмкіндігін туғызады.

Қазіргі кітапханалар блогына тоқталатын болсақ  бұл:

  • Пайдаланушылар алаңы, олардың көбі кітапхананың ресми сайттарынан көрі блогтарға бейім;
  • Интернетте ілгері жылжытуға арналған байланыс құралдары мен әдістерін пайдалану үшін ыңғайлы формат;
  • Кітапхананың ішкі өмірі және оның қызметкерлерінің жеке сезім әрекеті арқылы пайдаланушымен байланыс құру;
  • Кітапхана позициясын аудиторияға бейресми түрде жеткізу;
  • Жаңа идеяларды тестілеу.

Блог жасаудың қыр-сыры жайлы, кітапхана қорындағы А.О. Федоровтың  «Кітапхана блогосферасы» атты құнды кітабынан ақпараттар ала аласыздар. Аталмыш кітаптың авторы оқырман қауымға «Кітапхана блогының феномені неде?», «Блогтың қалыптасу тарихы»,  т.б. сауалдарға жауап береді.

  • Федоров, А. О. Кітапхана блогосферасы [Мәтін] : кітапхана блогының феномені неде? / А. О. Федоров ; Ресей мемлекеттік кітапханасы. - Өскемен : Медиа-Альянс, 2013. - 87 б.

Қорыта айтқанда,  кітапхана сайты, кітапхана блогы, әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану кітапхананы виртуалды кеңістікте сауатты және тиімді көрсетуге мүмкіндік беретін таптырмас құралы болып табылады. Олай болса, құрметті оқырмандар, кітапхана блогтары өз пайдаланушыларының пікірлерін күтуде. Оқыңыздар! Біліңіздер! Өз пікірлеріңізді қалдырыңыздар!

 

А.Еділбай, Облыс кітапханаларын дамыту бөлімі