Домбыра – біздің шежіре

Екі шектің бірін қатты,

 бірін сәл-пәл жай бұра,

нағыз қазақ, қазақ емес,

нағыз қазақ – домбыра!

Қазақтың ежелден келе жатқан, тіршілігімен тығыз байланысты үш дүние бар. Олар – киіз үй, ер тоқым және домбыра. Киіз үй баспана ретінде бағаланса, «Ерттеулі ат ер жігіттің қанаты», яғни ер тоқым сол қанатқа қажет бұйым. Ал домбыраның жөні ерекше. Ол – қазақ халқының рухани байлығының кілті.

«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра» демекші, домбыраның қазақ ұлтының сан-салалы, қым-қиғаштары, шұғыл бұрылыстары көп тарихындағы алатын орны бөлек.

Өнер туралы әдебиеттер бөлімінде «Нағыз қазақ - домбыра» атты кітап көрмесі өтті.

Көрменің мақсаты – ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып, көпшілік қауымға қазақтың киелі төл аспабы жайлы жан-жақты мағлұмат беру. Домбыраның шығу тарихына тоқтала отырып, көпшілікке түсінік беру, ұлтжандылыққа, дәстүрлерді  қастерлей білуге тәрбиелеу, ұйымшылдыққа, өнерге баулу. Өнер туралы әдебиеттерді насихаттап, қазақтың мәдени мұрасы туралы ақпарат беру.

Тәрбиелік мәні бар ұлттық домбыра күнінің биылғы жылы алғаш рет  Елбасымыздың жарлығы бойынша атаулы күн болып отырғаны көз қуантып, көңіл марқайтады

Аталмыш көрме шымылдығын «Домбыра-дастан» жинағы ашпақ.  Б. Сарыбаевтың «Қазақтың музыкалық аспаптары» альбомы да осы көрменің бойтұмарындай ерекше әсер калдырды.

Сонымен бірге, М. Әбуғазының «Қазақтың домбыра өнері», Ж. Нәжімеденовтің «Қоңыр үнді домбыра», К. Сахарбайқызының «Домбыраға арналған шығармалар» т.б. жинақтар көрме барысында ұсынылды.

Жыр алыбы - Жамбыл, Дина күйші, Тәттімбет және Арқа күйлері, Құрманғазы мен Сүгір т. б. көптеген күй өнерінің хас шеберлерінің құнды деректі кітаптары да оқырман қызығушылығын тудырды.

Халқымыздың рухани серігіне айналған қасиетті домбыраға арналған кітап көрмесі шілде бойы жұмыс істейді.

Құдайберген А. Е. Өнер туралы әдебиеттер бөлімі