Кітапхана кеңістігінің архитектурасы мен дизайны

Заманауи   кітапханалық кеңістік -  ол тек кітаптар мен басқа да ақпарат көздері үшін арналған кеңістік емес, бұл дегеніміз пайдаланушының ортасы, ішкі ойы, жан дүниесі, оның шығармашылық қабілетін, пайдаланушының өз ойын емін-еркін жеткізе білу ортасы. Кітапхана дизайны - кітапхана кеңістігінің көркемдігі, эстетикалық талаптарға сай етіп құрастыруды айтамыз. Дизайнның негізгі элементтері – түс, заттың сапасы, форма, көлем, т.б. Бұл туралы кездейсоқ айтып отырғанымыз жоқ... Өйткені әр кітапхананың өзіндік архитектурасы, дизайны және стилі болуы қажет.

Көптеген жылдар бойы кітапханалар өздерінің кітаптарымен мәдени құндылықтарға ие болды. Қазіргі таңда  кітапханалардың ішкі жағдайы ғана емес, сонымен қатар сыртқы келбетін де бағалайды.

Бүгінге дейін кітапхананың ішкі қабырғалары мен олардың түсіне мән берілмейтін. Өйткені кітапханаларда осы уақытқа дейін хабарландыруды көрнекті, кітап көрмесінің атын көзге түсетіндей етіп жазатын адам болса, болғаны деген ой қалыптасып келді. Алайда қазіргі таңда оқырмандарды кітапханаға тарту үшін кітапхана ғимаратының, яғни архитектурасының да атқарар рөлі зор.  Кітапхана архитектурасын өзгерту, бұл  да бір маркетингтік қадам. Бұл әдіс оқырманды кітапханаға тартады. Қызығушылықты арттыра түседі. Мысалы, Оңтүстік Кореяның Тэгу қаласындағы кітапхана.  Кітаптар жинағы сияқты  салынған кітапхана, көрген адамның бірден назарын аударады. Сол себепті кітапхана ғимараттары заманауи архитектура, жаңаша стилде, ерекше көріністе болуы керек.  

Кітапхана идеясына сәйкес кітаптар мен мұрағатты оқу үшін ғана емес, бүкіл мәдени орталықтармен қамтылса, яғни дәріс аудиториясы, балалардың бос уақыттарын өткізуге арналған бөлмелері, кафелер мен буфеттер - мұның барлығы, тіпті кітапханаларға жиі келмейтін адамдарды да кітапханаға тартатын болады.

Кітапхана дизайнына келер болсақ қазіргі таңда заманауи  жабдықтар кең қолданылуда. Әмбебап, балалар, зағип жандарға арналған әр кітапхананың өзіндік кітапханалық дизайны болады. Кітапхана жабдығының, сондай-ақ жылжымайтын, қозғауға келмейтін, кейде тіпті бір орынға мықтап бекітілген және мобильді қажетіне қарай орнын ауыстыруға болатын түрлері бар. Мысалы, көшпелі кітапхана сияқты алып жүретін витриналар; ролик типтес дөңгелектер орнатылған жылжымалы витриналар мен сөрелер, ықшам орналастырылған кітап қоймаларындағы сөрелер, кітап тасуға арналған арбалар т.б. заманауи жиһаздармен қазіргі кітапханалар жабдықталған. 

Кітапхана өз фирмалық стилін жасай отырып, өз бейнесін де жасайды. Егер қабырғалары жылы, ашық түстермен немесе бедерлі суреті бар материалмен, гүлдермен өңдесе кітапхана кеңістігі өзгеше болады. Бұл жерде ұстанатындай қатып қалған қағида жоқ, барлығы фантазия мен мүмкіндіктерге байланысты. Іс-шаралар мен әдеби кештер өткізетін залдың көркемделуі адамның көңіл-күйін көтеретіндей, ашық-жарқын фонда болуы керек. Керісінше, оқу залдарында адамның назарын аударатындай, көзге ұрып тұрған архитектуралық, түс-формалық эффектілер болмауы қажет. Ең бастысы көркемдік шешім болу керек. Бұл жерде кәсіби дизайнердің көмегі өте қажет. Оқырмандардың әр түрлі топтары болғандықтан бір-біріне кедергі жасамау мақсатында, кітапханаларда түрлі оқырмандық ортаны құру үшін заман талабына сай үстелдермен орындықтар, арнайы бұрыштар жасалған.

Жаңа архитектуралық ғимарат қаламызды жаңартады. Біздің де кітапханамыздың жаңа архитектуралық ғимаратта болғанын қалайсыз ба? Және кітапханамыздың дизайны, стилі, жабдықтары қалай орналастырылғандығы жайлы өз ұсыныстарыңыз бен пікірлеріңізді төменде қалдырсаңыздар болады.   

Қазіргі заманғы архитектура мен дизайны бойынша салынған ең үздік 10 заманауи  кітапхана ғимараттарын ұсынамыз:

Облыс кітапханаларын дамыту бөлімі - А. Қ. Еділбай