Тіл – таусылмайтын байлық, асыл қазына

Тіл қай елде болмасын қастерлі, рухани құдіретті, әрі тарихи құндылығы бар  қасиетті ұғым. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіне басты себепкер - ана тілі.  Қазіргі таңда әлемдік өркениетке қадам басу үшін қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін де жетік білу талап етілуде. Осыған орай  жас ұрпақтың білім ордаларында шет тілін меңгеру үшін білім алып жатқаны да қуантады.

Тіл - халықтың жаны, таусылмайтын байлығы, асыл қазынасы, достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс - берекенің алды. Тіл жойылса, халықтың да жер бетінен жоғалғаны.  Бүгінгі қазақ қоғамындағы тіл мәселесінің басы да өз тілін білмеуден басталады. Тілі мен дінінен айырылған жан рухани кемтарлығын, адамдық болмысын түсінбей, туған халқынан, салт - дәстүрінен, ата - анасынан қол үзеді. Қанша тіл білсең, өзгеден сонша биіксің. Дегенмен, адам баласы ең алдымен өз ана тілін меңгеруді мақсат етуі міндет. Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Ана тілі - ар өлшемі. Олай болса, тілді шұбарлау арды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау екенін естен шығармайық!

Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Қай ұлттың өкілі болмасын Қазақстанда тұрады екен, оны қасиетті де киелі  Отаным деп мойындап, оның гүлденуі үшін қызмет етуі тиіс. «Бір халықпыз, өзгелерге үлгі - өнеге көрсететін ұлтпыз. Мынау он сегіз мың ғаламның ортасынан біздің де алатын орнымыз бар» деген биік сенім, сезімде болуымыз керек. Сонымен қатар Қазақстан мемлекетінің азаматы екенімізді жан - жүрегімізбен түйсініп, болашақ ұрпаққа  Отан алдында жауапты екенін ұғындырып, тіл мәдениетін көтеріп, оның ішінде өзге тілдерге көлеңке түсірмей, тілін өркендетуге болады.

Қорыта келгенде айтарым әркімнің ана тілі тірлік үшін керек, мемлекеттік тіл бірлік үшін керек. Соны әрбір Қазақстан азаматының жүрегімен ұққаны жөн. Тіліміздің қадірін тек тіл мерекесінде ғана емес, күнделікті көтерейік!

ҚЖӨжКҰБ кітапханашысы
Г.Т. Кемельбаева