Оқу психологиясы: сән, қызығушылық және қажеттілік

Кітап - өткеннің рухы, келешектің кілті. Мәдениеттің биік шыңы. «Адам кітап оқуды қойса, ойлауды қояды»,- дейді Д.Дидро. Расында да солай. Себебі кітап - біздің сан ғасырлық тарихымыз бен тыныс-тіршілігіміздің құнды жәдігері. Оны оқып, тарихынан тәлім алмаған, асыл сөзге сусындап қанбаған жанда қандай озық ой болсын? Тамырсыз тал да өспейді емес пе?

Сондықтан да оқу деген күрделі ойлау  және ең алдымен жазбаша сөйлеуді  қабылдау  және түсіну процесі.  Кітап оқудың  күрделілігі  негізінен оның біркелкі болуына байланысты: бір жағынан, оқу - бұл тікелей сенсорлық таным процесі, ал екінші жағынан - бұл шындықтың делдалдық көрінісі.

Әр оқырманның  белгілі бір кітап  оқудағы өзіндік  талғамы, мақсаты немесе міндеті болады. Оқырмандардың қызығушылығы  әртүрлі формада (кітап, газет, журнал, электрондық мағлұматтар жəне көркем, ғылыми,т.б .) және оқырманның саналы қажеттіліктерімен байланысты болады. Оқырмандардың  қызығушылығы рухани мүдделер негізінде қалыптасады және өз кезегінде, өзінің таңдауына әсер етеді. Оқырмандардың сұранысы  оқырманның қызығушылығының көрсеткіші болып табылады. Яғни, қызығушылықтары    әртүрлі сала бойынша болуы мүмкін.  Мысалы,  әйел қауымы тақырыптары: мәдениет, өнер, әдебиет, денсаулық сақтау, махаббат және отбасылық  роман, ал  ер адамдар - өнеркәсіп, құрылыс, көлік, ғылым және саясат секілді, жартылай спорт түрлері, детектив, триллер, тарихи роман сияқты тақырыптары сұранысқа ие болып жатады.

Саяси шешімдер институты 2016 жылдың аяғында Қазақстан бойынша  социологиялық сауалнама жүргізді. Зерттеу нәтижелерін жариялаған социологтардың мәлімдеуінше, сауалнама респонденттері арасында кітап оқумен әуестенетін ерлерге қарағанда (72 %), әйелдер көп (80%). Сауалнама нәтижелеріне сәйкес, қазақстандықтар көбінесе детектив, тарихи және махаббат жайлы романдарды оқиды. Екінші орында - іскерлік және классикалық әдебиеттер,  ғылыми және анықтамалық басылымдарды. Соңғы орында - фантастика, шетел  әдебиеті, балаларға арналған кітаптар мен поэзия. Зерттеушілердің мәлімдеуінше, сарапшылардың сұрақтарына елдің 16 қаласынан үш мыңға жуық адам жауап берген.  Ал біздің Н.В.Гоголь  атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханамызда кызмет ететін кітапханашылардың айтуынша, қазіргі таңда оқырмандардың ең көп  сұранысына ие авторларды  мына тізім бойынша қарастыруға болады: қазақ әдебиеттерінен М. Әуезов, Д. Исабеков, Ә. Кекілбаев, Ғ. Есімов, Ә. Нұршайықов, М. Шахан, орыс әдебиеттерінен  В. Корецкий, Ч. Абдуллаев, И. Метлицкая, Т. Алюшина, Т. Луганцева және шетел әдебиеті бойынша Джейн Остин,  Даниэл Стил,  Джон Грей, Стив  Джобс, Роберт Кийосаки,  Джек Кэнфилд т.б.  Негізі біздің кітапханамыздың кітап қоры өте бай кітапханаға келген әр оқырманның  сұранысындағы кітапты немесе ақпаратты тауып беруге тырысамыз.

Қазіргі заман талабымен оқырмандар арасында белгілі бір  кітапқа немесе нақты бір шығармаға қызығушылығы арта түсуіне байланысты, сол  шығармаларды оқу сәнге айнала бастайды.  Сәнге айналған шығармалар оқырмандары екі түрде сипатталады, ол:  стандарттық және динамикалық. Стандартты тұрақты  оқырман тобына,  оқырмандардың белгілі бір  шығармаларға қатысты қарапайымдылығы,  біркелкі көзқарастығы жатады. Яғни, бұл оқырмандар  тобы өздерінің таңдаулы кітап  түрлерін қалыптастырып, олардың  сол кітаптарға деген өзіндік  қабылданған бағалаулары мен талқыланатын тақырыптары бір бағытта ғана іске асырылады. Ал динамикалық  тұрақты оқырман тобы ол әрқашан ізденісте болады, яғни  қазіргі оқырман сұранысына айналған тақырыптар немесе қоғамның қызығушылығы артқан тақырыптар немесе өзінің қажеттілігі бойынша кітаптарды қажет етеді. Әр оқырман тобының мақсаттары бір, ол -  кітап оқу, яғни өзінің  рухани  мүдделерін  кеңейту.

 Әр адамға кітап оқыған  артық етпейді. Өйткені кітап оқыған адамның ой - өрісі кеңейіп жаңашылдыққа ұмтыла бастайды. Кітап – рухани сарқылмас әлем.  Сондықтан  кітап оқуды күнделікті әдетке  айналдыру қажет. Кітап – бағалай білгенге қымбат сый демекші, баршаңызды асыл мұрамызды бағалап  кітап оқуға шақырамын.

Хамзеева Е.Х.
Кітапханаларды дамыту бөлімі