Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді

Сәлемдесу дегеніміз – достық пейіл мен құрмет білдіру әрекеті. Әрбір күн немесе әрбір әңгіме қашанда амандасудан басталады. Біздің күнделікті өмірімізде мейлінше кең тараған осы бір ғұрып әдептілік сезімінің мол болуын талап етеді.

Әдеп, мәдениет – амандасудан басталады. Сәлемдесудің мәні – ең алдымен адамның кейіп – кескінін тану, болмысын байқау, өзіне деген көңіл ауғанын білу және тілек арқылы өзінің қалауын ұқтыру, өздерінің аман – есен дидарласып тұрғанына қуанып, ниетінің ақ – адал, таза екенін білдіру.

Мысалы, сырттан үйге кірген кісі қандай жастағы адам болса да, отырғандарға сәлем беруі тиіс.

Қауышып,  амандасу ер азаматтар үшін ұлттық амандасудың ең құрметті түріне жатады. Жастар қол алысып, арқа, иық қағысып та амандасады. Қыздар бір – бірімен құшақтасып, сүйісіп, жәй қол алысып немесе «Сәлеметсіз бе?»,  деп те амандасады.

Әр халықтың амандасу рәсімі, салттары алуан түрлі болып келеді.Мысалы, Орта Азиядағы туысқан түркі халықтары барлық мұсылман елдеріндегідей, «Ассалаумағалейкум» деген араб сөзімен амандасады, ол «сізге Алланың нұры жаусын» - дегенді білдіреді, оған жауап, яғни, сәлемді алу ретінде айтылатын «Уағалейкум ассалам» сөздері «Алланың рақым нұры сізге де жаусын» дегенді ұқтырады.

Сәлемдесе білген адам иманды. Ислам діні сәлем беруді , рұқсат сұрауды  шариғатқа енгізген. Пайғамбарымыз Мұхамедтің (с.а.у.) хадис  шарифтерінде «Бір – біріңмен сәлемдесіп жүріңдер, сонда ғана араларыңда мейірім-махаббат оянады», «Өзіңе кезіккен  жасы үлкендерге сәлем беріп, амандас. Оны тану-танымауың шарт емес. Ол достықты арттырады әрі адамдығыңды анықтайды», «Сәлем  - Аланың жердегі есімдерінің бірі» дейді.

Қол алысу әрқашанда достық пейілді білдіруі тиіс, бірақ екінші адамның қолын ауыртатындай қатты қысып, ұзақ жібермей ұстап және тым болбыр амандасу орынсыз екенін де есте ұстаған жөн.

Сәлемдесу ынтымақ, бірлікке шақырады. «Сәлем – сөздің анасы», «Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді» дейді дана қазақ. Ендеше, әлеміңізді түзегіңіз келсе, асыл сөздің анасы – «сәлеміңіз» қашанда түзу болсын құрметті оқырман!

Мерзімдік басылымдар, кітапханашы Айтбаева К.