Сырбаз әнші

Қазақ даласы небір елді аузына  қаратқан таланттарды дүниеге әкелді. Солардың бірі - Қарағанды облысы, бұрынғы Егіндібұлақ ауданы Қаратау совхозының Ақшоқы бөлімшесіне қарасты Қойтас жерінде дүниеге келген әнші Жүсіпбек Елебеков ағамыз. Ағасы Жақыпбектің баулуымен ел арасына  танымал болған бала әншіден қазақ даласына аты жайылған, сыршыл, әнді әрлеп, нәшіне келтіре айтатын дара дауысты ұстаз – бапкер әншіге айналды.Семейдегі театр үйірмесінен басталған еңбек жолында сахналарда ән шырқаумен қатар көптеген рольдерді сомдады.1967 жылдан бастап қазақ эстрада студиясында педагогикалық қызметпен айналысты.Қазақ сахнасына өзі «телқоңырым» деп атаған Жәнібек Кәрменов пен Қайрат Байбосыновтай, Мәдениет Ешекеев, Ғалым Мұхамедин, Майра Есімханова т.б таланттарды танытып, баптады.Жаз айында Қазақконцерттің автобусымен  өнерлі жастарды бастап ауыл-ауылдарды аралап концерт қоятын.Туған ауылға ат басын тірегенде үлкен мерекеге айналушы еді. Әке-шешесінің басына құран оқытатын. Совхоз басында досы,құрдасы Момынбеков Қабыкен ағаның үйіне түсетін. Шәйді шығарып құйғанды ұнататын.Ауылдың үлкендерін машинамен сол үйге алғызып әңгімелерін тыңдап, әнге қарық қылатын. Ағаны соңғы рет 1976 жылы көрдім. Ауыл клубында өнер көрсетіп,жастары біздің үйде,үлкендері Қабыкен ағанікіне қонып ,ертесіне көрші Арқалық совхозына аттанған еді. Ән салғанда халық әндерінен бастап, Абай әндерін ,Мәдидің әндерін тамылжыта шырқағанда  таң қалғаным әлі есімде.Үлкендер қандай әнді айт деп сұраса ,сол әнді айтатын. Ол кезде мен небәрі 6-сынып оқушысы болсам да  жаттау қабілеті кереметтігіне риза болғам. Аға жайлы жазылған еңбектерді әлі күнге қызығушылықпен оқимын.Хабиба апайдың «Ән-аманат», «Үнің кетпес құлақтан», «Қайран,Жүсекем!» кітаптарын және Ахмет Жұбановтың еңбектерін оқыңыздар. Әнді алдымен түсініп, нәшіне келтіре шырқайтын ағамыздың ән-қоржынында 300- ден артық ән болған.  Студенттеріне өз баласындай қамқорлық жасаған. Ағаның көзін көрген,әңгімесі мен әнін тыңдаған ауылдастарымыз ол кісі жайлы ыстық ілтипатпен әңгімелейді.Жыл сайын Қарағандыда өтетін дәстүрлі әндердің Ж. Елебеков атындағы республикалық конкурсы өткізілуі үлкен мерей.

Абонемент бөлімінің кітапханашысы Ахмадиева Алмагүл