Салт – дәстүр - ұлттық байлық

Қымбатты достар, «Ұлы Дала Елі» бөлімінің кезекті «Салт – дәстүр – ұлттық байлық» тақырыбын назарларыңызға ұсынамын. Қазақтың діннен кейінгі күшті құралы – әдет - ғұрпы, салт - дәстүрі бар. Салт - дәстүр халықтық тәрбиеге негізделеді. Халықтық тәрбие - тарихи категория. Дәстүрсіз халық болмайды. Жақсы дәстүр уақытты жатсынбайды, уақыт талабы, даму диалектикасына орай дамиды, өзгеріске де бой береді, ғасырлар бойы ұрпақтан - ұрпаққа жалғасып отырады. Уақыт төзінен өтіп, тұрмыс сынына төтеп берген ата - салты, ұлттық дәстүріміз өміршең келеді. Ертедегі ұлттық тарихқа үңілсек, «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген ертеден келе жатқан сөз. Кейбір дәстүрлеріміз бұрын болған, бірақ қазіргі заманға сәйкес келмейді, соны тозығы бар дейді. Өмір өзі түлеп, жаңарып отырады. Жаңару өзгерудің арқасында жаңа салт - дәстүрлер, жаңа ғұрыптар өмірге енеді. Бұл - өмір заңдылығы.

Қазақ халқының салт - дәстүрлері көп, ұмытылғаны да аз емес. Ұлт ретінде жақсы салт -дәстүрімізді, наным - танымымызды жете білмейміз. Бір сәлемді алыңыз - шаңыраққа сәлем, үлкенге сәлем, жаңа туған айға сәлем, жақыныңа-танысыңа сәлем айту, төс түйістіру, жыл мезгілдеріне байланысты сәлемдер. Сәлем - бұл дәстүріміздің ең көнермеген түрі болып табылады.

Біле жүріңіздер. Ала жіппен, қойдың ішегімен, кейде көк шөппен қаз-қаз тұра бастаған баланың аяғын тұсап, байлап кеседі. Біз мұны «тұсаукесер» салты деп атаймыз. Осының мәнісін сіздермен бөлесе кетейін. Кез - келген әдет - ғұрып, салт - дәстүр сол халықтың дүниетанымынан келіп шығады. Дүниетанымға байланысты әдет - ғұрып қалыптасады да, өмір сүру салтына айналады, яғни, халқымыздың ежелгі салт - дәстүрі арқылы біз оның дүниетанымын біле аламыз. Тұсау кескенде оны қайшылауға болмайды. Тек пышақпен кесу керек. Ала жіптің де, көк шөптің де, тоқ ішектің де өзіндік мәні бар. Қазақта «ала жіпті аттама» деген тәмсіл бар, «ешкімге қиянат, зәбір жасама, өмір бойы таза жүр» деген мағынада айтылатын сөз. Тұсау кесіп болған соң, ала арқанды қораның айналасына керіп қоятын көне дәстүр болған. Бұл да - көне түсінік. Ала арқанды керіп қойсақ, ит-құс, бөрілер қораға шаппайды деп түсінген.

Салт - дәстүр жер бесіктен, тал бесікке дейінгі адам өмірін қамтиды. Осы аралықта қаншама әдет - ғұрып, ырымдар бар. Оның бәрін қағазға түсіру мүмкін емес. Қай халық болса да өз тарихын, дәстүр - салтын қастерлейді. Қазақтың салт - дәстүр, ғұрыптарына қайта оралудың рөлі туралы  елбасы Н.Ә.Назарбаев «Әр халықтың өңіріндегі терең имандылық пен рухани негіздерге -дәстүрлерге назар аудару керек. Оның халық өміріндегі рөлі еш даусыз. Мәдени дәстүр қашанда әлеуметтік қайта түлеудің қайнар көзі болып келеді. Өзінің тарихи - мәдени тамырларына қайта оралу - бұл, әрине оң процесс» деп жазған болатын. Халықтық салт-дәстүрлер ұрпақты тектілікке, кісілікке, парасаттылыққа тәрбиелейді. Ұлттық дәстүрдің жаманы болмайды, тозығы болады, тозығы қолданыстан шығып, озығына орын беріп отырады. Дәстүрдің жоғалтқан жақсысын түгендеп, бүгінгі заман талабына сай дамытып, жетілдіре түсу қажет деп ойлаймын. Бұған барша оқырман қауыммен бірігіп атсалысып, ұлттық құндылығымызды әрдайым дәріптеп жүрсек, нұр үстіне нұр болады емес пе?!

Уақыт сынынан өткен салт-дәстүрлеріміз қаншама. Салт - дәстүрлердің тозығын ығыстырып, озығын дәріптеу, санаға сіңіру қазақы қалпымызға оралу шарты. Бұрыс заңнан дұрыс дәстүр артық деген бар.

Қорыта келгенде дәстүрдің тамыры тереңде. Тамырынан айырылса не де болса құлап түседі. «Дәстүр бұзылған жерде халықтың халықтығы бұзылады» демей ме, дана халқым. Дәстүр - ата-бабамыздың бізге қалдырған ұлттық байлығы мен асыл мұрасын жоғалтпай, қадірлеп-қастерлей білейік асыл достарым!

Құрметті оқырман, әрқашан салтымыз бен дәстүріміз бәрінен биік болсын десеңіз кітапханамыздан салт-дәстүрді дәріптейтін, сондай-ақ, өзекті тақырыпта ақпарат беретін білім байлығы кітаппен дос болуға шақырамыз.

Оқу залдары, кітапханашы Тусупбаева М.