Ою ой, өрнек сал

Байділдин Ш. Ою ой, өрнек сал: Екінші кітап. / Шөптібай Байділдин – Екібастұз, 2011. - 2-кітап  - 194 бет. 

Өнердің қайнары халықта екені ақиқат шындық. Сол халық арасында ел назарына ілінбей, көзге түспей жүрген талантты өнер иелері қаншама!

Міне, солардың бірі суретші, оюшы әрі шебер Шөптібай Байділдин. Ол Қостанай облысындағы Арқалық қаласында тұрады. Бұрынғы әкім, партия, совет қызметкері, қазір ел ағасы, қол өнерінің көрігін басып, көнеден қалған көрікті өнердің ұстасы.

Қазақ халқы ерте замандардан-ақ қол өнерін жете игеріп дамытып, оны қолданудың жөн-жосығын жақсы білген. Ою-өрнектің бірнеше жүздеген түрі бар және оның әрқайсысының қолданылатын орнымен жолы тағы бар. Мысалы киімге салынатын өрнектер ағашқа немесе темір бұйымдарына жараспайды. Демек, әр оюдың қасиеті, мәні орны болады.

Қазіргі таңда Шөптібай шебердің қолында 1500-ден астам ою түрлері бар. Қарасаң бірінен бірі өтеді, көз жауын алады. Олардың түсті бояулары да көргендерді өзіне еріксіз тартады.

Қызығасыз, қызығасыз да ата-бабаларымыздың, ана-әжелеріміздің бай мұрасын, шеберлік қабілетін жалғастырып, жасап, өрнектеп, жетілдіріп баға жетпес қазынаға айналдырған азматтың  ұлан ғайыр әр ісіне риза болып, алғыс арнау аз сияқты.

«Шебердің қолы ортақ» дейді дана халқымыз. Ұлт мәдениеті мен қазақ өнерінің қатары тағы бір жақсы мұрамен толықты.  

Бұл кітапта халық шеберінің көп жыл ізденіп ұлттық нақыштағы жасаған ою-өрнектері жинақталып, сала-салаға бөлініп оқырманға ұсынылып отыр. Альбом жоғары оқу орындарына, талапты жастарға, ұлттық ою-өрнекті қадірлеп-қастерлейтін көпшілік қауымға арналады.

Өнер туралы әдебиеттер бөлімі Сіздерді асыға күтеді! Келіңіздер! Оқыңыздар!