Баяндинова Камшат

СЕРЕНАДА

Жақұт жүрек….
Саған ғана өмiрлiк бақыт тiлеп.
Өткен шақтың ұшқыны сақталыпты,
Ойға алсам сәттерiм бақытты тек.
Қиындылар…
Сезесiң бе өзiң деп қиын жылау.

Бiле жүршi сонда да ең қиыны,
Бере алмас тағдырдың сиын сұрау.
Сенер ем бiз…
Бәрiбiр бiр бақытқа кенелермiз.
Бiрде күн боп күлiмдеп құшақ жайсақ,
Ендi бiрде жауын боп себелермiз.

Жалын мұңда…
Бiр көруге зар қылып жалындырма.
Қимастықпен алысып жүргенiмде,
Қоштасумен қосылып сағындырма.

Келер алда…
Мендiк жүрек бұдан соң кемел арна.
Сыйға тартшы бiр күнi ешбiр жiгiт,
Ойнамаған әлемде серенада…

Ұялам

Түсіме неге енесіз,
Өңімде көру аздай бір.
Оқуда көрсем ол қайғы,
Жынданып кете жаздаймын.

Қарама-қарсы шығасыз,
Осыдан басқа жол жоқтай.
Қарайсыз сабақ кестесін,
Көшіріп алам бұлжытпай.

Түсінбейм кейде қандайсыз,
Амандаса алмай шегінем.
Таңырқап кейде қарайсыз,
Бірдене құрттым түбі мен.
( Ойланам сосын түнімен).

Тындауға ылғи әзірмін,
Безінсең сенген адамнан.
Тек қана түске еңбеші,
Ұялам «Серенадамнан».

Сенбе маған…

Бір ой келіп бекіндім шыныменен,
Өңімде ме, жоқ әлде, ұзақ түсім.
Сен Мұз Арттың әндерін айтады деп,
Теледидар көрмеспін Мұз Арт үшін.

Саған-Мұз Арт, мен үшін-Күләш биік,
Маған-өлең, сен үшін ән киелі.
Сен Сәкенге ұқсайды екен-ау деп,
Сәкеннің де болмаспын жанкүйері.

Қараңғы үй…
Жалғызбын, өзіңді ойлап.
Сағынғанда жазылар ақ парақ ой.
Сағыныштан қоңырау шалғанымда,
Сәкен болып әнін де айтпай-ақ қой.

Мұз Артты да, сені де ұнатпаймын.
«Келеді кездескім» деп келме маған.
Дәл осылай бір күні батыл айтсам,
…сенбе маған…

Саған

 Өңімде де, түсімде де сен едің,
Төзімсіздеу жанға шыдар ма екенсің?!
Сен Өмірді түсінеме деп едім,
Сен Өлеңге ғана құмар екенсің.

Мен емес ол, азған күздің жарлығы,
Өмір жолда жанылмаған сынар кім?!
Саған өлең жазған қыздың барлығын,
Қарындас деп қабылдаған шығарсың.

Жасамағын маған ғана қайырым,
Десем-дағы, ақыл, ой кеп қинады.
Жүрмегенім Аға санап айыбым,
Мен өзіңді Ақын ғой деп сыйладым.

Айыбы мың бұған енді жол ғана,
Түсінбейді мені дос та бұл қалай.
Тіпті мына, туған жерім болса да,
Қарағанды сені қостап тұрғандай.

Бұдан былай маған жаза «сенбі күн»,
Жылағандай тағы Муза қосыла.
Өлеңімді саған жазған мен бүгін,
Жолдаған ем жазып Мұса досыңа.
Оқыдың ба?!

Ақымақсыз

Жыларымды білмедім күлерімді,
Өтіп жатты қайғы мұң кезектесіп.
Қаншама рет сүрінген жүрегімді,
Айтып жатты біреулер «өжет» десіп.

Қайдан сезсін айналам жүрек мұңын,
Олар түгіл мына сіз сезбесеңіз.
Кездесуді ішімнен тілеп тұрдым,
Үнсіздігі демеді кездесеміз.

Бөтенсініп мұңайдым түк демедім,
Дым сезбейтін соншалық аңқаусыз ба?
Күз мұңы бар бәлкім ол көктем бе еді?
Ренжіткісі келмеген байқаусызда.

Қайғы-мұңым көз жұмып берілсе де,
Берілмеді алайда үнсіздігім,
Көңіліне қыз болып егілсем де,
Көрмегенсіп тағы да жүрсіз бүгін.

Өзіңізге жат сынды көктем әттең,
Жылуынан қиылып ажырапсыз.
Ұялсам да қызарып көрген сәтте,
Сезімімді сезбейтін ақымақсыз.

Басқа  Кәмшат

Тілімді менгеріп гүл,
Оған да ұнау бақыт.
Жүрегім-емделіп жүр,
Сезімім-тұмауратып.

Өзінше бәрі шынар,
Аялап өбіп жеткен.
Сөздерің-дәрі шығар,
Мерзімі өтіп кеткен.

Бақытым-хал сұрап жүр,
Ойларым-езгі кілен.
Жер сазын малшылап гүл…..
Өзгелер сезді білем.

Маржаннан тағынбай жыр,
Сезімді босқа ансап.
Ол сені сағынбай жүр,
Көрдің бе, басқа Кәмшат.

Күтіп ек біз мерейді,
Кездесу босқа аңсап.
Ол сені іздемейді,
Сездің бе, басқа Кәмшат.

Жүректің иесі-той,
Белгісіз қайссы ән сап.
Сен оны сүйесің ғой,
Бәрібір…..
Айтшы Кәмшат?!

***

Кілтін тап мына түрменің,
Жүректің жаны барында.
Сен үшін жылап үлгердім,
Сен болсан сағынбадың да….

Бір мұңды бөлісейікші,
Көшеде қолыстасқан жұп.
Болмаса көріспейікші,
Ешқашан таныспаған боп.

Өлеңді аялайықшы,
Өлеңім- сенің бет-бейнең.
Болмаса баяулайықшы,
Себебі демім жетпеген.

Армандап қиялдайықшы,
Жүректің сыздағаны деп.
Жат көзден ұялмайықшы,
Жат көздер қызғанады тек.

P. S. Кілтің тап мына түрменің,
Жүректің жаны барында.
Сен үшін жылап үлгердім,
Сен болсан сағынбадың да….

***

Бақытқа күлкі болма,
Қалғаны аз ғана жол.
Жыласам- сүлгі бол да,
Ауырсам- емхана бол!

Жүректе әуенді үн,
Сөйлейді әуелі сол.
Тек саған тәуелдімін,
Сен маған тәуелді бол!

Адамдар осындаймыз,
Кінәләп уақытты кеп.
Сеземін қосылмаймыз,
Жылатып бақытты ет!

Аязбен ораламын,
Көктем бол, тонсам демер.
Періштең бола аламын,
Жұмағым болсаң егер.

Вокзалдағы қоштасу

Сыймай кеуде ақын сыйған қалаға,
Жоғалғандай еркелігім, жоқ қылық.
Қарағанды мола болып бара ма,
Сағыныштың не екенін ұқтырып?!

Бұл өмірдің қоштаспауға жоқ заңы,
Сондықтан да жанарым да, жыр да мұң.
Сезбейді де Қарағанды вокзалы,
Бір Ақынды шығарып сап тұрғанын.

 Өлеңіме сағыныштан өргем мұң,
Ақын үшін тіпті кейде жыр қайғы.
«Неке залы көп сүйісті көрген-тін,
Вокзалдағы сүйістер тек шынайы».

Мені іздеп бәрібір де келмес деп,
Сағынышты алқа қылып күлші бір.
Сүру деген тірі жүру емес тек,
Вокзалдағы қауышулар тіршілік!

Жылап өту Ақын тағдыр үнемі,
Қос өлеңге бұйырмайды сірә бақ.
Өмірмен де қоштасу бар білемін,
Вокзалдағы қоштасу тек жылатад…

Құрбыжандарым

Өздерің жүрек төрінде,
Қаймықпа, Құрбыжандарым!
Сағынып көріскенімде,
Ұнайды ұғынғандарың.

Есімі есте қалғанда,
Не дерсің өлі сенімге?!
Тек оны еске салмаңдар,
Сағынып көріскенімде.

Жанымда егер үн калса,
Жастықтың оты сені емдер.
Мұңайып әуен тындасам,
Оны ойлап отыр демеңдер!

Жүздерің күлсе әдемі,
Мәңгілік көктем едіңдер.
Елемей жүрсем әлемді,
Тек сендер өкпелемеңдер!

P.S. Мұң айтып ойыншығына ,
Ер жетер ерте жетімдер.
Тағдырға мойынұсынбасам,
Жай ғана еркелетіңдер…

Өмiр- Өлең

 Онсыз да көнiп жүр ек талай сынға,
Сүрiнсiн деп тағы да калайсыз ба?
Өмiрiмнiң соқпағы жетпей жүр ед,
Қағып та кеттiңiз ғой…
Абайсызда.

Терезеден тұрғандай күл деп күнiм,
Жүрегiмдi бөтендеу жүдеттi үн.
Сiз елемей жүредi екенсiз де,
Мен болсам сағынуға мiндеттiмiн.

Адасқанда екеумiз өре жолдан,
Деп едiңiз бiздерге өнер қорған.
Мен ақын боп тегiнде тумағанмын,
Мен өмiрге келгенде өлең болғам.

Мұңымызды ешкiмге шағалмай бiз,
Тiптi ендi ғашық хат жолдамаймыз.
Мен өмiрде- өлеңмiн, ал сiз неге,
Өлеңiмде Өмiр боп қала алмайсыз?

Қалмасын деп сағыныш сыбағасыз,
Сыйға тартқам бағымды сұраған күз.
Мен өмiрде Өлеңмiн, ал сiз неге,
Ғашық болып өлеңге тумағансыз?

Өлi сезiм және де қайран жасым.
Сезiм үшiн тағдырым аямасын!
Мен Өлеңдi Өмiр деп түсiнемiн,
Өмiр менi Өлең деп аяласын!

Дерексiз

Керек жоқ арыма жаман ат,
Бермей-ақ  қойыңдар маған бақ.
Менде бiр әдемi сезiм бар,
Сезiнiп көрмеген Адамзат!

Мұңлы боп көрiндi дала тым,
Ұшарға жоқ болып қанатым,
Менде бiр әдемi бақыт бар,
Ренжiсе дос болмай қалатын!

Бiз үшiн шырылдап күйетiн,
Табиғат жаныма ие-тiн.
Менде бiр әдемi өлең  бар,
Ауаны,бұлттарды сүйетiн.

Бәрiнен акынға ой қайғы,
Бiр досым ән айт деп коймайды.
Менде бiр әдемi әуен бар,
Жылайды, билейдi,ойнайды…

Жанары – сағыныш, жаны-гүл,
Көгiмде қалықтап әнi жүр.
Менде бiр әдемi сөйлем бар,
(Күтпешi…
Айтпаймын бәрiбiр!)

***

 Мазалайма жүрегiңдi бiр есiм,
Ал мен үшiн бұйырмастай сендей Бақ.
Өлең болып қаларыңды бiлсемшi,
Өмiрiм деп жүргенiмде мен бейбақ.

Ой санамыз махаббатқа тәуелдi,
Ал,сезiмде болмайды екен келiсiм.
Сен арқылы ғашық  болған әлемдi,
Жек көрем деп ойламағам сен үшiн…

Жанар күлсе,жасырған сыр iшiмде,
Күз келген сон бақыттың да емi мұң.
Сен өмiрдi, тiптi менi түсiнбе,
Мен өмiрдi аялар ем сен үшiн.

Бiздiң әнде сағыныштан сағым көп,
Мүшесi сау, сезiмi жоқ кемтар ек.
Сен Өмiрге келсен егер Ақын боп,
Мен Өмiрге өлең жазып нем бар ед?!

Жәй ғана

Кеудеде сезiмi дiр еткен,
Жастыктың жалын-мұң дерегi.
Сағыныш аңкыған жүрекпен,
Жәй ғана сағынғым келедi…
Сезiммен адасса жолсыздар,
Қоңыр күз ызғары дер едi.
Жақындай қалса егер гүл қыздар,
Жәй ғана кызғанғым келедi…
Сеземiн нұрлы күн алыс тым,
Бiреулер “жайдарлым” деп едi.
Ойламау екен ғой нағыз мұң,
Жай ғана ойлағым келедi….
Мазасыз көңiлдi жеңер ме ең?
Келмедiң сен бүгiн себебi.
Ертен де көрмесем егер мен,
Жәй ғана ренжiгiм келедi.
Көктемiм күз құшып бара ма?
Себебi күз көркi жел едi.
Кеткенде ай салып араға,
Жәй ғана жек көргiм келедi.
Күтетiн әрдайым сабыла,
Өзiңсiң шырайлы көктемiм.
Қарамай атына, затына,
Жай ғана ғашық боп өтемiн…