"Жарқын бейне"

Ақын, абайтанушы Қ.Мұхамедхановтың туғанына 105 жыл

Шыңғыстау өлкесінен шыққан білімді азаматтың бірі - Қайым Мұхамедханұлы. Төлқұжатында – Ғабдұлқайым, ал ел – жұрты Қайым деп атап кеткен. Алмас қылыштай жарқ етіп, кейбіреудің көкейінде, кейбірінің көмейінде тұрған сөзді іркілмей айтып, ақиқатты жайып салып сөйлейтін мінезді болған. Қайым аға – Алаштың арыстарының, алыптар тобының, өміршең, нұрлы шоғырының өкілі. Кезінде Мұхаң іні көріп, сенім артып, Абайды насихаттауды тапсырған екен. Бүкіл ғұмырын абайтану ғылымын өркендетуге жұмсаған. Абай шығармаларының текстологиясы туралы тамаша зерттеу еңбегін жазған. «Абай» энциклопедиясын шығаруға аянбай атсалысты. Артына «Абайдың ақын шәкірттері» деген 4 томдық қымбат қазына қалдырды. Кезінде Абайдың  шым кірпіштен қаланған зиратының  тозғанын, басына ескерткіш тұрғызылуы керектігін айтып облыстық партия комитетіне алғаш өтініш жасаған жан.

Ол - Семейдегі Абай мұражайын ашып, бірінші директоры болған абайтанудың асқан білгірі. Ең алғашқы Қазақ ССР – інің  гимні 1943 жылы жазылған. Осы гимннің толық мәтінін жазған да Қайым ағамыз. «Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деген алғашқы жолдағы «Ер» сөзін «Бізге» ауыстырған Ғ.Мүсірепов пен Ә.Тәжібаевтар қосалқы автор болатын.

Семей педагогикалық институтының ұзақ жыл ұстазы атанған, екі тілді бірдей меңгерген, сауатты маман Қайым аға жазу сауаттылығына, үтір, нүктелерді дұрыс қою керектігіне үлкен мән берген. Бұл – нағыз ғалымның бірінші белгісі.

1951 жылдың 1 желтоқсанынан бастап қудалауға түсіп, Семей, Алматы түрмелерінде отырса, 1952 жылдан бастап Қарлагта (Қарағанды түзеу - еңбек лагерінде) отырды. Тек 1955 жылдың 13 қаңтарында ақталып, босатылған. Осыдан кейін өмірінің соңына дейін талмай ұстаздық жолын жалғаған. Қуғын – сүргінді көп көрген кездерінде әйелі Фархинұр апамыз Қазыбек, Жәнібек, Роза, Назым, Мүслима, Дина, Қанағат, Дегдар, Бекеттерді жүдетпей бағып-қағып, оқытып, тәрбиелеген жан.

Кітапханамыздың қорындағы «Қайым туралы сөз – Слово о Каюме» кітабына үңілсеңіз, абзал азаматтың жарқын бейнесін жан жүрегіңізбен танисыз. Біздің кітапханамызға қызы Дина Қайымқызы сыйлаған Дәулет Сейсенұлының «Ер қазақ» кітабы да ғалым – ұстаз жайлы оқып – білуге тұратын құнды еңбектің бірі. Бұл жинақтың шығуына қаржылай көмек жасаған ағамыздың ұлы Жәнібек Мұхамедханов екен. Ғалым –ұстаздың ұрпақтары да әрқайсы өз жолымен еңбек етіп, өркен жаюда. Әке еңбегінің танылуына үлестерін қосуда.

Еңбегі ел қазынасы ретінде халыққа мәңгілік қызмет ететін тарихи тұлға Қайым Мұхамедханұлы деп білемін.

                                                                                              Көпшілік оқырмандарға қызмет көрсету секторының
                                                                                              кітапханашысы: Ахмадиева А.С.