Алашыңа құт әкел, Зеңгі баба!

Жаңа жыл - ерекше мереке. Ол әрдайым ізгілік пен үміттің символы, болашақтағы жыл өткеннен де, жақсы болады деген сенімнің мерекесі. Тарих еншісіне жылжып еніп бара жатқан, өткен жыл, күллі әлем жұртшылығына  бұрын - соңды болмаған, алапат індеттің зардабы тиді. Осындай қиын кезеңде халқымыз бір біріне жанашырлық танытып, береке - бірлігін сақтап қалды.

Жаңа, XXI ғасырдың, 2021 жылынан халқымыз үлкен үміт күтеді. Мінекей, әлемнің көпшілік елдерінде жүретін күнтізбе бойынша, биылғы жыл - Сиыр жылы. Киелі боп есептелінген, өзгешелеу құрмет көрсетілген жануарлардың бірі һәм бірегейі – сиыр туралы сан алуан сөз бар. Зеңгі баба - қазақ халқының мифологиялық сенімдегі төрт түлік малдың бірі - сиырдың пірі. Халық нанымында малдың әр түлігінің өз тәңірісі, иесі болады деп есептелінген. Соның ішінде сиыр малының тәңірісі, қамқоршысы Зеңгі баба. Соған сиынып, малының аман - сау өсіп, көбеюін тілеген. Зеңгі бабаның туған жылы белгісіз, бірақ ол жайлы айтылған деректерге қарағанда оның 12-ғасырдың соңы мен 13-ғасырдың басында өмір сүрді деген жорамал бар. Зеңгінің түп нәсілі араб болғандықтан денесі қара, сүйегі ірі болған екен. Хакім атадан терең білім алып, данышпандық пен керемет көрсету дәрежесін меңгергеннен кейін, халықты ілімге, әдептілікке тәрбиелеуге кіріседі. Зеңгі бабаның көрінісі қарапайым, адамдардың сиырын бағып, ғаріптік өмір кешеді. Зеңгінің күнделікті өмірі сахарада өткендіктен, ол намазды қыр - адырларда оқитын болған. Намаздан кейін зікір айтумен шұғылданған, сол кезде сиырлар жайылуын тоқтатқан. Зеңгі Атаға жергілікті халық үлкен құрмет көрсетіп - Зеңгі баба деп атаған екен.

«Жақсыдан - ғибрат» демекші, халық жанында есімдері, әулиелік пен дарындылық қасиеттерімен ерекшеленіп, ыстық ілтипатқа бөленген. Ал осы, Сиыр жылының, халыққа жағымды, жақсылығы мен берекесі мол жыл болатынын болжап айтқан, дуалы ауыз, әулие Мәшһүр - Жүсіп сынды біртуар тұлғалар ғой.

Биылғы жыл - Алаш баласын шексіз қуанышқа бөлеген, іргелі ел, дербес мемлекет екенімізді әлемге жария қылған, Тәуелсіздігіміздің 30-жылдығы. Бүгін міне ынтымақ, бірлік, татулық - салтанат құрған елдің мәртебелі биігінде, мерейлі белесінде тұрып, болашаққа сенімен қарай аламыз.

Жаңа 2021 жыл, жақсылығы мен берекесін, ынтымағы мен ырысын, шаттығы мен қуанышын ала келсін. Заман жүгін жеңілдет, Зеңгі баба!

Негізгі қорларды сақтау бөлімінің кітапханашысы: Жылтыбаева Р.Р.