Музыка – ұлттық рухтың тілі

Кеңес Дүйсекеев – сазгер, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері (1994ж.), «Құрмет» орденінің иегері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры. 1946 жылы Қызылорда облысының Қазалы ауданында туған. П.И.Чайковский атындағы музыка училищесін бітіргеннен кейін, Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында оқыған.

Жастайынан туған елінің бай музыкалық – поэтикалық, прозалық дәстүрінен сусындаған, сол рухани ортада туып – өскен К.Дүйсекеев, өз шығармашылығында байырғы мәдени мұрамызды жаңа тәсілдермен замана сұраныстарына сәйкес безендіріп, дамытып, көркемдік сатыға одан әрі көтерді.

Сазгер – көптеген симфониялық шығармалардың авторы. Оның ішінде: «Жалаңтөс батыр» атты симфониялық көрініс, труба мен симфониялық оркестрге жазылған концерт – фантазия, төрт бөлімді «Ал дүние...» атты кантата, «Астана» симфониясы, камералық оркестрге, фортепианоға арналған шығармалар, романстар, «Мәди», «Аққу жібек» – мюзиклдары, «Алдар Көсе» опереттасын жазған. Сондай – ақ, біраз көркем фильмдер мен мультфильмдерге, еліміздің жетекші театрларында қойылған спектакльдерге музыка жазған, және де екі жүзден астам әндердің авторы. «Сәлем саған, туған ел», «Домбыра туралы баллада» атты әндері Кеңес Дүйсекеевтің шығармашылық шыңына айналған. К.Дүйсекеев 2020 жылдың 9 шілдесінде 74 жасында дүниеден озды.

К.Дүйсекеевтің көптеген шығармалары тыңдаушының жүрегінен орын алып, сүйікті әнге айналған. Өзінің дара да сара шығармашылық жолында артында мол шығармашылық мұра қалдырды.

Сазгердің әндері топтастырылған «Туған жер» атты әндер жинағы Алматы қаласы, «Sansam» баспасынан 2013 жылы жарық көрген. Әндер жинағы алты бөлімнен тұрады. Мұнда адамның патриоттық, достық, адамгершілік сезімдері, туған жер туралы әндер («Алматы», «Астана» және т.б), сонымен қатар өмір көріністері («Наурыз тойы», «Дастархан», «Той бастар» және т.б) туралы баяндалады. Жинақтағы махаббат жайлы әндер ең құнды бөлімді құрайды. Олар нәзік интонациялармен, жүрекке жылы, өте шынайы, тартымды мақам – әуендермен безендірілген. Мысал ретінде ел арасында кең тараған «Қарағым ай» – ды келтіруге болады.

Кеңес Дүйсекеев – Қазақстанның көрнекті композиторларының бірі. Оған дәлел – автордың ұлттық колоритке толы, нағыз қазақи және өзекті, жазба музыканың жетекші түрлерінде шығарылған туындылары халқымыздың ерекше сүйіспеншілігіне бөленіп, руханияттық дүниесінде орын алып отыр. Бүгінде басылым уақыт сұранысына толығымен жауап беріп, ұлт өнерін насихаттауға қомақты үлес қосып, әншілер репертуарларын байытты.

 

Өнер туралы әдебиеттер бөлімінің кітапханашысы: А. Насреддинова