Ақын ұлағаты

Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, Халықаралық  «Алаш» сыйлығының лауреаты, Республикалық Махамбет сыйлығының иегері Серік Тұрғынбеков 1946 жылы 1 наурызда бұрынғы Торғай облысы, Жангелдин ауданының Төлеген қыстауында дүниеге келді. 1964 жылы орта мектепті аяқтаған соң Жангелдин аудандық «Жаңа өмір» газетінде еңбек жолын бастады. Оқуды сырттай оқи жүріп, қазақ радиосында аға редактор, «Лениншіл жас» газетінде Торғай, Қостанай облыстары бойынша меншікті тілші, Қазақ телевизиясында редактор, Баспа, полиграфия, кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетте аға редактор, «Жұлдыз», «Ақиқат» журналдарында еңбек ете жүріп, шығармашылығын дамытты.

Ақынның алғашқы сықақ өлеңдері аудандық газетте жарияланса, бүгінде «Қобыз», «Көкейкесті», «Торғай толғауы», «Жүрегімнің сәулесі», «Тыңда түлегендер», «Кеш келген көктем», «Жерорта», «Махамбет пен Жәңгірхан», «Кейкі батыр» атты жыр жинақтары мен таңдамалы екі томдықтың авторы.

Ақынның «Кейкі батыр» дастаны төл тарихымызды парақтауда тарихымыздың діңгек тұлғаларын адами  болмысымен ашып көрсетуде тындырылған елеулі еңбек қатарында. Дастанның кейіпкері Кейкі Көкембайұлы - біртуар батыр Амангелді Үдербайұлы Имановтың  үзеңгілес  серігі, қанды көйлек досы. Дастан қазақ топырағында қалыптасып, қабырға қатайтқан оқиғалы поэмалардың үлгісінде жазылған. Батырдың өр рухы қылау түспеген қалпымен көрініс тауып отырады.

Ақын бар өмірін өлең жазуға арнаған, ағынан жарылып, әділ сөз сөйлеп, туған жерін құрметтеп, халқының тағдырына алаңдап, ана тіліне жаны ашыды. Өлеңді өндірте, жалындатып жазып жүруімен қатар қаламы жүйрік журналист, дарынды драматург, жалынды публицист, қоғам қайраткері Серік ағамыздың  шығармаларын біздің кітапхана қорынан таба аласыздар.

                                                                      Көпшілік оқырмандарға қызмет көрсету секторының кітапханашысы:
                                                                      Ахмадиева А.С.