Наурыз – айы туғанда...

Наурыз айы туғанда

Той болушы еді бұл маңда

 

М.Мақатаев

Тарихымыздан дәстүр, ата-бабамыздан салт болып, келе жатқан Ұлы мерекеміз Наурыз мейрамы - еліміздің барша азаматтарының жақсы тілек, ерекше қуанышпен атап өтетін үлкен мейрамына айналуда.

Мыңдаған жылдар бойы мерекеленіп келген Наурыз мейрамы, кеңес үкіметі тұсында 1926-1988 жылдар арасында мерекеленбей тоқтатылды.

Ұлыстың ұлы күні саналатын Наурыз мерекесі кеңес өкіметінен тәуелсіздік алған түркі елдерінде 1988 жылдан бастап қана ресми түрде қолға алына бастады. С.Ерғалидің «Нау мен ырыс» кітабында да елімізде 1988 жылы Наурыз мейрамы ресми мерекелеу жөнінде қолға алынып, 1989 жылдан бастап аталып келетіні жазылады.

Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесінің өн бойында зор адамсүйгіштік, мейірім мен шапағатқа толы киелі қасиеттер бар. Бұл күні адам баласы бір-біріне мейірімін төгеді, аман-есендік айтысады, жақсылық тілейді.

Халқымыздың ежелден желісі үзілмей жеткен көне салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары рухани - қымбат қазыналарымыздың бірі. «Халқым қандай десең, салтымнан сынап біл» демекші, салт-дәстүр дегеніміз - халықтың рухани өзегі, мәдениетінің діңгегі, тілінің тірегі. Халқымыздың  мифологиялық түсінігі бойынша наурыздың 21-і түні даланы, Қызыр ата аралайды екен, осы түн «Қызыр түні» деп аталады. Қызыр – адамдарға дәулет дарытып, бақ қондыратын, ақсақал кейпінде көзге көрінетін қиял – ғажайып бейне. Жаңа жыл табалдырық аттап, үйге енгенде «Жалғыз шала сәуле болмас, жалғыз шырақ тәубе болмас» деп төрге қос шырақ жағылып қойылады. «Жаңа жыл мұнтаздай таза үйге кірсе, ол үй ауру - сырқаудан, пәле–жаладан аман болады» деген сеніммен Наурызға шейін үй ішіндегі жиһаз, мүліктің шаңы қағылып, жуылып тазартылады. «Жыл бойы ақ мол, жауын - шашын көп болсын» деп, дастархан ұлттық дәмдерге толы болады. Әр шаңырақ наурыз көже дайындап, үй–үйден дәм татады, бұл «Дәм–тұзымыз жарасқан» тату болайық дегеннің белгісі. Сондықтан жыл басы Наурызды халқымыз әлем сақтан «Ұлыстың Ұлы күні» деп атаған. Наурыз мейрамын қалай мерекелейтіндігі жөніндегі көне деректер бізге Әбу Райхан әл–Бируни, Ибн-Балхи, Ходжа Хафиз, Омар Хайямның 2015 жылы Алматы: «Білім» баспасынан шыққан «Наурызнама» еңбектері арқылы жетіп отыр. Ол жөнінде халқымыздың кемеңгер ұлдары Ұлы Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұхтар Әуезов, Сәбит Дөнентаевтардың біршама деректері 1993 жылы Алматы: «Өлке» баспасынан шыққан «Қош келдің Наурыз!» кітабында жинақталған. Жинақта «Наурыз» парсы тіліндегі «Жаңа - күн» деген сөзден шыққаны туралы айтылады.

Наурыз келгенде қыс құрсауы босап, жер арқасы жібіп, жаңа тіршілік басталып, табиғат - ана түлей бастайды. Жан – жануар мен өсімдік әлеміне жан кіреді, жыл құстары келіп, тынысы кеңіп, көңілі сергиді. Тірі жан иесі күн шуағынан күш алады. Алланың жартылысымен жарыса туған, ең ұлық мейрам. Наурыз мейрамының сан ғасырлық дәстүрлері–оның салттарымен бірге рухани - әдеби түрлерін қалыптастырған. Поэзия тілімен айтылатын саумалық жыры, наурыз бата соның айғағы. Бұл да наурыз мейрамының ұзақ тарихын, жалпы халықтық сипатын, айрықша мереке екендігін аңғартатын, бай ауыз әдебиетіміздің бірі. Ата–әжелеріміз «Бұлақтың көзін ашу» – Меккеге сапар шеккендей сауабы үлкен, қасиетті іс. Су бар жерде тіршілік бар, бұлақтың көзі ашылса, су мол болады, онда шөп те, гүл де жайқалып өседі, егін бітік шығады. Адамдар мен жан–жануарлар тоқ болады. Тоқ болса бір–біріне қастық жасамай, бейбіт өмір сүреді. Бастау – бұлақтардың көзін ашқандардың – өмір тіршіліктің де көзін ашқандарың–дейтін еді. Қазақ халқында тұрмыстық салт–дәстүр түрлері мен оны өткізудің бай үлгісі бар. Наурыз күні таңертең ертемен ерлер қолдарында күрек кетпен, ал қыз – келіншектер құрт, ірімшік, сүт, піскен ет алып далаға шығады. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын». «Бір тал кессең, он тал ек» дескен қариялар бұлақ басына тал егеді. Әйелдер атып келе жатқан күнге тәу етіп, «Армысың қайырымды күн ана!» деп иіліп сәлем береді. «Кеудесі түкті жер - Ана құт дарыт, жарылқа!» деп, ашылған бұлақ көзіне май құйып, жаңа егілген ағаштарға ақ бүркеді. Осылайша табиғаттың өсіп – өнуіне жағдай жасалады. Сондай-ақ ел ішіндегі талант иелері – ақылшы дана, қызыл тілді шешен, он саусағынан өнер тамған шебер, құралайды көзге атқан мерген, жауырыны жерге тимеген палуан, күміс көмей, жез таңдай әнші, құдіретті күйшілер арасынан озып шыққандар елеп–ескеріліп, Ұлыстың ұлы күні олар халыққа танылып, аттары алты алашқа мәшһүр болады. Ата-бабадан қалған жақсыны бүгінгі жаңа ғасырмен ұштастырып жалғастырсақ, қазақ дейтін халықтың мерейі үстем, қонар тұғыры биік болары сөзсіз.

Келіп жеткен Наурыз айы елімізге құт береке, ырыс, ынтымақ, жақсылығымен келсін !!!

                                 Негізгі қорларды сақтау бөлімінің  кітапханашысы:
                                 Жылтыбаева Р.Р.