Ақтоғай – тарихтың тас сандығы

Тұңғышбай Мұқан

Мұқан Т. Ақтоғай – тарихтың тас сандығы. – Қарағанды, 2020. – 324 б.

Кіндік қаның тамып, кіндік бауың кесілген туып – өскен жер әрбір адам үшін қастерлі де қасиетті. Туған елге, жерге деген сүйіспеншілік адамды алға жетелеп отырады. Дана халқымыз : «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деп бекер айтпаған. Сондай жерлердің бірі –Ақтоғай ауданы десек артық айтпаймыз. Бүкіл Қазақстанға әйгілі де ардақты тұлғалар -  қазақтың Үш арысы , Алаш қозғалысының ардагерлері – Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев, жезтаңдай әнші Күләш Бәйсейітова, әнші Манарбек Ержанов, шебер домбырашы Мағауия Хамзин, ақын Әсет Найманбаев, Ұлы Отан соғысы батырлары Қазыбек Нұржанов пен Нұркен Әбдіровтердің киелі өлкесі болып саналады.

Арқаның Ақтоғайы – Ақсораңдай заңғары жердің бетін бұлтқа тіреп, көкке көтерген, Қызыларайы – бай тарихымен, баурайындағы әсем табиғатымен көрік берген, тоқырауыны – тоған суымен ғана өсетін тұқымы баданадай ақ бидайымен әр шаңырағының  берекелі ақ дастарқанының бағын ашқан, мейірімді жер – ананың қазыналы жерұйығының бірі.

Өлкетанушы Мұқан Тұңғышбай Өміртайұлының «Ақтоғай тарихтың тас сандығы» жаңа кітабы жайында сіздермен ой бөліспекпін.

Автор бұл кітапты кітапханамызда өткен Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туған күніне арнайы ұйымдастырылған «Әлихан Бөкейхан – ұлт мақтанышы» атты ақпараттық дайджестке қатысып, осы кітапты кітапханамызға сыйға тартқан болатын.

Бұл еңбектен тасын қопарсаң тарихы сарнап қоя беретін аты аңызға айналған аймақтың, құтты мекеннің өткені мен бүгінгісі сыр шертеді.

Жинақта Ақтоғай аймағының дана бабалары мен рухты арыстары: билер мен батырлар, Алаш арыстары, Ақтоғай аймағының айшықты да айғақты деректері: білім ордалары, ескерткіштер, дертке дауа, жанға сая болған шипагерлер, Тоқырауынның топ жарғандары, Ақтоғай Алаш арысының атамекені, Ақтоғайдың  өркендеуіне үлес майталмандары, спортшылары, еңбекшілері, әнші – ақындары жайлы мағлұматтар нақты деректермен айтылып, айшықталып, көркемделіп көрсетілген. Онымен қоса, Ақтоғай өңірі кең байтақ Сарыарқа бойы табиғи көркемдігімен де аса ерекшеленеді. Бұл өлке тарихи жәдігерлерге де бай.

Өз өлкесін білем деген оқырман қауымға таптырмас еңбек. Ендеше, достар, кітапты оқуға асығайық. Өткенді білуге құштарлық -  болашақ үшін рухани нәр іздеу.

                                                           Өлкетану әдебиеті бөлімінің кітапханашысы Б.Е. Алпысбаева