Кітап - тақтан да қымбат

Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі - білім қазынасы. Ол ұрпақтан-ұрпаққа ауызша, жазбаша түрде немесе әдебиет арқылы да жеткен. Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. «Кітап дегеніміз - алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік», - деген еді Ғабит Мүсірепов. Кітап таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсерді өмір қажетіне жарата білу - әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғы шарттардың бірі.

«Кітап маған тақтан да қымбат», - деп көрсеткен Шекспир. Бұл сөзден түйер ойымыз, адамға жан азығы, рухани байлығы бола білген - кітап. Cол себепті оның орны тақтан да жоғары. «Наданмен қас болғанша, кітаппен дос бол», - дейді Баус. Кітап - сенің асып-таспайтын асыл досың. Себебі кітаппен дос болған адамның ой-өрісі кең, сөз мәдениеті жоғары, саналы, жан-жақты болып тәрбиеленері сөзсіз. Білімнің көзін ашып, ең алғаш ғылым саласын танытқан, оқытып-үйреткен - кітап.

Әр ұлттың, елдің келешегі мен болашағын баян еткен, тарихы мен өткенін жыр еткен де - кітап болатын. Сондықтан да, «кітап әлемдегі құпиялы ұлы ғажайыптардың бірі», - дейді Горький. Онда біз әлі білмейтін, естіп оқымаған қыр-сыры көп. Оны тек кітаппен дос болған адам ғана құпиясын ашып, ғажабын танып біле алады.

Кітап оқуды әр адам өзінен бастау керек. Кейін оны түгел отбасы оқып, талқылауды әдетке айналдыру керек.

Менің ойымша қазіргі кезде оқырман баланың қызығушылығын арттыру үшін «балабақша - мектеп – кітапхана – мұғалім – ата – ана» деген ара – жігі ажырамайтын схемамен жұмыс жасау қажет. Бала балабақша табалдырығын аттаған күннен бастап кітаптың құдіретін ұғындыру. Жыртпауға, сызбауға, боямауға үйрету. Бірінші сыныпта өзінің алғаш бастап оқыған пән оқулығы туралы мағлұмат беру. Мысалы: мектептегі бірінші сыныпта әліппе пәнін оқып бітіргеннен кейін кітапханашылар мұғалімдермен тығыз байланыстағы бағдарламаны жыл көлеміне ұйымдастырса. Кітапханашыларға көмекші ретінде оқушылар арасынан кітапханашыларды сайлап қойсақ. Барлық оқушы кезекпен кітапханашы болып шыққаны дұрыс. Акцияға кезекші баланың ата – анасының біреуі айына бір – рет баласының жұмысын кітапхана келіп көрсе, танысса. Мүмкін болған жағдайда бірге бір күн жұмыс жасасса. Ол апта сайын ауысып, кезек келе береді. Бұл жұмыс оқушылардың кітапханаға деген қызығушылығын арттырады деп ойлаймын. Олар өзімен бірге басқа оқушыларды тартары сөзсіз. Кітапханаға деген дұрыс көзқарасы қалыптасып өседі, кітапты ұқыптап ұстауына, уақытында алған кітапты қайтаруына, кітапханашы мамандығына деген үстірт ой, жаңсақ мінез қалыптаспауына болысады.

Құрметті оқырмандар «Артық білім кітапта, Ерінбе оқып көруге», - деп ұлы ақынымыз Абай жырлағандай ерінбей білім алуға асығайық. Бар білімнің патшасын тек кітаптан ғана таба алатынымызды ұмытпайық! Ал, өзіңізге қажетті кітаптар топтамасын біздің Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапхана қорынан табуға болатынын естен шығармаңыз!

                                                Абонемент бөлімінің басшысы: Құдайберген А.Е.