Полигон туралы білгіңіз келсе

Қазақ даласы талай оқиғаларды басынан кешсе де мойымаған, өзінің ұлттық қасиетін сақтай білген. Осынау сайын даламыздың төсінде ядролық зұлмат орналасады деп ешкім де ойламаған шығар.

Семей полигоны КСРО аумағындағы  ядролық сынақ полигонының бірегейі, аса маңызды стратегиялық нысаны еді. Ол үшін Семей, Павлодар және Қарағанды облыстарының түйіскен тұсынан арнайы 18 млн га жер бөлінген. Бастапқыда адамдарға, жануарлар мен табиғатқа тікелей зардабын тигізген ашық сынақтар жасалған. Кейін сынақ жер астына көшірілген. Осы тәжірибелік алаңдарда 475 ядролық, термоядролық жарылыс жасалды. Жергілікті халыққа сынақ туралы ескертілмеген-ді. Ядролық жарылыстар туралы 1953 жылдан бері де ғана айтыла бастады. Полигондағы сынақтардың әсері туралы алғашқы деректер Қазақ КСР Ғылым академиясы жүргізген медициналық-экологиялық зерттеулер нәтижесінде алынды. Зерттеу жүргізген ғылыми экспедицияны профессор Бахия Атшабаров басқарды. 1949 жылғы алғашқы жарылыстан бастап радиацияның сәулелену ықпалына ұшыраған адамдар арасында сырқат саны ұдайы өсіп келген. Радионуклеидтердің жинала беруі жердің құнарлылығын азайтты. Сөйтіп, 1949 жылдан 1991 жылға дейін ядролық қару қазақ халқы мен жеріарқылы сыналып келді. Саңырауқұлақты көзімен көрген адамдардың ұрпақтарында әлі деқатерлі ісікпен ауыру, өз-өзіне қол жұмсау, ақ қан ауруларымен ауыратындар, зейнет жасына жетпей ерте көз жұматындар қазірге дейін кездеседі. Іргедегі жарылыстан біздің Егіндібұлақ өңірі де сырт қалған жоқ. Соның бірі - екі қолы жоқ суретші Кәріпбек Күйіков. Ол өзі жайлы «Қатал тағдыр мені анамның құрсағында жатқанымда-ақ аяған жоқ. Қос қанаты қиылған құсқа ұқсап, өмірге екі қолсыз келдім, тіліммен жалап ас ішіп, Ленинград іргесіндегі пансионатта қылқамды тісіммен қысып ұстап, сурет салуға әуес болдым. Менің сорымды қайнатқан қасірет - Семей полигонына ұрымтал орналасқан Егіндібұлақ ауданында туғандығым. Полигон зардабын тартқан тірі мұрағат болып, суретшілік өнеріммен күллі дүние жүзін аралап, туған елім тап болған қасіретті бейнелеген суреттерімді көрсетіп, ядролық жарылыстың кеселін әшкерелеп жүрмін»,- деген екен.

1957 жылдың тамызында Жапонияда өткен Атом және Сутегі бомбаларын жоюға бағытталған ІІІ бүкіләлемдік конференцияда заңғар жазушымыз М.О. Әуезов сөз сөйлесе, белгілі қаламгер Ә.Әлімжанов Лондонда Ядролық қарусыздану ұлттық комитетінің конференциясында (Си-Эн-Ди.10.11.1991) және Ұлыбритания қауымдар палатасында (13.11.90) сөз сөйлеп, Семей ғана емес бүкіләлемдегі аждаhалардың үнін өшіруді көтерген. «Невада-Семей» қозғалысына зор үлес қосқан О.Сүлейменовтей абзал ағаларымыздың қозғауының арқасында тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың 29 тамыз 1991 жылғы «Семей ядролық полигонын жабу» туралы №409 Жарлығының арқасында ядролық зұлматтың үні өшті. Бүгінде әлем біздіядролық қарудан өз еркімен бас тартқан және сынақ полигонын жапқан тұңғыш ел ретінде таниды.

Біздің кітапханамыздың қорынан полигон жайлы қазақ, орыс тілінде жазылған көптеген кітаптарды таба аласыз. Ю.Куйдиннің «Қазақстанның ядролық қасіреті», К.И.Байзақованың «Орталық Азияда ядролық қару таратпау мәселелері», М.Тоқашбаевтың «Жан-дауыс», Г.Оспанова, Ф.Габовтардың «Экология негіздері», т.б кітаптармен қатар К.Бозтаевтың «29 август», «Семей полигоны, Қайнар қасіреті», Е.Байғабылұлының «Ядролық зұлмат», М.Сәрсекенің «Семей қасіреті»кітаптарынан жон арқаңды шымырлатар талай ащы шындықтарға куә боласыз. Келіңіздер, оқыңыздар, тарихи оқиғаларды жетік білуге шақырамыз.

 

Көпшілік оқырманға қызмет көрсету секторының басшысы Ахмадиева А.С