Жаңа ғасырдың жаңа мамандықтары

Жаңа ғасырдың жаңа мамандықтары

2020 жылы басталған індет аз уақыт ішінде көп нәрсені өзгертті.  Кәсіпорын жұмыстары баяулап, қашықтан жұмыс жасау қарқынды дамып, жұмыс іздеушілер тұрақты табыс болу үшін онлайн қызмет түрлеріне қызыға бастады.

Назарларыңызға, 2020 жылдан бастап нарықта жақсы дамып, сұранысқа ие бірнеше онлайн мамандықтар жайлы ақпарат ұсынамыз.

Интернет – маркетолог.

Егер сіз сатуды және оған байланысты нәрселерді жақсы көрсеңіз, бұл қызмет сіздің қолыңыздан келеді. Интернет-маркетологтың міндеті – нарықты зерттеп, тұтынушылардың сұраныстарымен жұмыс жасау. Қазіргі таңда интернет-дүкендердің көбеюіне байланысты  маркетолог қызметі сұранысқа өте ие. Себебі олар тек қана тауар сатып қоймай,  дүкен жарнамасымен де айналысады. Ондай адамдар кез келген кәсіп саласына керек.

SMM – менеджер.

Кез-келген кәсіптің әлеуметтік желіде ашылған жұмыс парақшасы болады. Міне, SMM менеджерлер осы парақшаны жүргізумен айналысады. Сонымен қатар жобаларға басшылық жасап, компанияның жарнамасын алға тарта отырып, жеке бренд қалыптастыруға үлкен күш жұмсайды. SMM – менеджер әлеуметтік желіге оқырман жинау мақсатында парақшаға сапалы жарнама үшін, әлеуметтік желіге салынатын мәтін, фотосуреттер, видеоматериалдар үшін жауапты.

Таргетолог.

Әлеуметтік желілерде таргетинг жарнамасын орнатумен айналысатын қызмет түрі. Таргетинг (ағылш. target - нысана) – белгілі бір талаптарға сай интернет пайдаланушыларына жарнамалық ақпарат жеткізетін маркетинг құралы. Бұл жарнаманы тек сіздің тауарыңызды алуы мүмкін адамдарға ғана көрсете аласыз. Яғни, мақсатты аудиторияңызды таңдап олардың жасына, жынысына, орналасқан жеріне таңдау жасап жарнама орната аласыз. Қазіргі таңда ең нәтижелі жарнамадан таргетинг көш бастап тұр.

Копирайтинг (copywriting).

Копирайтер – жарнамалық мақсатта сапалы мәтін жазып сататын адам. Жазылған мәтін өнімнің сатылымына, компанияның дамуына, кәсіптің дамып кетуіне тікелей әсер етеді. Копирайтердің міндеті – тапсырыс берушінің талаптарына сәйкес жазылған мәтінді белгіленген мерзімде ұсыну. Бұл мамандық тілді жақсы білуді, кәсіпке бейім, сатуға икемі болуын талап етеді.

Жаңа ғасырда жаңа мамандықтар сұранысқа ие болып жатыр. SMM менеджер, копирайтер, таргетолог, фрилансер, сторисмейкер сынды онлайн мамандықтар күннен күнге дамып, бұл мамандықтарды оқытатын курстарда кеңінен етек алуда. Оқимын, үйренемін, дамимын деген кез-келген адамға барлығы да қолжетімді. Ендеше, әлемде болып жатқан індетке қарамастан барлығы дамыған заманда әрқашан алға жылжып, үйреніп, білім алып, дамудан шаршамайық.