Жайдарлы күз, жарқын күз!

Берекесін сыйлауға,

Өлкемізге күз келді.

Жемістерін жинауға

Шақырады біздерді.

                - деп, ақындарымыз өлең жолдарында күзді әдемілеп сипаттайды.

Күз – береке бастауы, молшылықтың мезгілі. Еңбектің қадірін білген қазақ халқы күзді ырыс-береке деп қадір тұтқан. Әрбір жыл мезгілі өзіндік сұлулығымен ерекше. Ал мен үшін орны бөлек, жаныма жақын – күз мезгілі. Олай айтатын себебім, күз мезгілінің табиғатының өзі ерекше: қоңыр салқын ауа райы, ағаштардан түскен сары жапырақтар айналаның бәрін сары алтынға орағандай болады. Күзде күн қысқарып, түн ұзарады, құстар жылы жаққа ұша бастайды. Адамдар бақшасындағы жемістері мен көкөністерін жинап, олардан әртүрлі тосап, шырындар дайындап, дастарханның үсті түрлі тағамдарға толады.

Қазақта «Қыстың қамын жазда ойла» деген жақсы сөз бар. Күзде диқаншыларымыз егіндерін орып, қамбаларымыз астыққа толады. Ауылдағы адамдар жем-шөптерін, отын-суларын кіргізіп,  қыстың қамына кіріседі. Күз мезгілі нағыз еңбектің науқаны, ауылдағы бұл күндер ұмытылмас қызықты шақтар деп айтсақ қателеспеген болармыз.

Күз айы береке мен мерекеге толы мезгіл. Солардың бірі «Алғашқы қоңырау»мерекесі. Балалар жаңа киімдерін киіп, қолдарына гүл алып мектепке асығады. Пандемия болып, осы мерекенің қадірін қатты түсінгендейміз. Балалар бұрынғыдай емін-еркін мектепке барып, білім алып, құрбыларымен, ұстаздарымен араласса екен деп тілейміз.

Мектепте балалар үшін аталып өтетін ерекше «Алтын күз» мерекесі керемет қой, шіркін! Сайыстар ұйымдастырылып,  оқушылар өз өнерлерін ортаға салып мәз-мейрам болады.

«Тілдер» мерекесі «Ұстаздар күні», «Қарттар күні» – күз айының берекелі мейрамдары.

Биылғы келген күз мезгілі баршаңызға мол табыс, бақыт әкелсін! Қазақ елі індеттен аман болып,  әр шаңырақтың дастарханы мол, мамыражай күндері көп болсын деп тілеймін. 

                        Негізгі қорларды сақтау бөлімінің кітапханашысы
                        Аманбекова М.А.