Бір нәзік сәуле

Бір нәзік сәуле: Қасым Аманжоловты сөзіне жазылған әндер жинағы. Құраст. Қ.Айтбаев, А.Мырхахмет. – «QASYM» сериясы, ІV кітап. – Қарағанды: «Мағжан» баспасы, 2021. – 200 б.

Құрметті оқырмандар! Алдарыңызға ұсынылып отырған жаңа кітап, қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, қазақтың дана һәм дара ұлы, дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың 110 жылдық мерейтойы аясында жарық көрді.

Елге деген сүйіспеншіліктің, ұлтқа деген махаббаттың асқақ рухы сезілетін Қасым жырларын бүгінгі ұрпақ жатқа айтып, қасиетті бойтұмарындай сақтап келе жатқанын «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ...» атты республикалық дәстүрлі Қасым Аманжолов оқулары  болашақ ұрпақтың бойында өр рух пен әдеби төңкерілістің туындауына түрткі болып келеді.

Қасым оқуларының өзіндік ерекшелігі ақын рухына тағзым етіп, оның жанартау жырлары арқылы Тәуелсіз ел жастарының рухани жиегін кеңейту мақсатында «QASYM» сериясымен жарық көрген кітабы. Бұл кітаптың тұсаукесері Қасым Аманжолов оқуларының жеңімпаздарын марапаттау салтанатында өткізу дәстүрге айналған.

Қасымның азаматтық тұлғасы, қуатты поэзиясы жайлы жазылған құнды деректер бүгінге дейін «Qasym» сериясымен 4 кітап  болып жарық көрді.

Естеріңізге сала кетсек, алғашқы 2018 жылғы жинақта көзі көрген ақын жазушылардың естелік жырлары Сырбай Мәуленов, Мұқағали Мақатаев, Ғафу Қайырбеков, Жұмекен Нәжімеденов сынды ақындардың арнауларымен және кейінгі толқын «Жыр жауһарлық» ақындар Мирас Асан, Жәнібек Әлиманға дейінгі Қасымға арнаған өлеңдері топтастырылған.

2019 жылы жарық көрген екінші кітабынан дауылпаз ақынның замандастарының ең іргелі естеліктері мен зерттеу мақалаларын оқуға болады. Ал 2020 жылы «Qasym» сериясымен шыққан 3 кітабынан Қарағанды облысының қаламгерлері мен ғалымдарының Қасым Аманжолов туралы ғылыми-танымдық мақалаларын тауып оқи аласыздар.

Аталмыш кітаптардың жарыққа шығуына жетекшілік етіп, басы-қасында болып, қазыналы  өлкенің әдеби өмірінің өркендеуіне өзіндік үлес қосып келе жатқан жас прозашы Алмаз Мырзахметтің және ақын жайлы жазылған әрбір дүниені қастерлеп, жинап, оны жинаққа топтастырудағы кітапханашылардың қажырлы еңбектерін ерекше атап өтуге болады.

Биылғы жылы «Qasym» cериясымен жарық көріп отырған төртінші кітабы «Бір нәзік сәуле» атты көрген ноталар жинағының құрастырушылары Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы, танымал күйші Қайрат Айтбаев және Жазушылар одағының мүшесі, «Маgzhan» баспасының директоры, жазушы Алмаз Мырзахмет.

Жаңа жинаққа Қасымның  әндерімен қатар, ақын сөзіне жазылған әндер енді. Еңбекті  топтастыруға бір жылдай уақыт кетті. Кітапқа Қасымның өз әндері сонымен қатар, ақын сөзіне жазылған әндер біріктірілген. «Бір нәзік сәуле»  жинағының  алғы сөзінде әнші, этнограф Ерлан Төлеутайдың зерттеуіне сілтеме берілген. Ал, жазушы Дидар Амантай  кесімді пікір жазған. Ән жинақта ақын сөзіне жазылған кей әндер тұңғыш рет жарияланып отыр. Бұл жинақтан 45 әнді нотасымен оқи аласыздар.

Қазіргі кезде Қасымтану атты үлкен сала ғылыми айналымға келе жатыр. Қасым мұраларын зерттегісі келетін жас ғалымдардың қатары артуда. Соларға осы «Qasym» cериясымен шыққан кітаптар әдістемелік құрал ретінде пайдалануға таптырмас көмекші болары анық. Болашақта мектептер мен жоғары оқу орындарында қасымтану элективті курсы ашылса осы кітаптар таптырмас көмекші құрал бола алады.

                                        Өлкетану әдебиеті бөлімінің басшысы С.О.Телпекбаева