Қоғам қайраткері, заңгер, құқық магистрі Жақып Ақбаев

Биыл қазақтың тұңғыш заңгері, қоғам қайраткері, құқық магистрі Жақып Ақбаевтың туғанына 145 жыл толып отыр.

Алаш зиялысы, күрескер, қайраткер, Алашорда үкі­ме­ті­нің мүшесі, заңгер, қазақтың тұңғыш құқық магистрі Жақып Ақбаев 1876 жылы 25 қазанда бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезі Төңіректас деген жерде дәулетті отбасында дүниеге келеді. Әкесі Ақбай болашағынан зор үміт күткен үшінші ұлы Жақыпты Қарқаралы қаласындағы қазақ интернатына береді. Мектепті тәмамдағаннан кейін ол Омбы, Томск гимназиясын бітіреді. Содан кейін Жақып Санкт-Петербург университетінің заң факультетінде білім алады. Өмірінің соңына дейін сот мекемелерінде әртүрлі қызмет атқарған.

Сіздерге жергілікті ғалымдар Зарқын Тайшыбайдың Нұрлан Дулатбековпен бірге жазған «Жақып Ақбаев» монографиясын ұсынғым келіп отыр. Бұл монография Алаш көсемдерінің тарихи еңбегі мен азаматтық тұлғасын ашып көрсететін алғашқы еңбектердің бірі болатын. Жақып Ақбаевтың «Менің рухым өлмейді» деген эпиграфымен басталуы, атаулы тұлғаның тарихи мұрасының өміршеңдігін көрсетеді. Монографияны оқи отыра, ол іргелі білім алған тарихшы екенін ғалымдар құжаттық дәлелімен жеткізгенін көруге болады.

Бұл еңбекте әйгілі заңгер, үлкен ғалым және қазақ халқының тәуелсіздігі үшін өмірінің ақырына дейін күрескен азамат Жақып Ақбайұлының күрескерлік өмірбаянына талдау жасалған.

Кітап ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы Қазақстанның тәуелсіздігі, қазақ халқының отарлық езгіге қарсы күресі тарихына ден қойған қалың оқырман қауымға, тарихшы – зерттеушілерге, мектеп оқушылары мен студенттерге арналған.

Жақып Ақбаевтың заңдық қызметте істегені осы монографияда ашып жазылған. 1918 жылдың аяғына дейін Семей губревокомының заң бөлімі жанындағы сот-тергеу учаскелерін басқаратын комиссияның мүшесі, 1920 жылғы қаңтардан бастап Семей губревкомы басқармасының заң бөлімінің меңгерушісі болды. Оның тікелей қатысуымен губерниядағы сот-тергеу мекемелері құрылды және сәуірден Семей кеңестік халық сотының мүшесі болды.

«Алаш ардагері» (Алматы, 1996) кітабы қазақ халқы тарихындағы ең жарқын және тағдыры қайғылы тұлғалардың бірі – қазақтың Санкт – Петербург университетін бітірген тұңғыш құқық магистрі Жақып Ақбаевтың өмірі мен қызметіне арналған. Бұл туынды - белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Құл – Мұхаммедтің  көп жылдар бойы архивтерде жүргізген ізденістерінен туындаған еңбек.

Кітаптан Жақып Ақбаевтың саяси күресін, Алашорданың бағдарламалық құжаттарында көрсетілген принципті заң шығарушылық нұсқаулар бойынша жүргізген қажырлы еңбегін, өз халқына қалай қызмет етудің үлгісі болатын тұлғаның бейнесін көз алдына келтіреді.

Кітапханамызға сыйға тартқан экономика ғылымдарының докторы, профессор, академик Рашид Кәреновтің «Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметінің жиырма көшбасшылары» (Қарағанды, 2014) кітабынан Жақып Ақбаевтың Алаш тарихында өзіндік орны бар, халқының тағдырын өз тағдырындай көрген қайраткерлігін оқи аласыздар.

Сонымен қатар 352 автордың туындылары жиналған – Бұқар Жырау, Қаз дауысты Қазыбек биден бастап қазіргі заманғы жазушылардың шығармалары бар 100 томдық сериялы «Сарыарқа кітапханасы» (Астана, 2013) ғылыми басылыммен танысып шықтым. Сол 352 автордың ішінде әмбебап тарихшы Жақып Ақбаевтың Қарқаралы петициясы, қазақтардың дағдылы, оның ішінде некелік құқықтары туралы жазбалары, тергеудегі жауаптары туралы баяндалған.

Ж.Ақбаевтың өмірі мен қызметі оның өзі мен серіктерінің идеялары мен көзқарастары таза тарихи ықылас туғызып қана қоймайды. Олар өз халқына қалай қызмет етудің үлгісі де бола алады деп ойлаймын.

Егерде сіздерді Жақып Ақбаевтың еңбектері, қызықтыратын болса, кітапхана қорынан алып танысуларыңызға болады және электронды түрде мерзімді басылымдарды біздің электрондық каталогтан қарап оқи аласыздар!

                                                 Өлкетану әдебиеті бөлімінің кітапханашысы: Амантаева Г.