Қозғалыс - өмір өзегі

«Қозғалыс - бұл өмір, ал өмір - бұл қозғалыс»

«Қозғалыс – бұл өмір» деген сөздің жаны бар. Себебі бұл тұжырымдама шындыққа сәйкес айтылған. Адам жаратылысынан қозғалыста жүретін пенде болып жаратылған. Сол себепті де егер ол қимылсыз қалса, қандай да бір ағзасына кері әсер етуі мүмкін. Мәселен, компьютер алдында тапжылмай отырып жұмыс істейтіндер мен басқа да қимыл-қозғалысы аз бір орында отырып жұмыс істейтіндердің көпшілігі остеохондроз, сколиоз  ауруларымен ауырады. Сонымен қатар қимылы аз адамның денесін май басып, семіздікке шалдығуы да ғажап емес. Ал бәріңіз білетіндей, семіздікке жол берген адам түрлі аурулармен ауырып, қосымша жүрек-қан тамыр жүйесінің бұзылуына шалдығады. Қысқаша айтқанда, қозғалыссыз өмір – кез келген ауруға алып баруы мүмкін. Адам қозғалыста неғұрлым  көп болса, қанымызда оттегі де соғұрлым көбейе түседі. Олай болса, адамның денсаулығы, оның ағзасының мүмкіншілігі көбінесе өзінің сезімталдығы мен санасына байланысты

Денеміздегі бұлшық еттерді ширықтырып күшейту үшін амал-тәсіл бар ма? Әрине, бар. Ол не десеңіз, бұл – үнемі денені, бұлшық еттерді қозғалыста ұстау, таза ауада жүру, гимнастиканы күнделікті әдетке айналдыру. Демек, ұзақ өмір сүру үшін бір ғана қозғалыс аз, адамның рационындағы тамақ, су, таза ауаның маңызы зор.

Осы орайда орыс жазушысы  А.П.Чеховтың «Адам бет пішінінде, сыртқы тұлғасымен де, киімімен де, жан-дүниесімен де, ой-санасымен де сұлу болуы керек», - деген сөзі еске түседі.  Шындығында, денсаулығы жақсы кісінің көрікті де әдемі көрінетіні сөзсіз ғой. Әрине, қай – қайсымыз да сымбатымыздың, жанымыз бен тәніміздің жастық қалпы ұзақ сақталуын қалаймыз. Бұл үшін сырт бейнемізді күтумен бірге, денсаулыққа да қамқорлық жасауымыз керек деп ойлаймын.  Денсаулықпен қатар дене құрылысымыздың сымбатты  көрінуі үшін де әртүрлі жаттығуларды үздіксіз жасап жүрейік. Қорыта келе, адамның денсаулығы үшін күресте, яғни аурудың алдын алу тәсілдерінде тамақ пен ұйқының маңызы қандай болса, қозғалыс пен гимнастиканың мәні де сондай. 

Денсаулығыңыз мықты, келбетіңіз ажарлы болсын десеңіз әрдайым қозғалыста болыңыз.

                                                            Негізгі қорларды сақтау бөлімінің
                                                            басшысы Багзибекова А.Х.