Арқаның аңызы, Алаштың абызы

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында әдебиетке келіп, күні бүгінге дейін үздіксіз еңбек етіп келе жатқан заманымыздың көрнекті өкілі – ақын, прозашы, драматург Софы Қалыбекұлы Сматаев 80 жасқа толып отыр. Осы мерейлі мереке қарсаңында Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы және Қарағанды облысының мәдени – сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрында қазақ әдебиетінің классигі, Халық жазушысы, белгілі қоғам қайраткері Софы Сматаевтың 80 жылдық мерейтойына арналған «Арқаның аңызы, Алаштың абызы» атты шығармашылық кеші өтті. Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Елімай-ай» деп соққан жүрегі... атты кітап көрмесін ұйымдастырды.

Кітап көрмесіне алаштың халық жазушысы Софы Қалыбекұлының 60-қа жуық кітаптары мен шығармашылығы жайлы баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалары және фотосуреттері қойылды. Соның ішінде Софының жазушылық есімін танытқан – оның романдары, әсіресе, тарихи романдары. Көрмеде басты назарда жазушының  «Елім – ай» (Алматы, 2009ж.)  тұңғыш романы трилогиясы, он жеті томдық шығармалар жинағы,    сергек ойлы ақынның әр жылдары жазылған жырлары «Жылдарым – жырларым» (Алматы, 2009ж.) атты 3 томдық жыр жинағы  қойылды. Айтулы сөз зергерінің Әз Жәнібек ханның уәзірі болған қасиетті Мейрамсопы бабамыз бен Қаракесектің ұранына айналған киелі Қарқабат (анамызға) арналған «Мейрамсопы - Қарқабат» (Алматы, 2010ж.) атты сыр-дастандары және тағы да басқа шығармалары кітап көрмесінде оқырмандарға ұсынылды.  

Жазушының өзі қатысқан кеште С.Сматаев туралы «Тұлға» атты фильм көрсетіліп, С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының актерлері «Көгілдір такси» спектаклінен үзінді қойды. Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Арқа сазы» және «Аққу» фольклорлық ансамблдері мен әнші Сержан Мұсайын өнер көрсетті. Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Қабдоллаұлы Бөлекбаев құттықтау сөз айтып, жазушымызға шапан жапты.

Құрметті оқырмандар, біздің кітапханамызда жазушының өнегелі өмір жолын, қаламгерлік қазынасын кеңінен танытатын туындылары мен шығармаларына арналған  кітап көрмесімен танысуға шақырамыз!

 

Өлкетану әдебиеті бөлімінің кітапханашысы: Амантаева Г.