Ұлытау ұлы – Жүрсін Ерман

Құрметті оқырмандар, Ұлытаудың ұларын жырға қосқан, жерлесіміз, ақын, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың 2 мәрте иегері, «Құрмет» орденімен марапатталған, Қазақстан айтыс ақындар мен жыршы термешілердің халықаралық Одағының Төрағасы Жүрсін Ерман 70 жасқа аяқ тіреп отыр.

Жүрсін Молдашұлы Ерманов - Ұлытау өңірінің тумасы, 50 жыл ғұмырын айтыс өнеріне арнаған. Ақындарды үлкен сахнаға шығарып, халық өнерін, ұлттық рухты көтеруге үлес қосты. Ақындар айтысын жинақтап жариялау, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, «Қазақтың айтыс ақындары» жинағын құрастырып шығарды. Бірнеше бейне, аудио – кассета, дискілері жарыққа шықты

Кеншілер мәдениет сарайында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Молдашұлы Ермановтың 70 жас мерейтойына арналған әдеби-сазды кеш өтті. Кешті ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жанарбек Әшімжан жүргізді. Кешке ақын – жыршылар, өнер саласының майталмандары да келді. Айтулы кешке ЮНЕСКО халықаралық академиясының «Алтын қыран» Орденінің иегері, «Аңыз адам» Ұлттық сыйлығының лауреаты, Асанәлі Әшімов, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері – Алтынбек Қоразбаев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері- Ұлықбек Есдәулет сынды ақындар   қатысты. Айтулы іс – шарада қазақ айтыс өнерінің қамқоршысы Жүрсін Ерман жайында фильм көрсетілді, Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жүрекжарды сөзін айтып, дәстүрлі қазақи салтпен үстіне шапан жапты. Сонымен бірге кештің қадірменді қонақтары жылы-жылы  лебіздерін білдірді. Ақын, журналист Жүрсін Ермановтың «Ұлытаудан - Алатауға» атты кітабының тұсауы кесілді. Театр және кино актері, режиссер, өнер қайраткері, Қазақстан және КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері  Асанәлі Әшімов, Қазақстан халық әртісі, композитор, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері – Алтынбек Қоразбаев, Ақын, журналист, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері - Ұлықбек Есдәулет кітаптың тұсауын кесті. Кеш соңында Жүрсін Молдашұлы өзінің туған өлкесінде мерейтойының кең ауқымда аталып жатқанына риза болып, облыс әкіміне, Қарағанды жұртшылығына алғысын айтып, өзінің жыр жинағын шараға қатысқан барша жұртшылықққа сыйға тартты.                                                                                                        

Оқырман қауымға Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Жүрсін Ерманның құрметіне «Жүрсіннің жезкиік жырлары» атты кітап көрмесі ұсынды. Көрмеде ақынның «Жанартау», «Арайлы күн, армысың!», «Ұлытауға бардың ба?», «Құдіретке жүгіну», «Екі тізгін, бір шылбыр», «Құстың көлеңкесі», «Арнадым сізге», «Көктөбедегі кездесулер», «Алыстан және жақыннан», «Ырғай», «Гөй- гөй» ,ақынның 5 томдық шығармалар жинағында 1-2 -томында, ақынның таңдамалы өлеңдері топтастырылса, қазақ айтысының қатепті қара нары Жүрсін Ерманның көркем очерктері, естелік – эсселері оқырманды бей – жай қалдырмайды. 4 – томында қазақ әдебиеті алыптарының Жүрсін Ерман туралы лебіздері, белгілі сыншылардың әдеби – сын мақалалары, ақындардың арнау өлеңдері топтастырылып, Ақын Жүрсін Ерманның шығармашылық мұрасы, тұлғалық болмысы жан – жақты ашылған, 5 – томында Жүрсін Ерманның ақындар айтысын жаңғырту жолында төккен тер мен тартқан азабы, атамұра алмас өнерімізге қолдау көрсеткендер мен көре алмай күндегендер жайлы және ақынның өмірі мен өлеңі жөнінде сыр шертеді. Автордың сыр – сұхбаттары топтастырылған бұл кітап - айтыс сүйер, өлең сүйер қалың қазақтың рухани қазынасы болары сөзсіз. Баспасөз бетіне шыққан автордың  «Ұлытауды ұлықтау басталды» мақаласы және басқа журналистердің мақалалары көрменің мазмұнын  аша түсті.

25 қараша күні  Кеншілер сарайында республикалық ақындар айтысы өтті.  Көрерменнің делебесін қоздырып, қанын қыздырған сөз сайысының тізгінін филология ғылымдарының докторы, профессор, айтыстың ақтаңгері,  ақын , ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтай ұстады.

Атадан қалған асыл сөзді ұрпақтан – ұрпаққа жеткізіп, ұлтты ұйыстырған айтыскер ақындар халық руханиятының барометрі іспетті. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтсақ, «Айтыс – сөз барымтасы». Қызыл тілін қылышы, ынтымақты ырысы деп түсінген айтыскерлер ұлы бабаның үнін жұртқа жеткізіп, «қыран ұшса қанаты талған, тұлпар шапса тұяғы тозған» дана даланың рухын тағы бір мәрте асқақтатты. Аламан айтыстың атасы Жүрсін ағамызды сан қырынан кестелі көркем сөзбен сомдады. Әдемі әзіл, қисынды қалжың көңілге қонды. Қоғамның тыныс – тіршілігі де назардан тыс қалмады. Ұлы даланың асқақ үнін естігендей болдық десек артық емес.  Әділ қазылар алқасында өнер майталмандары мен ақындар төрелік етті. Қазылар алқасының шешімімен айтыстың бас жүлдесін қарағандылық - Төлеген Жаманов (Жезқазған) иеленіп, Қарағандының абыройын асқақтатты. Барлық ақындарға дипломдар, гүл шоқтары және ақшалай сертификаттар табыс етілді. Айтыстың абызына айналған Жүрсін Молдашұлының  еңбегіне шығармашылық табыс тілейміз!

Өлкетану әдебиеті бөлімінің кітапханашысы: Алпысбаева Б.Е.