Қазақ тіліндегі әлемдік бестселлер кітаптар

«Best seller» – термині ағылшын тілінен шыққан сөз, «жақсы сатылымға ие кітаптар» деген мағынаны береді. Демек, «best seller» термині әдеби ағым мен бағытты немесе жанрды білдірмейді, ең жоғарғы сатылымға ие кітап деген мағынаны береді. Көптеген сарапшылар бестселлер кітаптардың ерекшеліктерін анықтай келе, мынадай тұжырымдар жасаған:

Бестселлер кітаптар орта есеппен алғанда 370 беттен тұрады. Сондай-ақ, әйел жазушылардың шығармалары бестселлер кітап атануы жиі кездесетін жайт. Бұл терминді Батыста алғаш рет 1889 жылы пайдаланған. Бестселлер кітап ретінде көбіне махаббат туралы хикаяттар таңдалған. АҚШ-та махаббат оқиғасына қызығатындардың арқасында 1,5 млрд доллар табыс айналымға түскен. Ал детектив пен мистика 730 млн. табыс алып келетін жанр санатына енген. Діни тақырыптар мен психологиялық, нақтырақ айтсақ, мотивациялық кітаптар 720 млн долларды, ғылыми фантастика мен фэнтези 590 млн. долларды құраса, үрейлі шығармаларға қызығушылар 79 млн. табыс алып келген екен.

Түрлі жанр бойынша әр мемлекетте қымбат сатылымға ие болып, ең көп тиражбен шығарылып жатқан әлемге танылған бестселлер кітаптар айтарлықтай көп. Қазіргі таңда сол бестселлер кітаптардың көбі ана тілімізге де аударылып, жарық көруде. Ендеше, қазақ тіліне аударылған әлемдік бестселлер кітаптардың бірегейіне және оқырмандардың ерекше сұранысына, ықыласына ие болған кітаптарға тоқталсақ:

Стивен Кинг – көптеген бест­селлер туындылардың авторы. Оның фэнтези, мистика, триллер, детектив, ужас сияқты түрлі жанрларда жазған 300-ге жуық әңгімесі мен романдары бар. Солардың бірі – «Жасыл миль» романы. Жазушы «Жасыл миль» («The Green Mile») шығармасын 1996 жылы аяқтаған. Жұрттың ерекше ықыласына ие болған бұл роман желісі бойынша 1999 жылы көркем фильм түсірілген. Романда Луизиана штатында орналасқан Суық Тау түрмесіндегі оқиғалар суреттеледі. Өлім жазасына кесілгендерді жазалауға арналған «Олд Спарки» электр орындығына апаратын дәлізді тұтқындар жасыл миль деп атап кеткен. Романды қазақ тіліне аударған Мира Сембайқызы.

«Алхимик» – бразилиялық жазушы Пауло Коэльонің 1988 жылы жарық көрген ең танымал әрі ең көп таралған романы, әлемдегі миллиондаған оқырманның сүйікті кітабы. Жазушы романында: «Адам өз тағдырын өзі жасайды, әрі оның ұлы мұраты да сол» деген ой айтады. Бұл ой романның желісі философияға толы екенін көрсетіп тұр. «Алхимик» романы 2021 жылы «Мазмұндама» баспасынан қазақ тіліне аударылды. Бұл шығарма әлемнің 83 тіліне аударылып, 170-тен аса елде басылып шыққан.

Халед Хосейнидің «Батпырауық қуған бала» романы, әлемнің 53 тіліне аударылған. Бұл роман сиясы кеппей жатып, талғамы биік оқырман қауымның жоғары бағасын алып үлгерген. 2005 жылы АҚШ-тың ең көп сатылымға ие болған кітаптар тізімінде 3 орынды иеленген бестселлер кітап. Романның негізгі желісі – Ауған балалары Әмір мен Хасеннің тағдыры жайлы, сондай-ақ, үстем тап пен қараша халықтың, саяси-әскери төңкерістерді бастан кешкен Ауғанстанның қасіреті туралы баяндалған. Әр тарау сайын оқиғалар күрт өзгеріп, шарықтап отырады. Роман 2021 «Фолиант» баспасынан қазақ тіліне аударылып басылып шықты.

«Кішкентай ханзада» - Француз авторы Антуан де Сент-Экзюперидің ең танымал аллегориялық шығармасы. Алғаш рет 1943 жылы 6 сәуірде Нью-Йорк қаласында басылып шықты. Қазақ тілінде алғаш рет КСРО кезінде Тәкен Әлімқұловтың аударуымен «Кішкентай шахзада» деп аударылған, дәл осы аударманы, осы атауымен 2020 жылы «Qasym» баспа үйі өңдеп қайта басып шығаруда. Сонымен қатар, 2013 жылы Атамұра баспасынан, Жанар Қонаеваның аударуымен «Кішкентай ханзада» атауымен шыққан нұсқасы да көпшілік оқырманның ықыласына ие болған. 2011 жылы бұл шығарма әлемнің 180 тіліне аударылған және тиражы 80 миллионға жеткен.

Англиялық танымал жазушы Джоан Роулингтің сиқыршылар әлемі жайлы жеті томдық шығарма жинағы сатылым жағынан балалар әдебиеті жанры бойынша бұрын-соңды болмаған рекорд орнатқан. Жазушының «Harry Potter» романдар сериясы бүгінге дейін әлемнің 80 астам тіліне аударылған, жеті бөлімнен тұратын роман барлығы 500 миллион данамен басылып шыққан. Бүгінгі таңда бұл романның құны 12.78 миллиард долларға бағаланады. Сонымен, миллиондаған балалардың сүйікті кітабына айналған, көзілдірікті сиқыршы бала Хәрри Поттер мен оның құпияға толы тылсым әлемі туралы жеті томдық шығармалар жинағын алғаш рет қазақ тіліне аударған «Steppe & WORLD Publishing» баспасының ұжымы. Баспа ұжымының аудармашылары Динара Мәзен, Саят Мұхамедияр және Нәркез Берікқазы 2020 жылы «Хәрри Поттер мен пәлсапа тас» атты романның алғашқы бөлімінің тұсауын кесті.

Сонымен қатар, 2020 жылы «Мазмұндама» қорының «100 Qazaqsha Bestsellers» жобасының кезекті кітабы «The New York Times» газетінің бестселлер тобын қатарынан 10 жыл бастап тұрған еңбектің авторы, адамдармен тіл табысудың қыр-сырын насихаттаған педагог, психолог Дейл Карнегидің «Дос табу және адамдарға ықпал ету өнері» атты психологиялық жанрдағы кітабы. Бұл шығарма әлемнің көптеген тіліне аударылып, 1937 жылдан бері 15 миллионнан аса таралыммен сатылған бестселлер шығарма.

Соңғы екі жылда, елімізде кітап баспалары әлем әдебиетінің үздік шығармаларын қазақшалауда үлкен жұмыс атқаруда. Мысалы, «Фолиант» баспасынан осы күнге дейін Луиза Мэй Олкоттың атақты «Кішкентай ханымдар» романы, Даниэль Дефоның «Робинзон Крузо» шытырман оқиғалары, Джонатан Свифтің «Гулливердің саяхаттары», Халед Хосейнидің «Жарқыраған мың күн», Гүзел Яхинаның «Зүлейханың оянуы» және Орхан Памуктың бірнеше романдары қазақ тіліне аударылған. Сонымен қатар, «Мазмұндама» қорының «100 Qazaqsha Bestsellers» жобасы аясында соңғы жылдары әлем әдебиетінің бестселлер атанған шығармалары аударылып, кітап сөрелерінен табылуда.