Жас кітапханашылар мектебі

«Кітап – білім бұлағы». Осы білімнің бұлағымен оқырмандарды сусындатып, қызмет көрсететін кітапханашылар қауымы. Кітапханашыларға өз қызметін атқару барысында заман талабына сай  кәсіби әрі сапалы қызмет көрсету міндеті жүктелген. Осы бағытта кітапханамызда жас мамандардың біліктілік деңгейін арттыру мақсатында «Жас кітапханашылар мектебі» бағдарламасы бойынша сабақ басталды.

Бүгін, 10 наурыз күні осы Жас кітапханашылар мектебінің алғашқы сабағы өтті. Сабақтың барысында алғашқы кезекте Валентина Иосифовна Пак Қазақстандағы кітапхана ісінің тарихына тоқталып, тың мәліметтер берді. Сонымен қатар сабақ тақырыбына сәйкес Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды ОӘҒК-дағы басты құжат Жарғы, кітапхана қызметін пайдалану Ережесі, әр кітапханашының  лауазымдық нұсқаулығы, әр бөлімнің Ережесі және тағы басқа кітапхана қызметін реттейтін негізгі құжаттар туралы кітапхананың әр қызметкерінің білуі керектігі туралы айтып өтті.

Әсер қалдырған жайт кітапханамыздың тарихы. Кітапханамыз қалалық кітапхана деңгейінен облыстық әмбебап ғылыми деңгейіне көтерілген кезеңге дейін баяндалды. Алғашқы кітапханашы және кітапхана жұмысын ұйымдастырушы П.П. Кривцова жайында сөз болды. Қарағанды облысындағы кітапхана ісін дамытудағы адал еңбектері үшін Мемлекеттік марапаттарға, Қарағанды облысы әкімінің сыйлығына ие болған қызметкерлерді үлгі етті, кітапхананың қалыптасып, дамуына әсер еткен әлеуметтік-экономикалық кедергілер туралы айтылды.

Алдыңғы буын өкілдерінің берген білімі мен тәжірибесі біз сияқты жас кітапханашылар, жас мамандар үшін үлкен  көмек деген ой түйдім.

                                              

                                                                      Кітапхана процестерін автоматтандыру бөлімінің кітапханашысы Ж.Т. Мукушева