Ұлы дала батыры – Тайманның ұлы Исатай

Қазақтың арғы – бергі тарихында ауыз толтырып айтарлықтай аңғал да қайсар, халық қамын көздеген қаһарман, азаттық үшін алысқан батырларымыз аз емес. «Ереулі атқа ер салып, егеулі найза қолға алып» қылыш сермеген, елінің азаттық жолында құрбан болған сол есіл ерлердің бірі - Исатай Тайманұлы. Бөкей ордасы мен Кіші жүздң батыс бөлігін қамтыған азаттық көтерілісінің басшысы, Ағатай батырдың ұрпағы Исатай Тайманұлының туғанына биыл – 230 жыл!

Кітапханамыздың абонемент бөлімі «Ұлы дала батыры – Тайманның ұлы Исатай» кітап көрмесін ұйымдастырды.

Исатай Тайманұлы басынан өткен көптеген әрі қауіпті оқиғаларға мойымай асқан қайсарлық көрсетіп, өз жауларымен өмірінің ақырыны дейін алысып өтті. Тек Исатай ғана «өлгенінше көпті соңына ерте алды»- дейді Х. Досмұхамедов.

Кітап көрмесінен қазақ халқының тарихи тұлғалары, қазақ батырлары және  Исатай Тайманұлы туралы ой толғауларын екі тілде оқып,танысуларыңызға болады.

Атап айтсақ, Е.Ө.Пірімбетова «Қазақстандағы ұлт – азаттық қозғалысы» (Алматы, 2001) (ХҮІІІ-ХХғ.ғ. басы ) еңбегінде қазақ халқының мемлекеттік дербестік жолындағы күрес барысы баяндалады, сондай – ақ тарихи тұлға ретінде осы көтеріліс басшыларының, яғни Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының  рөлі емен –жарқан ашылған.

«Қазақ халқының тарихи тұлғалары» (Алматы, 2011) жинағында  есімдері көне дәуір қойнауынан бүгінгі күнге дейін жеткен қазақ халқының тарихи тұлғаларының өмірдеректері, олардың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани мұралары топтастырылған.

Бұл кітап Елім, Халқым, Жерім деп тебіренетін әрбір қазақтың төрінен де, жүрегінен де өз орнын алары сөзсіз.

«Махамбет батыр» (Алматы, 2004) жинағында атақ – даңқы алысқа кеткен ардақты ақын, жаужүрек батыр Махамбет Өтемісұлының өмірі мен шығармашылық жолына арналған. Бұл еңбекке Махамбет пен Исатай Тайманұлы туралы, ақынның шығармашылығы жайында  зерттеген ғалымдардың, тарихшылардың, танымал музыканттардың мақалалары енгізілген. Кітап жас толқын – өнер сүйер шәкірттерге, мәдениет зерттеушілері мен қаламгерлерге, жалпы көпшілік оқырманға арналған.

«Көркемсуретті Қазақстан тарихы» (Алматы, 2006) ІІ томында Қазақ хандығының құрылуы мен қалыптасуы, жоңғарлармен арадағы ұзақ жылдарға созылған соғыс қасіреті, Қазақстан жерінің Ресейге қосылуы сөз болады, тарихи тұлғалардың өмірбаяны келтірілген, сондай –ақ қазақ халқының тұрмысы мен мәдениетіне сипаттама берілген. Кітап көпшілік оқырман қауымға арналған.

Сонымен бірге, газет – журнал материалдарынан да ақпарат ала аласыздар.

Қазақ қамын ойлаған қажырлы батыр, қазақ кедейлерінің көсемі – Исатай Тайманұлының есімі – мәңгі халық есінде сақталады.

Құрметті біздің оқырмандар, сіздерді тарихи деректер толғандырса, кітапхана қорындағы кітаптарды алып оқи аласыздар.

 

                                  Кітапханашы Алпысбаева Б.Е.