Жанын нұрға жүрегін сырға бөлеген

Ақын - халық сөзін жеткізуші. Халықтың тілі мен үні. Жүрекке шаң болып жұққан  өмір күйесін  өлең – орамалмен сүртіп, тазалаушы. Ақын жырын  ар мен жүрек таразысынан өткізетін Халық деген Ұлы бар, Уақыт деген Төреші бар.

Қазақ қашан да от ауызды, орақ тілді ақиық ақындарға, жаны жайсаң жазушыларға кенде болған емес. Нар аунаса жүк қалған, тұлпар аунаса түк қалған киелі Қарағанды өңірінде қазақтың ақиық ақыны М.Мақатаевтың туған күніне орай, дарынды қыз Мақпал Мысаның «Қарашығы қараөлеңге толған қыз» атты  поэзия кеші өткізіліп, кітапханамыздың көркем жыр сүйер оқырмандарымен қауышуымызға себеп болды.

Қарағандыдағы мақпал кеш 2018 жылдың 9 ақпаны күні өзіндік өрнегімен есте қалды.

Киелі поэзия әлемінде өзіндік үн, сырлы да нәзік, оқырман жүрегін өлеңдерімен баяу ғана тебірентіп жүрген ақын қызбен кездесу көңілімізге қуаныш нұрын сыйлады. Ақынның өлеңдерін оқумен басталған кеш залға бірден тыныштық орнатты. Кеш сыр сұхбат алмасумен өз жалғасын тапты. Оқырмандар  ақын қызға деген көкейлерінде жүрген сұрақтарына еркін және толыққанды түрде жауап алды. Сондай – ақ, кеште нәзік иірім мен асқақ рухтан туған поэзия жауһарлары оқылып, әннен шашу шашылды. Оқырмандардың өз шығармашылығы тыңдалып, ақынға арнау өлеңдері де назардан тыс қалмады. М.Мысаның «Мен керекпін» атты кітабынан өмірі мен шығармашылығы тығыз байланыста екендігін аңғардық. Оның дүниетанымы, әлеуметтік – қоғамдық көзқарасы қалай өзгерсе, ақындық жолы да солай өзгеріп отырады екен.

Ақын «Өнер жолында да, өмір жолында да қанатын кеңге жаюына мүмкіндік мол болғанын» тебіренте әңгімеледі.  Кеш қонақтары мен келген оқырмандар бұл күні рухани демалып, Мақпалдың нәзік жырларымен сусындады. «Ақын жырын дәріптеген жауқазын жастарға қауырсындарың қатайып, еліміздің жарық жұлдызы болуға жазсын» деген ізгі ақ тілегін білдірді.

Тусупбаева М., Оқу залдары кітапханашысы

Толығырақ бейнематериалда:

"Қарашығы қараөлеңге толған қыз" атты Мақпал Мысаның поэзия кеші

Бірінші Қарағанды телеарнасының жаңалықтары "Қарашығы қараөлеңге толған қыз"

"Уақыт.kz" Қарашығы қара өлеңге толған қыз