Егемен Қазақстан газетіне 100 жыл

Жүз жыл ғасырға аяқ басқан сәт, тарих қойнауыңа көз салатын болсақ, көз қыспа, бақай баспа замандарында, халықтың үні болған, қойнауы шежірелі жылдардан сыр шертетұғын «Егемен Қазақстан газеті» бүгінде біздің тарихымыздың куәсі десек болады. 1919 жылдың 17 желтоқсанында Орынборда «Ұшқын» деген атаумен шығып, кейіннен бірнеше мәрте өзгеріске ұшырады. «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», «Еңбекші қазақ», «Социалистік Қазақстан», сонымен қоса, еліміз егемендік ала бастағанда «Егеменді Қазақстан» болып өзгертіліп, Ә.Кекілбаевтың ұсынысымен «ді»  жұрнағы қысқартылып, «Егемен Қазақстан» деген атаумен жарық көрді. Елбасының латын әліпбиіне қатысты жарлығы шыққаннан бері, 2018 жылдың көктемінен бастап, басылым атауы латын әліпбиінде жазып таңбалануда. Ұлтымыздың жанашыры болып жүрген газет, ана тіліміздің дамуына үлкен үлесін қосуда. Қиын қыстау кезеңдерден суырылып шығып, бізге жетіп отырған газетіміздің жолында қаншама қазақтың майталман жазушылары, мемлекет қайраткерлері қызмет етті. Атап айтатын болсақ: С.Садуақасов, С.Сейфуллин, Ж.Аймауытов, Б.Майлин, Т.Рысқұлов, О.Жандосов сынды ұлтымыздың тұлғалары басшылық жасады. Алдынғы толқын ағаларымыздың шырағын сөндірмей, соңынан ерген буын өкілдері, яки, қазіргі кездегі қаламгерлер С.Байжанов, Б.Қыдырбекұлы, Н.Оразалин, Ш.Мұртаза, С.Әбдірахманов, Ә.Кекілбаев газетіміздің шоқтығын сөндірмей, елмен бірге дамуы жолында тынбай еңбек етті. Қазақ әдебиетінің ұлы көшінің басында аласапыран заманның боранына да, ызғарына да төтеп беріп, өз бағытынан жаңылмай келе жатқан газетіміз біз үшін құнды мұра болып қалмақ. Тарихтан тағылым жасау, өткенге тағзым ету, өскелең ұрпақтың борышы және парызы. Төл тарихымыздың қасіретті жылдарынан, ашаршылықтағы қазақтың жай күйін, қан төгілген халықтың сұрапыл соғыспен арпалысы, жан толқынысынан көрініс берген газетіміз біз үшін жүрегіміздің бір бөлшегі іспетті. Қан төгілген зұлмат жылдары ботасынан айырылған, баласынан көз жазып қалған ата - ана, қыз - келіншектер жастай жесір қалып , туа сала жетім қалған шараналар, азат күнді аңсаған ата – әжелердің бейнесін көз алдымызға әкелетін «Егемен Қазақстан» газетінің тамыры терең тарихпен мұңдас та үндес. Халықтың үні, шырылдаған сәбидің жан дауысы, ұшқан құстың ұшқыны, халықтың жоғалған жоқшысы, жүректің тұңғиық көзі «Егемен Қазақстан» газеті, халықтың жүрегінен қандай заман болмасын, жол табары анық. «Егемен Қазақстан» газетінің архиві құнды мәліметтерге бай, алдағы уақытта цифрлы жүйеге көшетіні мәлім. Цифрлы жүйе арқылы кез – келген ақпаратты электронды нұсқада оқып, «Цифрлы Қазақстан: Мәңгілік Ел мұралары» қолға алынғалы отырған жоба арқылы басылым бетіндегі барлық ақпаратпен таныса  аласыздар. 100 жылдық мерейтойына орай әлі де талай игі істердің бастамасына қолқанат болатындығына сенеміз. Елге адал қызмет етіп, халықтың жанынан табылып жүрген «Егемен Қазақстан»газетіне көк аспанымызда мәңгілік қалықта дегім келеді. Қазақтың көк туындай желбіреп, биіктерден көріне бер, менің сүйікті, газетім!

Мерзімдік басылымдар секторы: Жаркеева Гульдана Адильбековна