ХХ ғасырдың қасіретіне айналған Кеңес Одағы атты ұланғайыр кеңістікте үстемдік қылған қызыл идеологияның тұтас ұлтты қалай жұтқа ұшыратқандығы туралы ашық баяндалатын, жазушы Алдан Смайылдың «Арқаның Бетпақ деген даласы бар» атты повестер жинағын оқып отырып ойға қалдым.
Жазушы Алдан Смайылдың «Арқаның Бетпақ деген даласы бар» атты повестер жинағында XX ғасырдың бақай баспа, көз қыспа кезеңі, Кеңес Одағының үстемдігі қызыл идеологияның тұтас ұлтты қалай рухани жұтқа ұшыратқаны жайлы көркем баяндалады. Жинаққа енген «Күзде тасыған өзен», «Қыз бен Наурыз», «Соңғы жаз» повестерінде сомдалған кейіпкерлердің қиын тағдыры терең философиялық ойларға жетелейді. Қазақ әлемінде ұлттық нышандардың бірте-бірте жоғалуы, халық тарихының тоналуы, табиғи даму жолынан жаңылу ғасыр трагедиясына айналғанына иландырады. Шындығында да, біз таптық, ұлттық тепкімен қоса отаршылдық, нәсілшілдік тепкіні де қоса көрген жұртпыз.
Қазақ әдебиетінде ашып айтуға мүмкіндік болмаған, енді-енді батыл көтеріле бастаған кешегі коммунистік режимнің расизм мен фашизм сарындары астасқан саяси астарын көркем сөзде бейнелеу өткеннің бағасын пайымдау үшін ғана емес, ұлттық тәуелсіздікті ұран еткен жаңа дәуірдің құндылығын сезіну үшін де қажет. Жазушы еңбегінің қөңіл аударар бір парасы да осындай.
Халық трагедиясы сыртқы қысым рухани зұлматқа айнала келіп, ұлттың өз ішінен сол сайқал саясаттың сойылын соғушыларды тудырғанда қалыңдай түседі. «Арқаның Бетпақ деген даласы бар» повесін оқи отыра бұған шүбәсіз көз жеткізесіз.
Жинаққа енген шығармалардың тілі көркем, ғасыр қасіретіне айналған санадағы жұт, рухани құлдырау секілді толғағы қиын құбылыстар әркімнің басынан өткен күнделікті өмірдегі көріністер арқылы нанымды өріледі.
Жалпы автордың өмірбаянына тоқталатын болсам жазушы 1946 жылы 3 қазанда Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы Ақтау кеңшарында туған. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты (2001 ж.), Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері (2005 ж.), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2005 ж.), ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2006 ж.), ҚР Парламенті Мәжілісінің ІV (2007-2011 жж.) және V шақырылымының (2012-2016 жж.) депутаты. 1965 жылы Алматыдағы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Еңбек жолының 35 жылын бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы қызметке арнаған. 1970-1975 жылдары «Қазақ радиосының» редакторы, 1975-1990 жылдары Целиноград (қазіргі Ақмола) облыстық «Коммунизм нұры» газетінің бөлім меңгерушісі (мен осы жылдар ішінде Алдекеңмен етене таныс болдым), 1990-1995 жылдары Ақмола облыстық «Қараөткел» газетінің бас редакторы, облыстық «Тіл және мәдениет» қоғамының төрағасы, 1995-1997 жылдары Ақмола облыстық телерадиокомпаниясы төрағасының орынбасары, 1997-2002 жылдары Қазақстан телерадиокорпорациясы Астана студиясының бас директоры, 2002-2007 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының директоры, «Астана жазушылары кітапханасы» сериясының бас редакторы қызметін атқарып, 2007 жылдан бері екі мәрте Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды.
Алдан Смайыл есімі республикаға белгілі қаламгер, тұңғыш көркем шығармасы «Тамыздың таңы» 1979 жылы жарық көрді. Кейінгі «Ақ жалын» (1982), «Найзақара» (1985), «Сағынтып келген көктем» (1987), «Арқаның Бетпақ деген даласы бар» (2000) хикаяттар жинақтары мен «Тамұқтан келген адам» (2004) романында адам мен қоғам, өмір мен өлім турал Алдан есімі публицист ретінде де белгілі. Оның 1980-1995 жылдар аралығындағы өткір публицистикалық мақалалары қазақ баспасөзінде жалындай бастаған тәуелсіздік рухына арналды.
Қорыта келгенде, Алдан Смайылдың аталған романы бүгінгі қазақ прозасындағы шоқтығы биік туындылар қатарына қосыла алады. Бұл туындыны әдеби орта елеусіз қалдырмай, тиісінше бағасын беріп жатса, нұр үстіне нұр болар еді», – дейді жазушы Жолтай Әлмашұлы.
Өлкетану әдебиет бөлімінің кітапханашысы: Жаркеева Г.