Ай кітабы

Азбанбаев Марат

Азбанбаев Марат Қарқаралы қазағының мінезі (Әдеби-құқықтық дедектив). – Астана, 2022. – 240 б. 

«Кітап оқымай, өмірді білу, білім алу мүмкін емес», - демекші құрметті кітап сүйер оқырман қауым, заңгер, өлкетанушы Марат Азбанбаевтың «Қарқаралы қазағының мінезі»  атты кітабымен таныс болыңыздар!

Мінез дегеніміз не? Автордың анықтамасы бойынша мінез – әр нәрсенің, әркімнің өзінің құқықтық негізіне қайтуы, ақталуы. Тұлғаның да, Ұлттың да Тәңір тезі - мінез. Біз Абай Құнанбаевтың поэзиясын, Мұхтар Әуезовтің прозасын тыңдасақ, олардың шығармашылығының басты тақырыбы - адам ұғлының мінезі. Қисынымен қызықты кітапты дұрыс ұғып, түзу түсіну үшін де оқырманға мінез мәдениеті керек.

Бұл еңбектен тасын қопарсаң тарихы сарнап қоя беретін аты аңызға айналған Қарқаралы  аймағының, құтты мекенінің өткенінен  сыр шертеді.

Жинақта Қарқаралы  аймағында болған  ақын- жазушылар мен рухты арыстары, архив құжаттамалары, білім ордасы жайлы мағлұматтар нақты деректермен айтылып, айшықталып, көркемделіп көрсетілген. Кітапта Қарқаралы өңірінің әдеби-құқықтық дедективі  баяндалады.

Өткенді білуге құштарлық - болашақ үшін рухани нәр іздеу. Олай болса, өз өлкесін білем деген оқырман қауымға таптырмас еңбек.

 

Өлкетану әдебиеті бөлімінің кітапханашысы Б.Е. Алпысбаева

Юрий Попов

Попов Ю.Г., Алтынов А. 1870-1919 жылдар аралығындағы Қарқаралы. Ақмола уездерінің болыс басқарушылары мен билері. – Қарағанды: Гласир, 2022. – 264 б.

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы кітапханамызға Қарқаралы мен Ақмола уездерінің билері мен болыстары туралы шыққан жаңа кітапты сыйға тартты.

Алдарыңыздағы анықтамалық басылым бұрын жарық көрген екі кітаптың толықтырылып қайта басылып, мемлекеттік тілде жарыққа шықты.

Кітаптың авторы – белгілі өлкетанушы ЮРИЙ ПОПОВ және АСЫЛБЕК АЛТЫНОВ.

Кітапта мұрағаттық құжаттардың материалдары бар, сондай-ақ XIX-XX ғасырлардың басындағы Қарағанды облысының тарихымен байланысты адамдардың тағдыры туралы баяндалады. Сонымен бірге, сол кездегі сайлау сәттері, облыстық басқарманың кандидаты кім болғандығы және басқа да деректерді оқи аласыздар.

Кітап отандық тарихқа, өлкетануға қызығушылық танытатын қалың оқырманға арналған.

Әміров Е. С.

Әміров Е. С. Ауыл - алтын бесігім : жинақ / Е. С. Әміров ; ред. Д. Исатаев ; сур. Ж. Шалабаев, 2019. - 126 б.

Құрметті, кітап сүйер қауым, назарларыңызға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  белгілі композитор Әміров Есжан Сарманқұлұлының әндерінің сөздері мен нотасы жинақталған  «Ауыл -  алтын бесігім» атты кітапты ұсынамыз!

Халқымыздың рухани өркендеуінің, мәдениетінің сарқылмас бір саласы – ән өнері. Ән – халқымыздың ежелгі рухын, тарихын, жан дүние сұлулығын, мейрімін, ізденісі мен махаббатын, іңкәр ықыласын бүгінгі ұрпағымызға жеткізіп тұрған үлкен халықтық мұра.

Есті әндерімен елді баураған, дарын қуатының молдығымен мойындалған композитор Есжан Әміровтың есімі өнерсүйер қауымға кеңінен таныс десек артық айтқандық емес. Кітапқа өлкеміздің ай таңбалы ақындары Қ.Аманжолов, С.Ақсұңқарұлы, Ғ.Жайлыбай, З.Шакентаев сынды т.б. сөздеріне жазылған әндері енген. Қалың оқырманға жол тартқан кітап ән сүйер қауымға, композиторларға, ЖОО мен колледж студенттеріне арналған.

«Әннің де естісі бар, есері бар, тыңдаушының құлағын кесері бар»,-деп Абай атамыз айтқандай есті әндерді үйреніп елге алдына шыққыларыңыз келсе, кітапханамыздың өнер туралы әдебиеттер бөліміне келіп «Ауыл – алтын бесігім» кітабын алып оқуларыңызға болады.

 

Өнер туралы әдебиеттер бөлімінің кітапханашысы: Б.Ноғайбайұлы

Жанғожин А.

Сыйға тартқан кітап

Оқырманнан мазмұнды да, қызықты кітаптарды сыйлыққа алу ерекше құрмет. Себебі, кітапты кең жүректі кітапхана өміріне бейқам қарамайтын адам сыйлайды.

Қарымды қаламгер, Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы Аман Жанғожин мен белгілі тарихшы Ерғазы Қадашұлы жаңа кітаптарын сыйға тартты. Бұл кітаптар кітап сөресінен ерекше орын алып қана қоймай, оқырмандарға ерекше қуаныш сыйлайтыны сөзсіз.

Алдарыңызға ұсынылып отырған Аман Жанғожиннің Бұқар жырау ауданы, Жастілек аулының 90 жылдық мерейтойына орай жарық көрген «Аулым жатыр Өткелсіз алабында» атты кітабында Жастілек аулының тарихы туралы жазылған.

Автор осы ауылдың тумасы. Туған жердің тарихын зерттеу әрқашанда өзекті мәселе.

Кітапта архив құжаттары мен көз-көргендердің естелігінде ауылдың 1930 жылдардың басынан кешкен ауыр азаптары, екінші дүниежүзілік соғысына қатысуы, соғыстан кейінгі колхоз, совхоз құрамындағы тыныс-тіршілігі, кейінгі жылдардағы қым-қуыт оқиғалар сөз болады. Шағын ауылдан шыққан белгілі азаматтардың, қарапайым еңбек адамдарының есімдері еске алынған.

Тарихшы ғалым Ерғазы Қадашұлының «Алтын тұғырлы алыптар» ғылыми-танымдық жинағы ұлтымыздың тамырлы тарихы мен ұлы тұлғалары жайлы баяндалған.

Кітап «Ғұрпымды ғұннан іздесем...», «Түбіміз – түркі, ұранымыз – Алаш», «тарих һәм тұлға» деген бөлімдерден тұрады.

Шерлі шежіреміздің қатпарлы беттеріне қызығушылық танытқан кез-келген адам осы кітаптан іздегенін табады.

Бөкен, А.

Бөкен А.  Тақ: өлеңдер. - Алматы: Әдебиет, 2021. - 399 б.

Міне, біздің қолымызда жерлес ақынның тағы бір жинағы тұр. «Тақ» деп аталады. Авторы белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Абзал Бөкен.

Алматыдағы «Әдебиет» баспасынан 2021 жылы жарық көрген. Төрт бөлім, парақтайық: «ОҢ ҚАНАТТА – УӘЗІР», «СОЛ ҚАНАТТА – БИ ӘЗІР», «АРҚАТІРЕК – АЛТЫН ЕЛ», «ТАҚ ҮСТІНДЕ –БҰЛА ЖЫР». 

Бұл кітап ақынның «Тәж» атты бір томдығының заңды жалғасы десек те болады. Қашанда қозғаған тақырыбын тереңнен толғайтын автор жаңа жинағының құрылымын түзу барысында тәжін кигізген өлеңді тағына неге отырғызбасқа деген бейнелі мақсатты мұрат тұтыпты.

Кітаптың тілі көркем де жатық, жеңіл оқылады, жалықтырмай өзіне тартып отырады. Жауһар жырларымен ұлт поэзиясының төріне өрлеген Абзал ақынның кітабын оқуға асығайық, оқырман қауым!

Жайлыбай, Ғ.

Құрметті оқырмандар, алдарыңызға ұсынылып отырған кітап әлемнің ондаған тілдеріне аударылып, 2017 жылы Швецияның Стокгольм қаласында өткен «VІ – OPEN EURASIAN» әлемдік байқауында үшінші дәрежелі сыйлыққа ие болып, жүздеген шығармалардың арасында топ жарған жерлесіміз, ақын Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» туындысы.

«Қара орамал» поэма-реквиемі – ғасырдың қайғысы, адамзаттың аза жыры. Қарағанды лагеріндегі репрессия жылдарының суреттерін айшықтаған. Автор поэмасында «АЛЖИР» - дің тағдырын, ондағы аналардың жан-жүрегіндегі күйзелісті, қайғы-қасіретті шебер бейнелеп берді. Кітапта әлемнің он алты тілінде топтастырылып, оқырманға ұсынылып отыр.

Қалың оқырманнан, әдебиет сыншыларынан да жоғары баға алған шығарма арқылы еліміздің бірнеше театрлары осы поэманы сахналады. Дауылды дәуірдің ащы ақиқаты ақтарылған бұл туынды Е.А.Бөкетов атындағы ҚарУ-нің қолдауымен 2022 жылы жарыққа шыққан.

Сонымен бірге Ғ.Жайлыбайдың 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласы «Кәусар» баспасынан жарық көрген «Ай таңбалы арғымақ» атты жаңа жыр жинағымен де таныс болыңыздар.

Жинақта кейінгі жылдары жазылған өлеңдері мен поэмалары, аудармалары топтастырылған.

Қашанда образды ойлау, көркем тілмен ерекшеленетін қаламгер туындылары өз оқырманын бейжай қалдырмайтыны сөзсіз. Жинақта бүгінгі заман кейіпкерлерінің жүрек дүрсілі, сезім дірілі бар.

Ақын Ғалым Жайлыбайдың поэмаларынан қазақтың шежіресін, тарихын оқи аласыздар.Өте ізденіске толы құнды дүниелерге бай.

Ақынның жақұт жырлары оқырманына ой салып, көңіліне қуаныш ұялатары сөзсіз.

Келіңіздер! Оқыңыздар! Ой бөлісіңіздер!

Жайлыбай, Ғ. Қара орамал = Черный платок: поэма-реквием: 16 тілге аударылған / Қарағанды: Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, 2022. - 307 б.:

Жайлыбай, Ғ. 

Ай таңбалы арғымақ: өлеңдер мен поэмалар / Нұр-Сұлтан : Кәусар, 2020. - 381 б.

 

Өлкетану әдебиеті бөлімінің кітапханашысы Б.Е. Алпысбаева

Хилл, Н.

Хилл, Н. Ойлан да байы: ХХІ ғасыр басылымы: [14+] – Алматы: Mazmundama, 2021. – 384 б. – (Qazaqsha 100 bestseller).

ХІХ-ХХ ғасырларда өмір сүрген әйгілі Американдық жазушысы, журналист, философ және психолог, Оливер Наполеон Хилл бірінші болып табысқа жетудің әмбебап формуласын жасады, ол тіпті өте орташа қабілеттерге ие адамдар үшін де жұмыс жасаған. 1937 жылы кітап шыққаннан кейін автор бүкіл әлемде керемет танымал болды және оның таңғажайып туындысы көптеген тілдерге аударылған.

Жастарды көшбасшы болуға үйрететін, сондай-ақ кәсіпкерлікпен айналысып жүрген тәжірибелі мамандардың бизнесті құру туралы кеңестері және табыс пен жетістіктерге жетудің құпиялары туралы басылымдар «Табыс құпиялары» атты бөлімге қойылған. Наполеон Хиллдің «Ойлан да байы»(«Думай и богатей») атты кітабы өз заманының ғана емес, бүгінгі және келешек ұрпаққа қызмет ететін туындыға айналды. Н.Хилл оқырмандарына жетістік құпиясын ашып, іс-әрекеттер жоспарын ұсынады.

Мотивациялық әдебиеттердің арасындағы шоқтығы биік, қисапсыз байлыққа жетудің құпиясы жайындағы осы кітап көптеген адамның кәсібін өрге домалатуына, сөйтіп, ән дәулеттің иесі атануына ықпал етті. Хиллдің еңбегін пайдаланбайтын мотивация ораторлары жоқтың қасы. Оның ықпалын ертеректегі замандастары Дейл Карнеги мен Норман Уинсент Пилдің туындыларынан да көруге болады. Кейінірек Клемент Стоун және Эрл Найтингейл сияқты табысты авторлар мен ораторлар аталған еңбекке арқа сүйеген. Өйткені «Ойлан да байы» еңбегіндегі ұғымдар түсінікті әрі сәтті топтастырылған.

Құрметті оқырман! Ғасырға жуық уақыт өтсе де маңызын жоймаған, қайта жыл өткен сайын халықтың сұранысына ие болған бұл туындыны қазақ тілінде оқи аласыздар.

Кәріпұлы Ө

Кәріпұлы Ө. Белес: хикаяттар, әңгімелер, мысалдар; Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі. - Алматы: Дәуір, 2021. - 479 б.

 

Құрметті оқырмандар, белгілі жазушы, жерлесіміз Өмір Кәріпұлының жаңа «Белес»  кітабымен таныс болыңыздар!

Өмкеңнің бұл жинағына кейінгі жылдарда жазылған хикаяттары мен әңгімелері енгізілген. Жинақтағы шығармалардың дені күй аңызынан бастау алады. Халықпен бірге жасасып келе жатқан күй өнері ұлт руханиятының бастау көзі екені «Қайран ел», «Қыз қайырған», «Қоңыр сарын» хикаяттарының  өзегін құрайды. Бұл шығармалардың басты кейіпкерлері - көне сарыннан күй туындатқан Абылай хан, Тоқа, Әбікен сынды тұлғалар. Жинаққа енген «Тарлан», «Тайқасқа» хикаяттары төре түліктің қасиетін паш етеді. «Математик Ергешбай» хикаяты әке мен баланың сабақтастығына құрылған. Жинаққа енген әңгімелер, мысалдар жас буынды ұлттық рухта тәрбиелеуге септеседі.

Жазушының бұл жинағы замана белестеріне құрылған. Сөзі кестелі, мазмұны қою жинақ жалпы оқырманға арналған.

«Кітап оқымай, өмірді білу, білім алу мүмкін емес», - демекші құрметті кітап сүйер оқырман қауым «Белес» атты кітапты оқуға асығайық.

Сонымен бірге «Өнегесі көп Өмір аға» атты виртуалды кітап көрмесінен де жазушының тамаша шығармаларын оқи аласыздар.

 

Өлкетану әдебиеті бөлімінің кітапханашысы Б.Е. Алпысбаева

Дейл Карнеги

Карнеги, Д.  Дос табу және адамдарға ықпал ету өнері : [халықаралық бестселлер : 14+] / Д. Карнеги ; ауд. А. Окаұлы. - Алматы : Mazmundama, 2020. - 306 б.

Атақты америкалық жазушы, педагог, психолог Дейл Карнегидің «Дос табу және адамдарға ықпал ету өнері» атты кітабы The New York Times газетінің бестселлер тобын қатарынан 10 жыл бастап тұрған еңбек. Бұл көрсеткіш әлі күнге дейін рекорд саналады.

80 жылдан астам уақыт бойы әлемнің талай тіліне аударылып, 15 миллионнан аса таралыммен сатылған кітап оқырмандардың көңілінен шығып, өмірде бақытқа кенеліп, қызметте жетістікке жетуге көмектесті. Қай тілде, қай заманда айтылса да, Дейл Карнегидің кеңестері әлі күнге дейін құнды әрі маңызды. Бұл кітап «Mazmundama» қорының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Qazaqsha 100 bestseller» жобасы аясында аударылып 2020 жылы жарыққа шықты.

«Дос табу және адамдарға ықпал ету өнері» атты кітабында адамдармен тіл табыса білудің негізгі қағидаттары, адамға ұнаудың алты амалы, ойыңызбен келісуге адамдарды қалай көндіруге, ренжітіп алмай адамдарды қалай өзгертуге болатынын жазады.

Д. Карнеги кітабында: «Сынамаңыз, кінәламаңыз, дауласпаңыз», «Кісінің қадірін біліңіз», «Жүзіңізден күлкі кетпесін». «Ұлық болсаң, кішік бол», «Адамды жақсартыңыз» сияқты бес маңызды ойларымен бөліседі.

Кітапта көптеген қарапайым және пайдалы теориялар мен тәжірибелер бар, оларды ұстану сіздің айналаңыздағы адамдармен қарым-қатынасыңызды жақсартады. Әрбір сөйлемдері ойландырады. Осындағы кеңестерді қолдансаңыз адамдар сізге тартылып, жақсы достар табылатыны сөзсіз.

Құрметті оқырман! Өз өмірлеріңізді өзгерткілеріңіз келсе, осы кітапты оқуға кеңес береміз. Кітап оқитын досыңыз көп болсын!

Қажыбай Мәндібайұлы

Қажыбай Мәндібайұлы : жинақ : өмір жолы мен шығармашылығы / ред. С. Сағынтай. - Қарағанды : [б. ж.], 2020. - 196 б. : сур.

Кітапханамызға сыйға тартқан жаңа кітабымен таныс болыңыздар! Бірге оқып, пікір алмаса отырайық!

Бұл кітапта Қажыбай Мәндібайұлының өнегелі өмірінен даналарымыздың сөздерін, бабалар өсиетін, ұлтымыздың ұлылығын дәріптейтін тәлімді мәліметтермен таныса аласыздар.

Қажыбай Мәндібайұлы – ХХ ғасырдың заңғар тұлғасы, дін қайраткері, ұстаз, ағартушы ретінде еңбектерін болашаққа бағыттаған. Ол дін қайраткері ғана емес, аудармашы да болған. Қажыбай атамыз Ислам дінінің ерекшеліктерін, қасиетті күндері мен кештерінің мәнін ашып, сондай берекелі сәттерде не істеп, қандай тілек тілеу керектігін де ұрпақтарына аманат еткен. Сонымен бірге жинақта Мәндібайұлының Айт намазынан кейін айтатын діни уағыздарының мәтіндері де берілген.

Бұл еңбек - Қажыбай Мәндібайұлының өмір жолы мен шығармашылығы арқылы оқырманды имандылық пен адамгершілікке, ізгілікке тәрбиелеуге үлкен ықпал етеді. Шығарманың ақыл-кеңес беретін терең тәрбиелік мәні бүгінгі таңда да, өз рөлін атқарары хақ.

Жинақта «Қазақтың Қажыбайы», «Қажы сапарынан естеліктер», «Фараби хәкімнің сөздері», «Діни уағыздар», «Өлеңдер, толғаулар», «Ақи түстер. Күнделіктен», «Хаттар» сияқты бөлімдер жинақтаған.

Қажыбай имам бірнеше тілдерді меңгерген екен. Олардың арасында араб, парсы, өзбек, татар, орыс, украин, қырғыз тілдерінде ауызекі сөйлеп, оқып-жазған, түрлі еңбектерді еркін тәржімалаған. Ол дін қайраткері ғана емес, аудармашы да болған.  

Құрметті оқырмандар, сіздердің жүректеріңізге қажының өмір жолы мен  имандылық  жинағы жол табады деген ойдамыз! Кітапханамыздан келіп танысып, оқуларыңызға мүмкіндіктеріңіз бар!

 

Өлкетану әдебиеті бөлімінің кітапханашысы: Б. Алпысбаева