Activities calendar

27 September 2016

"Ыбырай Алтынсарин – Қазақстанның педагогика ғылымының негізін қалаушы" атты ғылыми-практикалық конференция

27 қыркүйек (сейсенбі) сағат 15.00

"Ыбырай Алтынсарин – Қазақстанның педагогика ғылымының негізін қалаушы" атты ғылыми-практикалық конференцияға шақырамыз.

Ыбырай Алтынсарин (1841-1889) - қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері, аудармашы. Қазақтың ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырды. Қостанай облысының аумағында дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылған ол атасының - белгілі би және старшын Балқожа Жаңбыршиннің қолында тәрбиеленді.1851 жылы Шекаралық комиссиясының жанынан ашылған қазақ балаларына арналған мектепке оқуға барады. Мектепте оқи жүріп, өз бетімен әлем әдебиеті классиктері – Шекспир, Гете, Байрон, Пушкин, Гогольдің, Лермонтовтың, Фирдаусидің, Низамидің, Науаидің және т.б. шығармаларын оқыған. Орынбордағы Шекаралық комиссияның төрағасы, шығыстанушы белгілі ғалым, профессор В.В.Григорьевпен жақын танысады. Ол Ыбырайға қамқорлықпен қарап, оған өзінің бай кітапханасын еркін пайдалануына жағдай жасайды.Мектепті тәмамдаған соң 3 жыл бойы (1857-1860) өз атасының қарамағында хатшы, одан кейін Орынбордағы шекаралық комиссияға тілмаш болып орналасады. 1860 жылы облыстық басқарма оған Орынбор бекінісінде (Торғай) қазақ балаларына арналған бастауыш мектеп ашуды тапсырып, орыс тілі мұғалімі етіп тағайындайды. Тікелей өзінің араласуымен халықтан жинаған қаржыға мектеп үйін салуға кіріседі, бұл мектеп 1894 жылы 8 қаңтар күні салтанатты түрде ашылады. Ы.Алтынсариннің қаламынан екі оқу құралы туған: 1869 жылы жарыққа шыққан "Киргизская хрестоматия" және "Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы". 1879 жылы Торғай облысының мектеп инспекторы лауазымына тағайындалады. Торғай мектебінің инспекторы бола отырып, ол Ырғыз, Николаевск, Торғай және Елек уездерінде бір-бірден екі кластық орыс-қазақ мектептерін ашады, оларды қажетті кітаптармен жасақтайды. Ыбырай мұнан әрі қазақ жастары арасынан экономика, ауыл шаруашылығы, қол өнер кәсіпшілігі салаларына қажетті мамандар даярлайтын училищелер ашуға көп күш жұмсайды. Тіптен, Қостанайдан ашылатын ауыл-шаруашылық училищесіне өзінің иелігіндегі жерін беретіні туралы өсиет қалдырады. Қыздарға білім беру мәселесіне көп еңбек сіңірді. Оның қолдауымен Ырғызда қыздарға арналған мектеп ашылды. Біраз уақыттан соң 1891 жылы Торғайда интернатымен бірге қыздар училищесі ашылды, Қостанайда – 1893 жылы, Ақтөбеде – 1896 жылы ашылды. Ы.Алтынсарин төрт екі сыныптық орталық орыс-қазақ училищесін, бір қолөнер мектебін, бір қыздар училищесін, бес болыстық училище, орыс балаларына арналған екі училищесін ашқан. Қазақ әдеби тілін қалыптастыру аясында ұлттық әдебиетпен мәдениетті дамыту үшін жемісті еңбек еткен. Л.Толстойдың, К.Ушинскийдің, И.Крыловтың шығармаларын қазақ тіліне аударған. Өмірінің соңғы жылдарында Николаевск (Қостанай) уездік қаласында тұрған. Көл жағасында өзінің жеке қаражатына ағаш жер үй тұрғызып, 1889 жылға дейін қарапайым өмір сүрген. Ы.Алтынсариннің құрметіне көптеген ғылыми, тарихи, педагогикалық еңбектер шығарылды. Арқалық қаласында Ы.Алтынсаринға арналған мұражай ашылып, Тобыл жағасында күмбез құлпытас орнатылған. Ы.Алтынсарин есімі Қостанай облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасына Қостанай облысының әкімшілік ауданына, мектептер мен көшелерге берілді.

3 қабат, оқу залы.

Дата: 

27 September, 2016 - 15:00