Ай кітабы

Жайлыбай, Ғ.

Құрметті оқырмандар, алдарыңызға ұсынылып отырған кітап әлемнің ондаған тілдеріне аударылып, 2017 жылы Швецияның Стокгольм қаласында өткен «VІ – OPEN EURASIAN» әлемдік байқауында үшінші дәрежелі сыйлыққа ие болып, жүздеген шығармалардың арасында топ жарған жерлесіміз, ақын Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» туындысы.

«Қара орамал» поэма-реквиемі – ғасырдың қайғысы, адамзаттың аза жыры. Қарағанды лагеріндегі репрессия жылдарының суреттерін айшықтаған. Автор поэмасында «АЛЖИР» - дің тағдырын, ондағы аналардың жан-жүрегіндегі күйзелісті, қайғы-қасіретті шебер бейнелеп берді. Кітапта әлемнің он алты тілінде топтастырылып, оқырманға ұсынылып отыр.

Қалың оқырманнан, әдебиет сыншыларынан да жоғары баға алған шығарма арқылы еліміздің бірнеше театрлары осы поэманы сахналады. Дауылды дәуірдің ащы ақиқаты ақтарылған бұл туынды Е.А.Бөкетов атындағы ҚарУ-нің қолдауымен 2022 жылы жарыққа шыққан.

Сонымен бірге Ғ.Жайлыбайдың 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласы «Кәусар» баспасынан жарық көрген «Ай таңбалы арғымақ» атты жаңа жыр жинағымен де таныс болыңыздар.

Жинақта кейінгі жылдары жазылған өлеңдері мен поэмалары, аудармалары топтастырылған.

Қашанда образды ойлау, көркем тілмен ерекшеленетін қаламгер туындылары өз оқырманын бейжай қалдырмайтыны сөзсіз. Жинақта бүгінгі заман кейіпкерлерінің жүрек дүрсілі, сезім дірілі бар.

Ақын Ғалым Жайлыбайдың поэмаларынан қазақтың шежіресін, тарихын оқи аласыздар.Өте ізденіске толы құнды дүниелерге бай.

Ақынның жақұт жырлары оқырманына ой салып, көңіліне қуаныш ұялатары сөзсіз.

Келіңіздер! Оқыңыздар! Ой бөлісіңіздер!

Жайлыбай, Ғ. Қара орамал = Черный платок: поэма-реквием: 16 тілге аударылған / Қарағанды: Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, 2022. - 307 б.:

Жайлыбай, Ғ. 

Ай таңбалы арғымақ: өлеңдер мен поэмалар / Нұр-Сұлтан : Кәусар, 2020. - 381 б.

 

Өлкетану әдебиеті бөлімінің кітапханашысы Б.Е. Алпысбаева

Хилл, Н.

Хилл, Н. Ойлан да байы: ХХІ ғасыр басылымы: [14+] – Алматы: Mazmundama, 2021. – 384 б. – (Qazaqsha 100 bestseller).

ХІХ-ХХ ғасырларда өмір сүрген әйгілі Американдық жазушысы, журналист, философ және психолог, Оливер Наполеон Хилл бірінші болып табысқа жетудің әмбебап формуласын жасады, ол тіпті өте орташа қабілеттерге ие адамдар үшін де жұмыс жасаған. 1937 жылы кітап шыққаннан кейін автор бүкіл әлемде керемет танымал болды және оның таңғажайып туындысы көптеген тілдерге аударылған.

Жастарды көшбасшы болуға үйрететін, сондай-ақ кәсіпкерлікпен айналысып жүрген тәжірибелі мамандардың бизнесті құру туралы кеңестері және табыс пен жетістіктерге жетудің құпиялары туралы басылымдар «Табыс құпиялары» атты бөлімге қойылған. Наполеон Хиллдің «Ойлан да байы»(«Думай и богатей») атты кітабы өз заманының ғана емес, бүгінгі және келешек ұрпаққа қызмет ететін туындыға айналды. Н.Хилл оқырмандарына жетістік құпиясын ашып, іс-әрекеттер жоспарын ұсынады.

Мотивациялық әдебиеттердің арасындағы шоқтығы биік, қисапсыз байлыққа жетудің құпиясы жайындағы осы кітап көптеген адамның кәсібін өрге домалатуына, сөйтіп, ән дәулеттің иесі атануына ықпал етті. Хиллдің еңбегін пайдаланбайтын мотивация ораторлары жоқтың қасы. Оның ықпалын ертеректегі замандастары Дейл Карнеги мен Норман Уинсент Пилдің туындыларынан да көруге болады. Кейінірек Клемент Стоун және Эрл Найтингейл сияқты табысты авторлар мен ораторлар аталған еңбекке арқа сүйеген. Өйткені «Ойлан да байы» еңбегіндегі ұғымдар түсінікті әрі сәтті топтастырылған.

Құрметті оқырман! Ғасырға жуық уақыт өтсе де маңызын жоймаған, қайта жыл өткен сайын халықтың сұранысына ие болған бұл туындыны қазақ тілінде оқи аласыздар.

Кәріпұлы Ө

Кәріпұлы Ө. Белес: хикаяттар, әңгімелер, мысалдар; Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі. - Алматы: Дәуір, 2021. - 479 б.

 

Құрметті оқырмандар, белгілі жазушы, жерлесіміз Өмір Кәріпұлының жаңа «Белес»  кітабымен таныс болыңыздар!

Өмкеңнің бұл жинағына кейінгі жылдарда жазылған хикаяттары мен әңгімелері енгізілген. Жинақтағы шығармалардың дені күй аңызынан бастау алады. Халықпен бірге жасасып келе жатқан күй өнері ұлт руханиятының бастау көзі екені «Қайран ел», «Қыз қайырған», «Қоңыр сарын» хикаяттарының  өзегін құрайды. Бұл шығармалардың басты кейіпкерлері - көне сарыннан күй туындатқан Абылай хан, Тоқа, Әбікен сынды тұлғалар. Жинаққа енген «Тарлан», «Тайқасқа» хикаяттары төре түліктің қасиетін паш етеді. «Математик Ергешбай» хикаяты әке мен баланың сабақтастығына құрылған. Жинаққа енген әңгімелер, мысалдар жас буынды ұлттық рухта тәрбиелеуге септеседі.

Жазушының бұл жинағы замана белестеріне құрылған. Сөзі кестелі, мазмұны қою жинақ жалпы оқырманға арналған.

«Кітап оқымай, өмірді білу, білім алу мүмкін емес», - демекші құрметті кітап сүйер оқырман қауым «Белес» атты кітапты оқуға асығайық.

Сонымен бірге «Өнегесі көп Өмір аға» атты виртуалды кітап көрмесінен де жазушының тамаша шығармаларын оқи аласыздар.

 

Өлкетану әдебиеті бөлімінің кітапханашысы Б.Е. Алпысбаева

Дейл Карнеги

Карнеги, Д.  Дос табу және адамдарға ықпал ету өнері : [халықаралық бестселлер : 14+] / Д. Карнеги ; ауд. А. Окаұлы. - Алматы : Mazmundama, 2020. - 306 б.

Атақты америкалық жазушы, педагог, психолог Дейл Карнегидің «Дос табу және адамдарға ықпал ету өнері» атты кітабы The New York Times газетінің бестселлер тобын қатарынан 10 жыл бастап тұрған еңбек. Бұл көрсеткіш әлі күнге дейін рекорд саналады.

80 жылдан астам уақыт бойы әлемнің талай тіліне аударылып, 15 миллионнан аса таралыммен сатылған кітап оқырмандардың көңілінен шығып, өмірде бақытқа кенеліп, қызметте жетістікке жетуге көмектесті. Қай тілде, қай заманда айтылса да, Дейл Карнегидің кеңестері әлі күнге дейін құнды әрі маңызды. Бұл кітап «Mazmundama» қорының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Qazaqsha 100 bestseller» жобасы аясында аударылып 2020 жылы жарыққа шықты.

«Дос табу және адамдарға ықпал ету өнері» атты кітабында адамдармен тіл табыса білудің негізгі қағидаттары, адамға ұнаудың алты амалы, ойыңызбен келісуге адамдарды қалай көндіруге, ренжітіп алмай адамдарды қалай өзгертуге болатынын жазады.

Д. Карнеги кітабында: «Сынамаңыз, кінәламаңыз, дауласпаңыз», «Кісінің қадірін біліңіз», «Жүзіңізден күлкі кетпесін». «Ұлық болсаң, кішік бол», «Адамды жақсартыңыз» сияқты бес маңызды ойларымен бөліседі.

Кітапта көптеген қарапайым және пайдалы теориялар мен тәжірибелер бар, оларды ұстану сіздің айналаңыздағы адамдармен қарым-қатынасыңызды жақсартады. Әрбір сөйлемдері ойландырады. Осындағы кеңестерді қолдансаңыз адамдар сізге тартылып, жақсы достар табылатыны сөзсіз.

Құрметті оқырман! Өз өмірлеріңізді өзгерткілеріңіз келсе, осы кітапты оқуға кеңес береміз. Кітап оқитын досыңыз көп болсын!

Қажыбай Мәндібайұлы

Қажыбай Мәндібайұлы : жинақ : өмір жолы мен шығармашылығы / ред. С. Сағынтай. - Қарағанды : [б. ж.], 2020. - 196 б. : сур.

Кітапханамызға сыйға тартқан жаңа кітабымен таныс болыңыздар! Бірге оқып, пікір алмаса отырайық!

Бұл кітапта Қажыбай Мәндібайұлының өнегелі өмірінен даналарымыздың сөздерін, бабалар өсиетін, ұлтымыздың ұлылығын дәріптейтін тәлімді мәліметтермен таныса аласыздар.

Қажыбай Мәндібайұлы – ХХ ғасырдың заңғар тұлғасы, дін қайраткері, ұстаз, ағартушы ретінде еңбектерін болашаққа бағыттаған. Ол дін қайраткері ғана емес, аудармашы да болған. Қажыбай атамыз Ислам дінінің ерекшеліктерін, қасиетті күндері мен кештерінің мәнін ашып, сондай берекелі сәттерде не істеп, қандай тілек тілеу керектігін де ұрпақтарына аманат еткен. Сонымен бірге жинақта Мәндібайұлының Айт намазынан кейін айтатын діни уағыздарының мәтіндері де берілген.

Бұл еңбек - Қажыбай Мәндібайұлының өмір жолы мен шығармашылығы арқылы оқырманды имандылық пен адамгершілікке, ізгілікке тәрбиелеуге үлкен ықпал етеді. Шығарманың ақыл-кеңес беретін терең тәрбиелік мәні бүгінгі таңда да, өз рөлін атқарары хақ.

Жинақта «Қазақтың Қажыбайы», «Қажы сапарынан естеліктер», «Фараби хәкімнің сөздері», «Діни уағыздар», «Өлеңдер, толғаулар», «Ақи түстер. Күнделіктен», «Хаттар» сияқты бөлімдер жинақтаған.

Қажыбай имам бірнеше тілдерді меңгерген екен. Олардың арасында араб, парсы, өзбек, татар, орыс, украин, қырғыз тілдерінде ауызекі сөйлеп, оқып-жазған, түрлі еңбектерді еркін тәржімалаған. Ол дін қайраткері ғана емес, аудармашы да болған.  

Құрметті оқырмандар, сіздердің жүректеріңізге қажының өмір жолы мен  имандылық  жинағы жол табады деген ойдамыз! Кітапханамыздан келіп танысып, оқуларыңызға мүмкіндіктеріңіз бар!

 

Өлкетану әдебиеті бөлімінің кітапханашысы: Б. Алпысбаева

Бір нәзік сәуле: Қасым Аманжоловты сөзіне жазылған әндер жинағы. Құраст. Қ.Айтбаев, А.Мырхахмет. – «QASYM» сериясы, ІV кітап. – Қарағанды: «Мағжан» баспасы, 2021. – 200 б.

Құрметті оқырмандар! Алдарыңызға ұсынылып отырған жаңа кітап, қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, қазақтың дана һәм дара ұлы, дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың 110 жылдық мерейтойы аясында жарық көрді.

Елге деген сүйіспеншіліктің, ұлтқа деген махаббаттың асқақ рухы сезілетін Қасым жырларын бүгінгі ұрпақ жатқа айтып, қасиетті бойтұмарындай сақтап келе жатқанын «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ...» атты республикалық дәстүрлі Қасым Аманжолов оқулары  болашақ ұрпақтың бойында өр рух пен әдеби төңкерілістің туындауына түрткі болып келеді.

Қасым оқуларының өзіндік ерекшелігі ақын рухына тағзым етіп, оның жанартау жырлары арқылы Тәуелсіз ел жастарының рухани жиегін кеңейту мақсатында «QASYM» сериясымен жарық көрген кітабы. Бұл кітаптың тұсаукесері Қасым Аманжолов оқуларының жеңімпаздарын марапаттау салтанатында өткізу дәстүрге айналған.

Қасымның азаматтық тұлғасы, қуатты поэзиясы жайлы жазылған құнды деректер бүгінге дейін «Qasym» сериясымен 4 кітап  болып жарық көрді.

Естеріңізге сала кетсек, алғашқы 2018 жылғы жинақта көзі көрген ақын жазушылардың естелік жырлары Сырбай Мәуленов, Мұқағали Мақатаев, Ғафу Қайырбеков, Жұмекен Нәжімеденов сынды ақындардың арнауларымен және кейінгі толқын «Жыр жауһарлық» ақындар Мирас Асан, Жәнібек Әлиманға дейінгі Қасымға арнаған өлеңдері топтастырылған.

2019 жылы жарық көрген екінші кітабынан дауылпаз ақынның замандастарының ең іргелі естеліктері мен зерттеу мақалаларын оқуға болады. Ал 2020 жылы «Qasym» сериясымен шыққан 3 кітабынан Қарағанды облысының қаламгерлері мен ғалымдарының Қасым Аманжолов туралы ғылыми-танымдық мақалаларын тауып оқи аласыздар.

Аталмыш кітаптардың жарыққа шығуына жетекшілік етіп, басы-қасында болып, қазыналы  өлкенің әдеби өмірінің өркендеуіне өзіндік үлес қосып келе жатқан жас прозашы Алмаз Мырзахметтің және ақын жайлы жазылған әрбір дүниені қастерлеп, жинап, оны жинаққа топтастырудағы кітапханашылардың қажырлы еңбектерін ерекше атап өтуге болады.

Биылғы жылы «Qasym» cериясымен жарық көріп отырған төртінші кітабы «Бір нәзік сәуле» атты көрген ноталар жинағының құрастырушылары Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы, танымал күйші Қайрат Айтбаев және Жазушылар одағының мүшесі, «Маgzhan» баспасының директоры, жазушы Алмаз Мырзахмет.

Жаңа жинаққа Қасымның  әндерімен қатар, ақын сөзіне жазылған әндер енді. Еңбекті  топтастыруға бір жылдай уақыт кетті. Кітапқа Қасымның өз әндері сонымен қатар, ақын сөзіне жазылған әндер біріктірілген. «Бір нәзік сәуле»  жинағының  алғы сөзінде әнші, этнограф Ерлан Төлеутайдың зерттеуіне сілтеме берілген. Ал, жазушы Дидар Амантай  кесімді пікір жазған. Ән жинақта ақын сөзіне жазылған кей әндер тұңғыш рет жарияланып отыр. Бұл жинақтан 45 әнді нотасымен оқи аласыздар.

Қазіргі кезде Қасымтану атты үлкен сала ғылыми айналымға келе жатыр. Қасым мұраларын зерттегісі келетін жас ғалымдардың қатары артуда. Соларға осы «Qasym» cериясымен шыққан кітаптар әдістемелік құрал ретінде пайдалануға таптырмас көмекші болары анық. Болашақта мектептер мен жоғары оқу орындарында қасымтану элективті курсы ашылса осы кітаптар таптырмас көмекші құрал бола алады.

                                        Өлкетану әдебиеті бөлімінің басшысы С.О.Телпекбаева

Алтынбеков Қ.

Үржар сәуегей әйел: бірегей олжаның қайта жандану тарихы [Мәтін] : "Остров Крым" ғылыми-қалпына келтіру зертханасы / Қ. Алтынбеков ; алғы сөз авт. Т. Н. Смагулов ; кіріспе сөз авт. А. Мұхамедиұлы, 2018. - 189 б.

Құрметті оқырман!

Кітапханамыздың өнер туралы әдебиеттер бөлімі белгілі суретші-реставратор, академик, Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі Қырым Алтынбековтің «Үржар сәуегей әйел бірегей олжаның қайта жандану тарихы» атты кітабымен толықты.

Кітапта табылған бірегей Археологиялық заттың тарихы – оны консервациялау, реставрациялау және реконструкциялау туралы баяндалады. Тас саркофакта шамамен екі жарым мың жыл бойы жатқан пір әйелдін қабірі ұрлықшылармен тоналмаған, ал плиталар арасындағы саңлаусыз жіктердің салдарынан саркофактың ішіне су да топырақ да еңбеген. Ішіндегісі бұзылмаған, тек уақыт өткен сайын шіріген. Сонымен қатар кітап  авторының қалпына келтіру зертханасы ұжымының жоғары кәсіби  деңгейі  мен ғылыми-практикалық тәжрибесі арқасында, шіріп кеткен олжаларды  сақтап қана қоймай, Есік алтын адамының бас киімін және оның костюмін жаңадан қалпына келтіру мүмкін болды. Зерттеулер нәтижесі әйелдің сәуегей емші болғанын дәлелдеді.

Кітап әдемі безендірілген, фотосуреттермен қамтылған. Рестовраторларға, археологтарға, музей қызметкерлеріне, тарихшыларға, шығыстанушылар мен студенттерге, сондай-ақ ежелгі тарихқа қызығушылық танытатын барлық адамдарға арналған. 

Тұңғышбай Мұқан

Мұқан Т. Ақтоғай – тарихтың тас сандығы. – Қарағанды, 2020. – 324 б.

Кіндік қаның тамып, кіндік бауың кесілген туып – өскен жер әрбір адам үшін қастерлі де қасиетті. Туған елге, жерге деген сүйіспеншілік адамды алға жетелеп отырады. Дана халқымыз : «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деп бекер айтпаған. Сондай жерлердің бірі –Ақтоғай ауданы десек артық айтпаймыз. Бүкіл Қазақстанға әйгілі де ардақты тұлғалар -  қазақтың Үш арысы , Алаш қозғалысының ардагерлері – Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев, жезтаңдай әнші Күләш Бәйсейітова, әнші Манарбек Ержанов, шебер домбырашы Мағауия Хамзин, ақын Әсет Найманбаев, Ұлы Отан соғысы батырлары Қазыбек Нұржанов пен Нұркен Әбдіровтердің киелі өлкесі болып саналады.

Арқаның Ақтоғайы – Ақсораңдай заңғары жердің бетін бұлтқа тіреп, көкке көтерген, Қызыларайы – бай тарихымен, баурайындағы әсем табиғатымен көрік берген, тоқырауыны – тоған суымен ғана өсетін тұқымы баданадай ақ бидайымен әр шаңырағының  берекелі ақ дастарқанының бағын ашқан, мейірімді жер – ананың қазыналы жерұйығының бірі.

Өлкетанушы Мұқан Тұңғышбай Өміртайұлының «Ақтоғай тарихтың тас сандығы» жаңа кітабы жайында сіздермен ой бөліспекпін.

Автор бұл кітапты кітапханамызда өткен Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туған күніне арнайы ұйымдастырылған «Әлихан Бөкейхан – ұлт мақтанышы» атты ақпараттық дайджестке қатысып, осы кітапты кітапханамызға сыйға тартқан болатын.

Бұл еңбектен тасын қопарсаң тарихы сарнап қоя беретін аты аңызға айналған аймақтың, құтты мекеннің өткені мен бүгінгісі сыр шертеді.

Жинақта Ақтоғай аймағының дана бабалары мен рухты арыстары: билер мен батырлар, Алаш арыстары, Ақтоғай аймағының айшықты да айғақты деректері: білім ордалары, ескерткіштер, дертке дауа, жанға сая болған шипагерлер, Тоқырауынның топ жарғандары, Ақтоғай Алаш арысының атамекені, Ақтоғайдың  өркендеуіне үлес майталмандары, спортшылары, еңбекшілері, әнші – ақындары жайлы мағлұматтар нақты деректермен айтылып, айшықталып, көркемделіп көрсетілген. Онымен қоса, Ақтоғай өңірі кең байтақ Сарыарқа бойы табиғи көркемдігімен де аса ерекшеленеді. Бұл өлке тарихи жәдігерлерге де бай.

Өз өлкесін білем деген оқырман қауымға таптырмас еңбек. Ендеше, достар, кітапты оқуға асығайық. Өткенді білуге құштарлық -  болашақ үшін рухани нәр іздеу.

                                                           Өлкетану әдебиеті бөлімінің кітапханашысы Б.Е. Алпысбаева

Әкімбеков Сұлтан

Әкімбеков С. Ауғанстан тарихы / С. Әкімбеков.- Нұр-Сұлтан: ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ, 2020.- 851 б.

Ауғанстан - Батыс пен Шығыс түйісетін жерде орналасқан. Ежелгі сауда мен көші-қон орталығы болып табылады. Бірнеше онжылдық бойы бүкіл әлем Ауғанстанға үлкен қызығушылық танытып отыр. Мұндағы ұзаққа созылған соғыстар, саяси және діни қайшылықтар мемлекет аумағында ауыр мұра қалдырды. Ауғанстан әлі күнге дейін қырғи-қабақ соғыстың жазылмайтын жарасы болып табылады. Оның тұрақты және орнықты мемлекет құруы тек Ауғанстанның өзі үшін ғана емес, бүкіл әлемдік қауымдастық үшін де маңызды міндет болып қала береді.

Ұсынылып отырған «Ауғанстан тарихы» кітабын кітапханамызға Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан зерттеу институты сыйға тартты.

Кітаптың авторы қазақстандық танымал жазушы, шығыстанушы ғалым Сұлтан Әкімбеков. Автор кітапта Ауған тарихы мен онымен шектес мемлекеттердің тарихы бойынша кең ауқымды мәселелерге тоқталған. Мұнда Үндістан, Иран және Орта Азия арасындағы жолдар қиылысында орналасқан маңызды елдің негізгі тарихи кезеңдері кешенді түрде қарастырылған.

Ауғанстан әрқашанда маңызды оқиғалардың бел ортасында орын алып, өз мүдделері үшін күрес жүргізген ұлы және өңірлік державалар арасында болды.

Ежелгі және орта ғасырлардағы ұлы империялардан бастап Британ және Ресей империяларының «Үлкен ойынына» дейін, «Талибаннан» американдық қатысуға дейінгі кезеңді қамтиды.

Зерттеу жалпыға қолжетімді дереккөздер мен ғылыми әдебиеттер негізінде орындалған. Бұл басылым кітаптың 2015 жылы жарыққа шыққан орыс тіліндегі нұсқасының қазақ тіліне аудармасы. Кітап көпшілік оқырман қауымға арналған.

Құрметті оқырман! Кітапханамызға сыйға тартқан жаңа кітаппен танысуға, оқуға шақырамыз!

Пошатаев Абдулмахмуд

Құрметті оқырмандар кітапханамыздың Өлкетану әдебиеті бөлімі Елордасы Нұрсұлтан қаласының ақыны, Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің  заңгері, «Прокуратура озаты» белгісінің иегері Абдулмахмуд Пошатаевтың сый кітаптарымен толықтырылды.

Пошатаев Абдулмахмуд Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданы, Кеңесарық елді мекенінде 1976 жылы 29 қазанда дүниеге келді. Азан шақырып қойған аты - Мұхаммед Әли Абдул Садыр. Қызмет атқарған жылдарында ҚР – ның Бас прокуроры , облыс прокурорлары тарапынан және Ақпарат және байланыс саласын дамытуға үлес қосқаны үшін марапаттарға ие болған. Заң саласында тынбай еңбек етіп, әдебиет саласына да өзіндік үлес қосып жүрген азамат.  «Жастық шақ жырлары» атты өлеңдер жинағының авторы. Бұл еңбекте: «Сөзде – сиқыр, Өлеңде – құдірет бар»,- деген екен Мұхаммед Пайғамбар!», - Екі ауыз өлең жазбайтын қазақ болмайды, десек те Алланың маған осындай тамаша өнер сыйлағанына шүкіршілік етемін, - дейді ақын. «Бірлігі, тірлігі бір ел болайық» өлеңінде:

Қазақта жүрек те бар, ақыл да бар,

Кез келді бар ізгілік мақұлданар.

Өткенді таразылап, ойды жинап,

Үш жүздің келді кезі жақын болар.

 

Мағжанның «Оян қазақ» деген сөзі,

Айтылған батқаннан соң өмір тезі.

Бірлігі, тірлігі бір ел болайық,

Кеш те болса оянар келді кезің!- деген азаматтық жыр шумақтарынан  ұлтына деген патриотты сезімді көруге болады. Елдің амандығын, жердің бүтіндігін тілеген ақын қазақтың жер - су атауларын, қыраттарын да жырына қосып, табиғатын өрнектеп өлеңіне арқау етеді.

Өлең өлкесінде бұрында тұшымды жинақтарымен танылған ақын Абдулмахмуд Пошатевтың «Елік ғұмыр» атты жыр жинағы  махаббат лирикасынан  елдік пен азаматтық рухтағы туындыларға дейін қамтылған. Әсіресе анаға арналған шығармаларының өзі бір төбе.Сонымен қатар қоғамдағы өзекті тақырыптар да ақын назарынан тыс қалмаған. 

Абдулмахмуд ақындығының ақжолтай мұраты мына төмендегі шумақ – жолдардан әдемі айшықталып көрінеді.

Жақсыға бәрі жақсы көрінеді,

Жаманның жолдарынан жерінеді.

Өмірге ғашық жанның жыры сұлу,

Өлеңі махаббатпен өріледі.

Анаға ән арнамаған сазгер, жыр арнамаған ақын жоқ шығар?! Өмір сыйлаған жанға деген құрметін қазақ әркез өлеңмен өрнектеген.  

Ол күзді жақсы көреді, неге десеңіз :

... Түйсігімде бір ой маздап санамның,

Сыйласа да қоңыр күзім маған мұң,

Күзді сүйем.

Күз ұнайды, өйткені,

Туған күні күзде еді анамның,- деген жыр жолдарынан анаға деген махаббаты, анасына деген сағынышы  айқын сезіледі. Ақын бірде, анасын аңсағанда:

«Найзағай болып жарқ ете қалшы, анашым,

Көктемгі жаңбыр төбеден жауып өткенде», деп толғанса, әке жайында:

Ұялып жүрмін,

Қысылып жүрмін,

Бетсіз бе ем?

Құдайым, сірә, сақтасын мені тексізден.

Тірегім менің, баласын ерек қорғаған,

Өмірдің мәнін үйрендім, әке тек Сізден, - деп ой түйеді.Осындай әзиз әкеден тәлім алған , сөз киесін ұғынған ақынның: «Намысымның семсерін қайрап алып, Талай тұрып кеткенмін жығылғанда»деген сөздерінен – ақ ақын рухының күштілігін байқаймыз. 

Сайып келгенде, қасиетті қара өлеңнің қауқарын орынды жұмсаған Арқа еліне жиен болатын Абдулмахмуд ақынның әдеби мұралары бүгінгі таңнан өз бағасын алды. Қазақ халқының мәйекті сөзінің уызына жарап өскен ақын шығармаларының тілі өрнекті, айтар ойы – ұтқыр. Оқып білуден, үйренуден, ізденуден жалықпайық.   

Құрметті оқырмандар, сіздердің жүректеріңізге сезімге толы жырлары мен азаматтық рухтағы жинақтары жол табады деген ойдамыз! Кітапханамыздан келіп танысып оқуларыңызға мүмкіндіктеріңіз бар!

                                                                Өлкетану әдебиеті бөлімінің кітапханашысы Б. Алпысбаева