Бастау

Өмір Кәріпұлы

Таныс бол, жаңа кітап!

«Өмкең - не жазса да, классикалық кононда жазатын жазушы. Кез келген шығармасын жедел оқып өте шығуға болмайды»

Төрехан Майбас

Өз атамекенінен аттап алысқа ұзамай, дархан даласын көркем сөзбен өрнектеп келе жатқан классик жазушымыз Өмір Кәріпұлы Алматы қаласынан жарыққа шыққан «Бастау» кітабын сүйікті кітапханасына арнайы сый ретінде жолдаған екен.

Жазушының бұл шығармасы тәуелсіз қазақ елінің кешегісі мен бүгініне арналған туынды.

Қарт қаламгердің бұл туындысы оқырманды ой тереңдігімен, тіл көркемдігімен баурайды.

Дүниеге өліп-өшкендер даланың аң-құсына ауыз салып, табиғат байлығын талауға түсіргені, соның салдарынан далада аң қалмағаны романда шыншылдықпен баяндалады. Ұлттық салт-дәстүрдің тоқ шоуға айналып, табиғаттың төл перзенті қазақ жұртының рухани деңгейінің жайдақталып бара жатқаны, даладай кең пейіл қазақ ұлтының ниет-пиғылы тарылып дүниеге мещандық көзқарастың етек алғаны кейіпкердің мінез құлқы арқылы ашылған, Жазушы роман идеясына романтикалық леп берген. Келешек күндерге деген сенім әр кейіпкердің бойынан табылып жатады. Аңдарды сөйлету арқылы далаға тіл бітіреді.

«Бастау» кітабын оқуға асығайық, кітап сүйер қауым!

Өмкеңе денсаулық тілеп, тағы да керемет құнды дүниелер күтеміз.

 

Кәріпұлы Ө. Бастау: роман. – Алматы: «Алгоритм» баспасы, 2022. – 552 б.