Ұлы даланың дара тұлғалары

Алтай мен Атырау арасын алып жатқан мына дархан төсін қанымен, терімен суарған ата-бабаларымыздың қасиетті күресінің заңды жемісі, нақты нәтижесінің айғағы – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл толуымен байланысты. Осы орайда 2016 жылы "ҚазАқпарат" баспа корпорациясының баспаханасынан "Ұлы даланың дара тұлғалары" атты ортақ айдармен "Қазақ хандары", "Қазақ би-шешендері", "Қазақ батырлары", "Қазақ тарихындағы әйелдер" атты танымдық жинақтар жарық көрді. Бұл жинақтарда – осынау тарих көшінде қазақ топырағында өз заманының биік тұлғасы болып қалыптасқан ұлағатты адамдардың өмір-тарихын қамтитын, қысқаша мәліметтер берілген. Осы жинақтар хақында Елбасы Н.Ә. Назарбаев "Бізге бабалар тұлпарларының тұяғымен жазылған ата тарихының әр парағы ерекше қымбат. Қазақтардың бүгінгі және болашақ буыны оны әрдайым орынды мақтан ететін болады" -дейді. Яғни, тарихты жасайтын ұлы тұлғаларымызды өскелең ұрпақтың ұлт мүддесіне қызмет етуіне жол ашатын бұл жинақтарды біздің кітапханамыздың қорынан алып, танысуларыңызға болады.

Қазақ хандары: танымдық жинақ /Құраст. Талас Омарбеков/. – Алматы, "Айғаным" баспа үйі, 2016. – 148 б.

Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланып өткеннен кейін құрастырылған бұл жинақта, тарихшы – ғалым Талас Омарбековтің қазақ тарихындағы хандар туралы зерттеулері, баспасөз беттерінде жарияланған еңбектері енгізілген. Жинақта қазақ хандығының тарихы қысқаша баяндалып, XV-XIX ғасыр аралығында билік еткен хандардың әрқайсысына жеке тоқталған. Аты танымал Тоқтамыс, Керей, Жәнібек, Кенесары хандармен қатар, аз уақыт болсын мемлекет тізгінін ұстаған Мамаш, Тоғым, Қаратай, Арынғазы хандар туралы мәліметтер кездеседі. Ел басына күн туғандағы хандардың билігін, ерен еңбегін ту ететін бұл жинақ өз оқырманы үшін құндылығы жоғары болары сөзсіз.

Қазақ би-шешендері: танымдық жинақ /Құраст. Серікқазы Қорабай/. – Алматы, "Айғаным" баспа үйі, 2016. – 204 б.

Қазақтың шешендік өнері XII ғасырда өмір сүрген Майқы биден басталатыны белігілі. Бұл жинақ XII-XX ғасыр аралығын қамтиды. Бір ерекшелігі, біз бұл жерден басқа кітаптарда есімі бұрын-соңды көп кездеспеген Шоған би, Әнет би, Құрмысы би, Біке шешен, Бегеш шешен және т.б. би-шешендерді таба аламыз. Мәліметтер танымдық – көпшілік басылымдар, энциклопедиялық анықтамалықтар, шежірелер мен Қазақ даласы туралы жазбалардан алынған. Қазақтың билері мен шешендері өздері ғұмыр кешіп отырған тұста ел өміріне араласып, даулы мәселелерді шешіп, бір тоқтамға келетін тоқтау сөздер айтып, шешендігімен билік жүргізген. Аталы сөзге хан да, қара да тоқталған. Сол айтылған шешендік сөздер осы жинақ ішінде берілген.

Қазақ батырлары: танымдық жинақ /Құраст. Серікқазы Қорабай/. – Алматы, "Айғаным" баспа үйі, 2016. – 148 б.

XVI-XIX ғасыр аралығында жаугершілік заманда ерен батырлығымен танылған қазақ батырларының ерлігі туралы мәліметтер топтастырылып, әр түрлі кезекті басылымдар мен шежірелерден, энциклопедиялардан алынып, өңделіп, осы жинақ бетіне шығып отыр. Сол кездегі Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Шақшақ Жәнібек батырлармен қоса Саңырық, Шынқожа, Шақантай, Жәпек, Елшібек батырларымыз туралы ақпарат берілген. Осы батырларымыздың елі үшін, жері үшін жан кешіп, аянбай тер төгуінің жемісі – кейінгі ұрпақтың тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп отыруының дәлелі.

Қазақ тарихындағы әйелдер: танымдық жинақ /Құраст. Серікқазы Қорабай/. – Алматы, "Айғаным" баспа үйі, 2016. – 148 б.

Жинақта қазақ даласында өмір сүрген, өздерінің көрегендегімен, ақылдылығымен, ерлігімен халықтың ықыласына бөленген Ұмай ана, Томирис, Зарина, Қарашаш сұлумен қоса ел ішінде көп атала бермейтін Марау ана, Зеріп ана, Бақтықыз, Ырысты ақындармен басқа да аналарымыз жайлы қысқа-қайырымды баяндалады.

Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен аналарымыздың тапқырлығы, парасаттылығы барша әйел қауымына үлгі-өнеге ретінде мұра болмақ.