Көкшетау – жанға сая

Тұла бойына Қазақстан табиғатының бар әсемдігі мен алуан түрлілігін аямай жинақтаған бұл өңір өзіне үнемі тартып тұрады. Жақсы білген сайын жаныңа жақын бола түскендей. Саф таза ауамен бірге сіздің ойыңыз анық, сезіміңіз нәзік, өзіңізге де, өзгеге де мейіріміңіз мол болмақ. Табиғаты тумысынан сұлу Көкше белгісіз бір жұмбақ жаратылыс. Көкшетау өңірінде тамашалауға тұратын ғажайып жерлер көп: табиғи ескерткіштер мен қорықтар, таулар мен көлдер және далалар. Барлығы да жанға сая боларлық мекен.

Көкшетау жерінің сұлулығымен қатар, ол жердің топырағы киелі. Олай дейтініміз, не бір қазақ тарихында орын алған атақты тұлғалар шыққан. Атап кетсем: ел басқарған – Абылай хан мен Кеңесары Қасымов; Елін, жерін қорғаған Бөгенбай батыр, Мәлік Ғабдулин, Рақымжан Қошқарбаев, Талғат Бигельдинов; Күш атасы – Қажымұқан Мұңайтпасов, Балуан Шолақ; Ақын, сері – Біржан сал; Жазушы – Ілияс Есенберлин; Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі – Сағадат Нұрмағамбетов. Олар туралы ақпаратты yvision.kz, kokshetau.narod.ru, және old.el.kz сайттарынан біле аласыздар.

Табиғаты көркем жерді аялап, сақтау мақсатында Көкшетау ұлттық саябағы құрылды. Саябақтың негізгі аумағы 151,1 мың гектар. Бұған көне қарағайлы орман, тоғайлы саяжайлар және бұрынғы Зеренді, Арықбалық, Озерный орман шаруашылықтары мен кәсіпорындары, Дубровский аң-орман шаруашылықтарының қайыңды-көктеректі ормандары, сондай-ақ, Имантау, Шалқар, Лобанов, Белый және суы қорғауға алынған Байсары көлдерінің аумағы кіреді. Географиялық саябақ Солтүстік Қазақстан аумағының орман-тоғайлы үстіртінде, Көкшетау қаласының батысында орналасқан. Саябақтың және оның қорғалатын аймағының кең аумағы адам мен табиғаттың ескі және қазіргі дәуірдегі дамуын бейнелейтін тарихи мұра ретінде бірегей табиғат мұражайы болып табылады. Саябақта 200-ге жуық археологиялық ескерткіштер, қола дәуірінен қалған қорғандар мен көне заманғы елді мекен орындары бар. Сырымбет тауының маңында 19-ғасырда тұрғызылған ағаш үй сақталған. Онда ұлы ғалым Шоқан Уәлихановқа тарихи-мемориалдық кешен ұйымдастырылған.

Бақта өсімдіктің 700 түрі, жан-жануардың 305 түрі, Қазақстанның барлық флорасы мен фаунасының 30%-на жуығы бар. Қазақстанның Қызыл кітабына енген ірігүл шолпанкебіс, теңге жапырақ шықшөп, шатырша қысшылшөп және Фукс сүйсіні өсімдіктері мен орман сусары, қызыл инелік, дала шегірткесі, сервильдің севчугі, дала сколиясы, көшпенді поляк сымыры сияқты сирек кездесетін жануарлар осы аймақты мекендейді.

Ұлттық саябақта: Шалқар және Зеренді санаторийлерінде стационарлық (емдеу-сауықтыру), Тұрпан, Имантау, Зеленый мыс, Дубрава демалыс базаларында қысқамерзімдік (маусымдық) демалыс түрлері ұйымдастырылған. Ол жерлерде жазда атпен серуендеуге, қыста спорттың тау-шаңғысы түрлерімен айналысуға болады.

Көкше өңірі жанға жайлы, ауасы таза, табиғаты дертке шипа болғандықтан көптеген демалыс орындарының бар екені мәлім. Бурабай курорты, Оқжетпес, Щучинск санаторийлері, Жеке Батыр, Голубой Залив және т.б. демалыс үйлері мен оқушылар лагерьлері орналасқан.

Елікті, Майбалық, Простоквашино, Сказка, Сары-бұлақ, Арасан демалыс базалары да осы аймақта орналасқан. Көкшетау ұлттық саябақ туралы толық мәліметтерді http://kokshe-gnpp-old.akmol.kz сайттарынан алуға болады. Сонымен қатар, visitkazakhstan.kz сайты арқылы алдын ала өзіңізге ұнаған демалыс орнына тапсырыс бере аласыз.

Сонымен қатар, Көкшетау қаласы және оның табиғаты, демалыс орындары, жалпы тыныс-тіршілігімен алдын ала танысамын десеңіздер, біздің кітапхана қорындағы төмендегідей кітаптар тізімін ұсынамын:

  • Қазақстанның қорықтары мен ұлттық бақтары: фотоальбом. – Алматы: Алматыкітап, 2009. - 281 б.
  • Орталық Азия таулары. – Алматы: Мектеп, 2009. - 359 б.
  • Көкшетау. – Алматы: Has Group, 2003. - 240 б.
  • Куйдин, Ю. И. Бурабай. – Алма-Ата: Өнер, 1985. – 208 с.
  • Терещук, В. Көкшетау: фотоальбом. – Омск: ГУИПП, 2000. - 272 б.
  • Көшімбаев, С. Сарыарқа. – Алматы: Қайнар, 1989. – 264 б.
  • Гусева, Л. А. Легенды урочища Бурабай. – Костанай: Толмач-Евразия, 2009. – 51 с.

Қазақстанның қай аймағын алып қарасақта табиғаты көркем. Ал, бүгінгі сіздерге ұсынып отырған, талай ақын жырға қосқан Арқаның кербез сұлу Көкшетауын суреттеуге сөз жетпейді. Ал, келесі жолы еліміздің өзге де аймақтары туралы мәліметтер өз кезегін табады.

Серікжанова  Айым - оқу залдары бөлімі