Мұңға толы махаббат

"Еңлік-Кебек" пьесасының алғашқы қойылымына 100 жыл                                                       

7 маусым күні осыдан 100 жыл бұрын, яғни 1917 жылы тобықты мен найман рулары арасындағы жесір дауы арқау болған М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы алғаш рет Абай ауылында қойылды.Қойылымның қоюшы-режиссері де, суфлері де Мұхтар Әуезов болған.Ойқұдық жайлауында қойылған «Еңлік-Кебек» пьесасы қазақ еліндегі жаңа өнердің тұсаукесері болды. Ойқұдықта бастау алған серпіліс бүгін егеменді елдің өркендеген өнеріне айналып, ұрпақ тәрбиесіне атсалысып келеді.

«Еңлік-Кебек» — қатыгез әдет-ғұрыптың құрсауында кеткен қос ғашықтың махаббаты, трагедиялық өлімі туралы баяндалған қазақтың әлеуметтік-тұрмыстық поэмасы. Поэманың негізгі идеясы ескі әдет-ғұрып пен ережеге қарсы шыққан ержүрек кейіпкерлердің бейнесін сомдай отырып, терең және адал махаббаттың атын шығару. Махаббаттың құзар биік шыңына шығып, ар алдында тәуекелге бел буғаны үшін Еңлік пен Кебек – мәңгілік махаббат символына айналды.

Мұхтар Әуезовтың драматург ретінде қазақ әдебиетіндегі орны еркше. Әуезовтың бірінші және өте ерте шыққан шығармаларының бірі "Еңлік-Кебек" пьесасы болатын, оның сюжеті ел аузында аңызға айналған Шекспирдің "Ромео мен Джульетта" пьесасындағы екі жастың қайғылы тағдыры, Монтеки мен Капулеттидің отбасыларының арасындағы алауыздық оқиғасына ұқсас.

Пьесаның түзетіліп, өңделіп, шын мәнісіндегі драматургия заңдылығына жауап беретін көркемдікке көтерілген екінші нұсқасы 1922 жылдың мамырында Ж. Айтмауытовтың режиссурасымен қойылды.

«Еңлік-Кебек» пьесасы жаңартылған түрінде әлі күнге дейін сахна төрінен түскен емес. Сол себепті ол облыстық театрлар мен көркемөнерпаздар үйірмесінің репертуарында берік орналасқан.

Гүлсая Қадырова.
Өнер туралы әдебиеттер бөлімі