Таныс бол және пайдалан

Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан да тиылар едік» – деген еді Ғабит Мүсірепов. Кітап таңдап талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсеріңді өмір қажетіңе жарата білу – әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғы шарттардың бірі.

Жақында кітапханаға арда азамат Тұрар Алтынбеков Қарағанды қаласы, Арко баспасынан жарық көрген  «Нілді.Өспен. Энциклопедия» кітабын  сыйға  тартты.

Қойнауы құт пен қазынаға толы шежірелі Шет өңірінің әрбір тасын түртсең тарих  сөйлейді. Сол ауданның Сәкен сері еңбек еткен, әрбір қарапайым еңбеккердің ет жақынындай Өспен өлкесінің тарихы тым тереңде. Бұл ауыл Нілді тауының бауырында, қос өзен – Жақсы, Жаман Сарысудың алабында орналасқан. Өндірісті мекеннің табиғаты қандай дархан болса, ол топырақта дүниеге келген, өсіп-өнген адамдар да соншалық тұлғалы.

Ауданның атқамінер ел ағалары  ақыл қосып, аптал азаматтар, тарихшылар құрастырған «Нілді. Өспен» энциклопедиясы тарихы тұнған шежіре өлке туралы сан-салалық бағыттағы ақпаратты білгісі келетін көзі қарақты оқырманның патша көңілінен шығып, кәдесіне әбден жарайды деген үміттеміз.

Нілді-Өспен өңірінің 170 жылдығына арналған бұл энциклопедия көпшілік қауымға арналған.

Өлкенің тарихын білуге асығыңыздар!